Бүгін Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастырған «Әлемді бірге көркейтейік» әлеуметтік жарнама байқауының жүлдегерлері марапатталды.
Шарада сөз алған облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов байқауға қатысушылардың дені жастар екенін және шығармашылық тұрғыда оларды қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, бәрін де Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Оның айтуынша, облыста деструктивті ағымдарға ілескендердің 30 пайызын жастар құрайды. Сондықтан діни ахуалды реттеуде белсенді жастардың тың идеяларын жетекшілік алу өте өзекті.
Кейін байқаудың жүлдегерлері марапатталды. «Үздік әлеуметтік баспа және сыртқы жарнама» аталымы бойынша Орал қалалық №13 мектептің оқушылары Дарья Конькова мен Лилия Слободяник үшінші орын, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенті Ақжарқын Орынбасарова мен Орал қаласындағы №13 мектептің оқушысы Дәурен Ахмади екінші орын алды. Ал аталған университеттің студенттері Бибол Серікқалиев пен Жанар Боспанова екеуі озық шықты.
«Үздік әлеуметтік ролик» аталымында Ж.Досмұхаммедов атындағы педколледждің студенті Айкөркем Кереева мен «БҚО Жаңа толқыны» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлішер Ғұмаров жүлделі үшінші орынды иеленсе, қазылар шешімімен БҚАТУ-дың студенті Серікболсын Жексенбайдың туындысы үздік деп танылды.
Нұртай Текебаев
www.zhaikpress.kz