Қыс басталысымен халықмыздың соғым сою дәстүрі басталады. Соғым – қазақтардың ғасырлардан келе жатқан салты. Оған дайындық та ерте басталады. Арқа кеңіп, көктем күшіне енісімен «қыс қамын жаз ойлайтын» ел алдағы сояр соғымын сайлайды.
Жалпы «соғым» деген сөздің мағынасы сонау алғашқы қауымдастық кезеңнен келе жатқан сияқты. Ол кезде қысқы аязда нәр болар азық аңшылықпен, яғни «соғып алу» арқылы жиналған. Сосын азықты бір жерге, ортаға жинап, қауым содан бөліскен. Ал бертін келе жабайы аңды қолға үйретіп, қысқы «соғымды» қамтамасыз етіп отырған. Қазақтар «өле жегенше, бөле же» деп, көнеден қалған үрдісті сақтап қалған ел. Қазір де соғым сойған үй қазан асып, көршілеріне дәм татқызады. Мол етті қалай сақтаймын деп бас ауыртудың да қажеті жоқ. Қысқы аяздың өзі – табиғи тоңазытқыш.
Сонымен бүгінгі еттің бағасы қандай? Базарда ірі қара етінің келісі - 1700-1800 теңгеден. Жылқы еті одан да қымбат. Келісі - 2000 теңге. Соғымдық ірі қараның салмағы кемінде 90-130 келі болады десек, құны 160 000-230 000 теңге. Жылқы соямын десеңіз, шамамен 200 000-400 000 теңгені шытырлатып санап беруге дайындала беріңіз. Ауылдық жерде де арзан ет жоқ. Мысалы, Теректі ауданының Шағатай ауылында соғымдық сиырдың құны 300 000 теңге көрінеді.
Осы ретте, мына бір жайды да айта кетелік. Бұрынғылар сойылған малдың етін «жетілсін» деп әуелі жайып қойған. Ғылыми тілмен айтқанда, бұл биохимиялық процесс еттің ферменттелуі үшін керек. Жаңа ғана сойылған етті бірден тоңазытқышқа тоғытса, ферменттелуі жүрмеген ет қатты болып, сорпасының бабы болмайды. Базардан алған еттің пісуі ұзақ, сорпасы дәмсіз болуы да сондықтан. Ата-бабамыз етті сақтаудың да бірнеше әдісін – кептіру, қарынға салу, мұздату, сүрлеу, ыстау, қар астына көмуді қолданған.
Сондай-ақ бүгінде ішек-қарынды тазартып алатын келін-кепшік те азайған. «Иісі жаман», «ешкім жемейді», «мен тазалау білмеймін» деп далаға аудара салады. Бұрын әже-аналарымыз дәмді қылып сиырдың ішегінен шұжық жасайтын. Қазіргі дүкендегі сол шұжықтардың жұлығына да татымайды. Ал қазы айналдыру өз алдына бір өнер.
Атам қазақта мынадай да дәстүр болған. Өз заманының бай-бағландары қоңсы отырған, тұрмыс жағдайы нашар жандарға соғым беріп, қыстан аман шығуына қамқорлық жасап отырған. Сол үрдісті қайта жаңғыртып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, бас көтерер азаматы жоқ жанұяларға, жалғыз басты қарияларға, кембағал жандарға соғым сойып беретін жомарт жандар табылып жатса, тіптен құба-құп.
Камелия Өтеу
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер