Елбасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламасы бойынша өлкетану жұмыстарын жандандыру Ақжайық ауданында басты назарда ұсталуда. Аудандық тарихи-танымдық экспедиция өткен уақытта біраз тәжірибе жинақтады. Экспедиция биыл да біраз ауқымды істерді жоспарлады. Ал биылғы алғашқы сапар Көнеккеткен ауылдық округіне арналды.
Әрине, бұл Көнеккеткенге бірінші сапар емес. Өткен жазда мұнда көне эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеуді қолға алынған-ды. Белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлына 8 құлпытасты оқытудың өзі зерттеушілерді іске одан әрі жігерлендірді. Көне жазуды оқи алады деген жандармен хабарласып, Бөкей ордасы тарихи мұражай кешенінің бөлім меңгерушісі Гүлмару Самиғоллақызына 21 құлпытасты оқыту және 24 құлпытасты фотоға түсіріп зерттеуге дайындау атқарылды. Ізденіс жалғасуда.
Толық оқылған құлпытастардың ішінде мысалы, ерекше көзге түскенінің бірі – Өтеген Ерубайұлынікі. Оның моласы Қойбас қорымында. Ол Үкі би заманында би, старшын болған екен. Осы кісі туралы әлі де тың деректер жиналуда. Мектепте биыл өлкетану мұражайының ашылуы да жас ұрпақтың толымды тәрбиесі үшін қарымды бір қадам болды. Мұнда, мысалы, «Құлпытастар – кешегінің куәсі, бүгінгінің – иманы» айдарымен материалдар толықтырылуда. Атажұрттың рухын асқақтату, ұл-қызға туған топырақтың қадір-қасиетін тереңірек ұғындыруға ұмтылыс деген осы емес пе?
Ауыл азаматтары, мұғалімдер экспедициямен ынтымақта ауылдан 6 шақырымдай жерде орналасқан Қойбас қорымына да назар аударып келеді. Профессор М.Вяткиннің «Сырым батыр» деген еңбегінде айтылғандай, Қойбас би Исатаймен, Жәңгір ханмен тұстас, ел билігіне араласқан. «Сондай-ақ Әйтімбет қорымы да терең зерделеуді қажет етеді»,-дейді олар. Бұл қорымда 50-ден астам құлпытас бар. Мұнда қазақ тарихында өзіндік орны бар тұлғалар да, сәулет өнерінің үздік туындысы саналатын әдемі ескерткіштер де көп.
Экспедиция мүшелері округтің Кеңсуат ауылы іргесіндегі Шеңберсай қабағында орналасқан Шалқар – Қарасу болыстық мектебінің орнында болды. Мұнда И.Қашқынбаев, М.Жолдыбаев, Д.Асанов сынды ақжайықтық Батыс Алашорда қайраткерлері білім алған.
– Бүгінде кірпіштерінің сынығы ғана қалған, аумағы атшаптырым білім ордасына маңдай тірегенде, алашордашылар рухымен тілдескендей күй кештік. Сол жердің ерекше аурасының әсері ме, әлде өзім көңіл ауанына берілдім бе, білмеймін, бүгіннен бір ғасыр бұрын Алаштың ақ туын желбіреткен сол боздақтардың бала күнгі іздерін мектеп ауласынан іздей бердім. Болашақта бұл жерге ескерткіш орнату жөнінде тұрғындар бастама көтеріпті. Сөз жоқ, құптарлық сауапты іс болар еді. Ауыл-елдің өткенді білуі келешекке берік көпір қалайды.
Сонымен бірге Кіші Қарасу, Қайлау, Қызыл Ақырап, Қамыстыкөл, т.б. қорымдарда болдық. Бұларда арабша таңбаланған жүздеген қадау-қадау құлпытастар мен кезінде зәулім етіп сазбалшықтан тұрғызылған қабырүсті бөліктерінің бүгінгі үйінділерінен көненің күмбірі жаңғырғандай сезімде болдық. Аталған орындар күні бүгін де әрине, көнеккеткендіктер үшін қастерлі саналады. Есімдері бүгінге аңыз-әңгіме болып жеткен әулиелерге, белгілі діни ағартушыларға, халық емшілеріне жергілікті тұрғындар зиярат етеді, басына ақтық байлап, түнейді, құрбандық шалады. Батырлардың, рубасыларының ерлік жорықтары мен халқына жасаған қамқорлығы жастар арасында, мектептегі тәрбие сағаттарында жиі әңгімеленеді. Жас ұрпақтың атамекен шежіресінен білімінің толығуы бүгіндегі ақпараттық агрессиядан қорғану, рухани дағдарыстан ада болу деген сөз,-дейді экспедиция құрамындағы журналистика ардагері, өлкетанушы Бақтығали Қоспаев.
Аты аңызға айналған Әйтімбет (Әйтімбет Қаратайұлы), Әліп батырлардың, аруақты Қаймош ата мен Қайлау бабаның, Қожабек, Керей есімді әулиелер жайында деректер де осы сапар барысында олардың күнделігіне түсті. Қайлау қорымы мен Тайлан құдығы, Нарөлген және Жезбұға атауларына қатысты әңгімелер жазып алынды. Соның бәрі келер күндердегі арнайы жинаққа енгізілетін болады.
Бекем БЕКҰЛЫ
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz