20.08.2018, 18:36
Оқылды: 60

БҚО тәртіп сақшылары қылмысты ашудан алда келеді

DSC_0500Облыста биылғы 7 айдың ішінде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық саны 14,7%-ға төмендеген, соның ішінде ауыр түрлері 17%-ға, ауырлығы орташа қылмыс 11,9%-ға, ауырлығы онша емес қылмыс түрлері 22,5%-ға азайған. Бұл туралы БҚО ішкі істер департаментінде аталмыш құрылымның барлық бөлімшелері басшыларының  қатысуымен  өткен брифингте айтылды.


Департаменттің қылмыстық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Рауан Мусиннің айтуынша, өңірдегі жағдай тұрақты және бірқатар қылмыс түрінің саны, соның ішінде денсаулыққа қасақана зиян келтірумен байланысты қылмыс 8,2%-ға, зорлау 44,2%-ға, бұзақылық  31,3%-ға, тонау 9,7%-ға, алаяқтық 15,2%-ға азайған. Сондай-ақ мал-мүлікті және ұялы телефонды, көлікті ұрлау санының көрсеткіштері төмендеген.

- Қылмыстың барлық түрі бойынша қылмысты ашу көрсеткіші жоғарылады. Өткен жеті айдың қорытындысы бойынша облыстық ішкі істер департаменті республика бойынша ауыр және аса ауыр қылмысты ашу бойынша көшбасшылық позицияда, яғни 2-орында. Ал ауырлығы орташа және ауырлығы онша емес қылмыс бойынша 3-орында. Кісі өлтіру, зорлау, бопсалау сықылды қылмыс түрлерінің ашылуы 100 пайызды құрайды, - деген Рауан Мусин қоғамдық резонанс тудырған бірқатар қылмыстың ашылуына тоқталды.

Биылғы 19 наурызда Оралдағы үйлердің ауласының бірінен Д. деген әйелдің мүрдесі табылды. Қылмыстық және жергілікті полиция қызметтерінің үйлесімді және уақтылы іс-қимылының арқасында күдікті 1990 жылғы А. есімді азамат ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Кейін ол сот үкімімен12 жылға бас бостандығынан айыру жазасына тартылды. Биыл жазда Ақсайдағы валюта айырбастау пунктінің қосалқы бөлмеcі ішінде қасақана кісі өлтіру белгілерімен 1966 жылы туған А. есімді азаматтың мүрдесі табылды. Сотқа дейінгі тергеп-тергеу барысында аталған дерек бойынша Бөрлі ауданының тұрғыны П. деген азамат ұсталып, одан суық қару тәркіленіп алынды. Қазіргі кезде қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу амалдары жүргізілуде.

Биылғы 28 шілдеде бұталар арасынан қасақана кісі өлтіру белгілерімен жасы кәмелетке толмаған қыздың мүрдесі табылды. Бұл қылмыс бойынша бір тәулік ішінде күдікті А. деген азамат ұсталып, қамауға алынды. Осы факті бойынша полицияның Приуральный бөлімі ҚК-ның 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.  Сондай-ақ биыл 12 маусымда Еуразия көшесінде сансыз пышақ жарақатынан жантәсілім еткен 20 жасар жігіттің өліміне қатысты күдікті ұсталып, оған қатысты тергеу амалдары аяқталған. Қазір қылмыстық іс облыстық  прокуратураға жолданған.

Тамыздың 25-і күні Самара – Шымкент бағытындағы күре жолдың бойындағы Жымпиты ауылына бір шақырым жердегі «АСКО» сақтандыру компаниясының дүңгіршегін белгісіз біреулер тонады. Сақтандыру компаниясының қызметкеріне күш көрсетіп, байлап тастап, одан кейін ақша мен 20 дана сақтандыру бланкісін «сыпырып» алған. Бұл қылмыстық іс дер кезінде ашылды, екі батысқазақстандық ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Оралда 16 мамырда Сейфуллин көшесіндегі үйлердің бірінің терезесінің темір торын қайырып, ішке енген белгісіз тұлғалар сейфтен жалпы құны 18 млн. 810 мың теңге болатын ақша мен алтын бұйымдарды ұрлаған. Қылмыстық полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру шаралары нәтижесінде 1986 жылғы Р. есімді күдіктінің «ізі» анықталды. Қазіргі уақытта сот шешімімен  Р. Тешаев кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Өткен 7 айдың ішінде департамент қызметкерлері өзгенің мүлкін ұрлаудың 1873 фактісі бойынша 1341 тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тартқан. Пәтерлерден ұрлаудың 58 фактісі дәлелденіп, пәтер ұрлығымен айналысатын 37 «пәтершіл» топ жауапкершілікке тартылды. Осындай ұрлық фактілері ашылуының арқасында биыл сәуір айында Оралда  2017-2018 жылдары 16 пәтер ұрлығын жасаған 1997 жылғы Т. есімді азамат  2 жыл 6 айға сот үкімімен бас бостандығынан айырылды.

Басқосуда жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Кенжебек Қоспаев есепті мерзім ішіндегі жол-көлік оқиғаларына талдау жасады. Оның айтуынша, 7 айда өңірдегі жол бойында 169 жол-көлік оқиғасы болып, 188 адам дене жарақатын алған. Балалардың қатысуымен 24 жол-көлік оқиғасы орын алып, 3 бала қаза тапты және 24-і түрлі дәрежедегі жарақат алған. Жол қауіпсіздігі шаралары барысында 49426 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған, оның ішінде 922-сы көлік құралын мас күйде айдау фактісі бойынша тіркелген.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале