7.02.2020, 16:40
Оқылды: 39

Альберт Есалиев, Казталов ауданының әкімі: «Қосөзен  жұртының ісі ілкімді, еңсесі биік»

 

2019 жыл ауданымыз үшін жарқын оқиғаларға толы болды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берген бірқатар мемлекеттік бағдарлама аудан халқының да әлеуетін арттыруға өз септігін тигізді.

Жалпы, былтырғы жылы бюджеттің орындалуы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешені мен шағын бизнесті дамыту, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, жастарды жұмыспен қамту бойынша ілкімді істер қолға алынды. Аудан бюджеті 2018 жылы
7 млрд. 544 млн. болса, 2019 жылы 9 млрд. 200 млн. теңгені құрап, 22%-ға артты.

Асыл тұқымды ірі қара 4 мыңға жуықтады

 «Малым – жанымның садағасы» деп білетін дана халқымыздың өмірінде төрт түлік басты рөл атқарып келеді. Бүгіннің өзінде төрт түлігін түгендегендердің несібесі молынан болып тұрғаны рас. Әсіресе, мал өсіріп, оның пайдасын көріп жатқандар ауданымызда баршылық.

qaztalov (1) esaliev

Бүгінгі таңда шаруашылықтардың өркендеуіне, бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндіруіне «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде барлық жағдай жасалуда. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен 651 шаруа қожалығы айналысады. Атап айтсақ, түйе 191, жылқы 25 350, мүйізді ірі қара 85 мыңға жуық, қой-ешкі 231 мыңнан асып, ауданда төрт түлік малдың өсімі байқалып отыр.

Тоғыз шаруашылық асыл тұқымды 850 мүйізді ірі қара малын сатып алды. Қазіргі таңда асыл тұқымды мүйізді ірі қараның мал басы 3901-ге жетті. Мал тұқымын асылдандыруға 2018 жылы 808 млн. 700 мың теңге  субсидия берілген болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 977 млн. 400 мың теңгеге жетіп, 21%-ға  артты.

Өткен жылдың қараша айында өңіріміздегі ауқымды инвест-жобаның бірі – Талдыапан ауылдық округінің Қайшақұдық ауылында жалпы құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын «Мясная индустрия» ЖШС мамандандырылған мал бордақылау кешені іске қосылды. Мал бордақылау кешенінің қуаттылығы 5100 ірі қара малына арналған. Өндіріс технологиясы тірі салмағы 200-250 келі тартатын ірі қара төлдерін сатып алып, одан әрі 450-500 келі салмаққа жеткізуге негізделген. Бордақыланатын малға азықты тарату жұмыстары толықтай аутоматтандырылған. Кешен 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта агрохолдинг мал бордақылау алаңының қуаттылығын 20 мың ірі қара малына жеткізуді көздеп отыр. Бұл болашақта облысымызда етті мал шаруашылығының дамуына оң ықпал берері сөзсіз.

qaztalov (1)

Аудан тұрғындары мен шаруа қожалықтары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы», «Казталов» несие серіктестігі және «Еңбек» бағдарламасы арқылы 1 млрд. 31 млн. 356 мың теңге несие алды. Былтыр «ҚазАгроҚаржы» АҚ БҚО филиалы бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалпы құны 718 млн. 524 мың теңгеге 68 трактор және 86 қосалқы техниканы лизингке сатып алып, машина-трактор паркін жаңартуға қол жеткізілді.

«Жайылымдық жерлерді суландыру және шалғайдағы шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету бойынша инфрақұрылым тарту» бағдарламасы аясында шаруа қожалықтары 14 құдық қазып, 75 күн сәулесі қондырғысын  орнатты. Мақсатқа сай пайдаланылмаған 42 мың 054 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Күні бүгінге 618 700 гектар жайылымдық жердің 91%-ы, яғни 562 мың гектары цифрландырылды.

Шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін өткен жылы жалпы көлемі 196 167 га 212 жер учаскесі, соның ішінде инвесторларға 1 600 га жер учаскесі пайдалануға берілді. №55-ші лиман суландыру жүйесін қалпына келтіру жұмыстарының бірінші кезеңі 2018 жылы басталып, 1600 га жерді қамтитын суландыру жүйелері жөнделіп, пайдалануға берілсе, 2019 жылы 102 млн. теңге бөлініп, бүгінгі таңда қосымша 2400 га құрайтын суландыру жүйесінде жұмыстар аяқталуда. Аудандағы егістік жердің көлемі 2018 жылы 512 га болған болса,  бүгінгі таңда 919 гектарға жетіп, 80%-ға артып отыр.

Көп пәтерлі  екі  тұрғын  үй пайдалануға  берілді

Ауданымызда кәсіпкерлікті дамыту шаралары кеңінен жүзеге асырылып келеді. Аудан бойынша 1388 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Былтыр сегіз жанар-жағармай бекетінің бірі – «Москвичи» бекеті халықтың сұранысына сай күрделі жөндеуден өтті. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы бір жеке кәсіпкер балаларға арналған ойын-сауық және демалыс орталығын ашуға 2,5 млн. теңге грант ұтып алды.

qaztalov (2)

Тұңғыш Президент күні аудан халқы тағы бір қуаныштың куәсі болды. Аудан орталығында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ бөлімшесінің ашылуы тұрғындар үшін өте ыңғайлы, оған қоса орта және шағын бизнестің дамуына оң ықпал етері сөзсіз.

Тәуелсіздіктің арқасында облыс, аудан орталықтарында тұрғын үй нысандары бой көтеріп, қарапайым халықтың игілігіне берілуде. Жыл санап халық саны артып келе жатқан аудан орталығы Казталовта және Жалпақтал ауылында халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтсақ, былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы құны 218 млн. 744 мың теңгеге 12 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, мүмкіндігі шектеулі және көп балалы отбасыларға берілді. Жалпы 24 отбасы, соның ішінде 100 бала баспанамен қамтылды.

13 елді мекенге газ тартылуда

Сапалы өмір  сүру үшін адамға тұрғын үймен қатар, тұрмыс-тіршілікке қажетті таза ауыз су мен көгілдір отынның, сапалы жолдың аса маңызды екенін әркім біледі. Сусыз тынымды тіршілік,  мардымды еңбек болмайды. Шалғай елді мекендерді ауыз сумен қамту – алдыңғы қатардағы мәселелердің бірі.

qaztalov (3)

Казталов ауданында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында шалғай елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз етуде оң қадамдар жасалуда. Өткен жылдың шілде айында «Лекер» бірінші су көтергіш стансасынан Казталов ауылына дейін су құбырының құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар Көктерек ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта құру жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Аталған бағыттағы жұмыстардың жалпы құны 331 млн. 576 мың теңгені құрады. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының таза ауыз сумен қамтылуы 80%-ға жетіп отыр.

Ауданымыздың 13 елді мекеніне газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Серік, Сарықұдық, Қайшақұдық, Талдыапан, Қособа елді мекендерінде газ тарту жұмыстары аяқталып, аудан халқының 81%-ы көгілдір отынмен қамтылды.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жергілікті деңгейдегі жолдарды қалпына келтіруге және дамытуға басымдық берілуде. Осыған орай аудан орталығына қатқыл табанды жол жақындап келеді. Ауданымызға қатысты 210 шақырым республикалық жолдың соңғы жылдары 104 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілді. Соның ішінде өткен жылы 3 млрд. 164 млн. теңгеге 18,4 шақырым жолға асфальт төселді. Сонымен қатар ауылішілік жолдар да жөнделіп, халықтың тұрмысын жақсартуға өзіндік септігін тигізуде.  Атап айтсақ, Жалпақтал, Жаңажол ауылдарына 1 млрд. теңгеге 10,2 шақырым аутомобиль  және  ұзындығы  4,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселді.

Халықтың әлеуметтік жағдайы – басты назарда

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, тұрмыс деңгейін арттыру мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Жалпы, аудан бойынша 1215 отбасына немесе 6889 адамға 843 млн. 11 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Өткен жылы халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту мақсатында 1274 адам түрлі жұмыстарға тартылды. Соның ішінде жаңа құрылған 756 жұмыс орны бойынша 569 адам тұрақты жұмысқа тұрды. Кәсіби және қайта даярлау курстарында 249 адам оқытылды, соның ішінде 183-і жұмыспен қамтылды.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатындағы 48 млн. 480 мың теңге қайтарымсыз грантқа 109 адам қол жеткізді. «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне 248 адам, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 70 адам оқытылып, сертификатқа ие болды.

2019 жылы жалпы құны 61 млн. теңгеге Көмекші, Сатыбалды, Жас, Әбіш, Бестерек, Жұлдыз ауылдарының  медициналық ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Денсаулық саласына 16 млн. теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынды.

Ауданымызға алты дәрігер маман келіп, қызмет атқаруда. Сонымен бірге былтыр Казталов, Талдықұдық, Ақпәтер ауылдарында төрт медициналық аутокөлік пайдалануға берілді. Қазіргі таңда медицина саласында медициналық құжаттарды қағазсыз рәсімдеу қызметі және дәрігерлерге жазылу үшін «К врачу» мобильдік қосымшасы енгізілуде.

Жылдан-жылға білім саласын қаржыландыру арта түсуде. Мәселен, 2018 жылы білім саласын қаржыландыру көлемі 3 млрд. 361 млн. теңге болса, 2019 жылы 4 млрд. 583 млн. теңгеге артты. Бұл  білім саласына деген үлкен қолдау деп білеміз. Осының нәтижесінде 284 ұстаздың жалақысы 15%-ға өсіп отыр. Ауданымыз бойынша 2019 жылы 39 түлек «Алтын белгі» және 10 түлек «Үздік аттестат» иегерлері атанды.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Бостандық орта жалпы білім беретін мектебінде және Казталов мектеп-лицейінде құны 6 млн. 640 мың теңгені құрайтын 2 IT сынып ашылды. Мектептердегі компьютерлік жабдықтарды толықтыру мақсатында төрт мектепке қосымша 40 компьютер берілді. 10 мектеп «Электронды журнал» жобасына толығымен көшірілді. Бұл ата-аналарға, оқушыларға және мектеп әкімшілігіне өзара мектеп қатынастарын онлайн жүргізуге мүмкіндік берді.

Қошанкөл ауылындағы Ғали Бегалиев атындағы орта мектепте «Жас сарбаз» әскери-патриоттық кабинеті ашылып, оған 4 млн. 800 мың қаражат бөлінді. Кабинеттің ашылуына өскелең ұрпақты бабалар дәстүріне сай етіп, ерлік рухта тәрбиелеу негіз болып отыр. Әскери-патриоттық тәрбие беретін арнаулы сыныпқа 6-сынып оқушыларынан 25 жас сарбаз қабылданды. Өрендердің ұлт тарихын мақтан тұтып, рухы мықты, ел патриоты болып өсулеріне ықпал ететін «Жас сарбаз» сыныбына үлкен үміт артып отырмыз.

49,6  млн.  теңгеге 32  жоба  жүзеге  асты

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында игілікті іс-шаралар ауданда жылма-жыл жалғасын табуда. Аудан бойынша ауыл түлектері мен кәсіпкерлердің қолдауымен 2019 жылы 49 млн. 600 мың теңгеге 32 жоба жүзеге асты. Соның ішінде Ақпәтер ауылының тұрғыны Самат Хасанов 16 млн. теңге қаражатқа туған ауылына фельдшерлік-акушерлік пункт салып берсе, Талдыапан ауылында «Асқар» шаруа қожалығының жетекшісі Дархан Аябалиев 1 млн. 200 мың теңгеге хоккей қорабын орнатты.

Сонымен қатар Жалпақтал ауылында әр жылдары бітірген мектеп түлектерінің демеушілігімен 2 млн. теңге қаражатқа демалыс орталығына «Мұнаралы сағат» сәулет кешені орнатылса, Ғ. Молдашев мектебінің ауласына 8 млн. теңгеге футбол ойнауға арналған спорт алаңы және құны 1 млн. 700 мың теңгеге баскетбол, волейбол ойындарына арналған «Толағай» балалар спорт алаңы жасақталды, ал «Жастар» саябағына 4 млн. 800 мың теңге қаражатқа «Ратон» сәулет кешені орнатылса, Казталов ауылындағы «Достық» саябағының кіреберісіне құны 1 млн. 700 мың теңге болатын LED экран орнатылды.

 «Smart  Kaztalov»  мобильді қосымшасы  іске қосылды

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар жоспарына сай аудан бойынша 1196 адам цифрлық сауаттылығын арттырды. Сонымен қатар шалғай орналасқан Болашақ, Қараоба, Қошанкөл, Талдыапан, Жұлдыз, Көктерек, Ақпәтер, Жаңажол, Бостандық, Нұрсай, Әжібай, Қараөзен ауылдарында өз-өзіне қызмет көрсету кабинеттері жұмыс істеп тұр.

2019 жылдың мамыр айынан «Smart Kaztalov» мобильді қосымшасы іске қосылды. Телефонның көмегімен балабақша кезегін бақылап, коммуналды қызметтерді төлеп, білім беру, денсаулық сақтау, көлік, жер қатынастары және басқа да салалардағы аудандық қызметтер туралы маңызды ақпараттарды алуға және онлайн сервисті тегін қолдануға кең мүмкіндік жасалған. Ауданымызда Ақпәтер, Бостандық, Әжібай, Жаңажол, Қоныс, Казталов, Қайыңды, Қараоба, Қарасу, Қошанкөл, Нұрсай елді мекендеріне талшықты-оптикалық байланыс жеткізілді. Бұл өз кезегінде аудан халқын жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуге жол ашты.

29  жас  маман  баспаналы  болды

Өткен жылы ауданда Жастар жылына орай өскелең ұрпақты қолдау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды, бірнеше бағыт бойынша жобалар іске асты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен тұрғын үй сатып алу үшін 29 маманға 87 млн. 377 мың теңге бюджеттік несие беріліп, барлығы да баспаналы болды. 50 маманға 8 млн. 837,5 мың теңге көтерме жәрдемақы берілді. Ал «Жасыл қала – жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасы аясында 60 студент «Жасыл ел» еңбек жасақтары құрамында маусымдық жұмыстарға тартылды. Ауыл жастарының бос уақытын қызықты әрі тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында былтыр Жалпақтал ауылдық округінде «Жалын» коворкинг орталығы ашылды.
«Zhas Project» жалпыұлттық жастар жобасының бастау алуы жұмыссыз жастарымызға зор қолдау болды. Аталмыш жоба бойынша 17 жас 1 млн. теңгеден қайтарымсыз грант алды. Жастар жылына орай еліміздің әр аймағында қызмет етіп жүрген жастардың қатысуымен облыстық деңгейдегі «Ел ертеңі – жастар» форумы, «Жайдарман», «Көңілді тапқырлар алаңы» ойындары, «Жақсылық жаса!» жобасы оздырылды.

Қосөзен қойнауындағы ауданда атқарылған жұмыс қыруар, дегенмен алда тұрған міндет те ауқымды. Биыл Казталов ауылында А.Оразбаева атындағы 600 орындық мектептің құрылысы басталмақ. Сондай-ақ аудан орталығында – 320, ал Жалпақтал ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтермек. Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық елді мекенінде 60 орындық мектептің құрылысы басталып кетті. Чапаев – Казталов – Жәнібек – Бөкей ордасы бағытындағы күре жолды күрделі жөндеу жұмысы жалғасады.

Өткен жылдың қараша айында өңіріміздегі ауқымды инвест-жобаның бірі – Талдыапан ауылдық округі Қайшақұдық ауылында жалпы құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын «Мясная индустрия» ЖШС мамандандырылған мал бордақылау кешені іске қосылды.

Өткен жылы Серік, Сарықұдық, Қайшақұдық, Талдыапан, Қособа елді мекендерінде газ тарту жұмыстары аяқталып, аудан халқының 81%-ы көгілдір отынмен қамтылды.

Динара Әлпейісова

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале