1.10.2019, 18:14
Оқылды: 44

Тұмаудың қармағына түсіп қалмаңыз

Жіті респираторлық вирусты жұқпалар (тұмауға ұқсас аурулардың) және тұмаудың эпидемиологиялық маусымы осы қазан айынан бастап, алдағы жылдың мамыр айына дейін созылмақ. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев мәлім етті.

0962f250-5a14-44a1-8cf6-b9cdc54243b5

Өткен жылдың эпидемиологиялық маусымында облыста тұмаудың 113 жағдайы тіркелген. Оған қоса өңірде риновирус, РС вирусы, парагрипп, метапневмовирус, бокавирус және аденовирустар тұмауға ұқсас вирустардың да қоршаған орта айналымында болған. Тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі саналатын вакцинацияға жыл сайын облыс тұрғындарының 10%-дан астамы жүгінеді. Былтырғы маусымда 65 415 адам тұмауға қарсы (жалпы халықтың 11,8%) вакцина алған, соның ішінде жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа 60 000 адам егілді.

-Биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 56 млн. теңгеден асатын қаражатқа 65 000 доза Ресейде өндірілген «Гриппол +» вакцинасы сатып алынды. Вакцинада A (H3N2) және A (H1N1) және B тұмауының антигендері бар. Алдағы эпидемиологиялық маусымда облыста тұмау вирусының 4 штаммының, яғни A (H1N1) - A/Brisbane, A (H3N2) - A/Kansas, B – Колорадо, Рhuket вирусы қоршаған ортада болуы ескеріліп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен Қазақстанда қолданылатын вакциналардың құрамына енгізілді, - деді Нұрлыбек Мұстаев.

Тұмауға қарсы тұмаудан кейінгі ауыр асқынулары болуы мүмкін және инфекцияның жоғары қаупі бар халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары ақысыз негізде екпе алады. Олардың ішінде медициналық қызметкерлер, алты айдан асқан жиі ауыратын бұл-қыз, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының және балалар үйінің тәрбиеленушілері, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі әйелдер, эпидемиологиялық көрсеткіштері бойынша және жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, қарттар үйінің контингенті бар. Сонымен қатар тұмауға қарсы екпені әрбір адам ақылы түрде облыстағы ақылы егу кабинеттерінен («Талап» ААҚ, «Интертич» медициналық орталығы» ЖШС және тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханалардан) ала алады. Екпенің бағасы - шамамен 2-3 мың теңге.

Әйтсе де, «сақтансаң сау боларсың» демекші, тұмаудың алдын алуда екпеден басқа да сақтық шараларын ескерген жөн. Мамандар халық көп жиналатын жерлерге баруды шектеуді, бір реттік маскаларды жабық бөлмелерде және адамдар көп жиналатын жерлерде қолдануды, түшкіру немесе жөтел сияқты аурудың белгілері бар адамдармен байланысты шектеуді ұсынады. Сондай-ақ жеке бас тазалығын сақтауға, әсіресе, көшеден келгенде және қоғамдық көліктен кейін қолды сабынмен және мұрын қуысын тұзды ерітіндімен жууға, бөлмені жиі желдетуге кеңес береді. Қысқасы, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, үнемі жаттығулар жасау арқылы тұмаудың «қармағына» түспеуге болады.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале