Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта Ұлттық сараптама орталығының бастамасымен аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Қауіпсіз тағам таңда!» акциясын ұйымдастырды.
Тағамның қауіпсіздігін бақылауға алу мақсатында өткізілген бұл шара шеңберінде «Ақжайық» сауда үйінде тұтынушылар сатып алған тағамдарының бактериологиялық жарамдылығын шұғыл анықтайтын «HY-LITE-2» экспресс-анализатор құрылғысы пайдаланылды. Ұлттық сараптама орталығының БҚО филиалының дәрігер-бактериологы Асылбек Ахатов сараптамадан өткізілген сүт, дайын тағам түрлері, тағы басқа тауарлар көңілден шығатынын айтты. Сондай-ақ сараптама жүргізу барысында «Шадринское» сүтінің бактериологиялық көрсеткіші 2,1, ірімшік 1,05 термиялық өңдеу сапа бірлігін құрап, қалыпты жайды көрсетіп отырғандығын әңгімеледі.
Акция аясында аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Бауыржан Майданов, жетекші маманы Айгүл Боранова, аудандық сараптама орталығының зертханашысы Жадыра Әбуғалиева тұрғындарға жедел ішек ауруынан абай болу, дұрыс тамақтану ережелерін сақтау жайында әңгімелеп, сұрақтарға жауап қайтарды. Тұтынушыларға «Тағам қауіпсіздігі» атты жадынама таратылды.
Әли АСҚАР,
Ақжайық ауданы
Суретті түсірген автор
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!