2.08.2016, 10:31
Оқылды: 30

Жақсының аты өлмейді...

IMG_2295Қамшының сабындай қысқа «бес күндік» қонақтың мерзімін ерте өткеріп, өмірден аттанып кеткен аяулы ұстаз Боранбаев Сайын Сәлімғалиұлының  60 жасқа толуына орай еске алуға арналған волейболдан ерлер командасы арасында турнир өтті.


Алдымен, ағамыздың өмір жолына қысқаша шолу жасалып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Алғашқы болып сөз алған Сайын ағамыздың жары, 4 баланың анасы Махуза апайымыз:

-Біз, Сайын екеуміз Д.Нұрпейісова атындағы мектепте 35 жыл ұстаз болып қызмет атқардық. Осы мектептің, мектеп ұжымының біздің азамат, тұлға ретінде қалымтасуымызға үлкен септігі тисе, біз шәкірттеріміздің өмірден өз орындарын табуына өз үлесімізді қостық. «Жасыңда халыққа қызмет етіп, абыройың артса, қартайғанда абыройың саған қызмет етеді» деген осы болса керек. Сайын өмірден өткелі 5 жыл өтті. Жолдасым өмірден өтсе де оны ұмытпай, осындай шараға атсалысып отырғандықтарыңызға алғысым шексіз, - деп, келген қонақтарға ризашылығын білдірді.IMG_1999

Сайын ағамыз бен Махуза апайымызбен бірге ұзақ уақыт бірге қызмет атқарған Д.Нұрпейісова атындағы орта мектептің директоры Әдемі Мақымғалиқызы мен аудандық «Жаңарған өңір» газетінің бас редакторы Өмірзақ Тұрақбайұлы Сайын ағамыздың  парасат пайымымен, білімінің тереңділігімен, жан-жақтылығымен, турашылдығымен, кішіпейілдігімен ауылдастарының, әріптестерінің арасында сыйлы , мектепте темірдей қатал тәртіп орнатып, оқушылардың тұлға болып қалыптасуына зор үлесін қосқан ардақты ұстаз болғандығын сағынышпен  еске алды. «Атамекен» әні шырқалып келген қонақтар тік тұрып, қол соқты. Содан соң волейболдан турнирге қатысуға тілек білдірген «Қырандар», «Көпжасар», «Жастар», «Мектеп», «Студенттер», «70-тер», «Түлектер» командалары ортаға шақырылды. Қазақстанның көк туын желбіретіп, әнұранымыз шырқалды. Аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының әдіскері Бауыржан Габдушев жарыстың ережімен таныстырған соң сақадай сай тұрған ойыншылар турнирді бастап та кетті. Тарысты өткен дода ұзақ уақытқа созылды. Бәсекелі жарыс қорытындысында жүлделі  І орынды «Студенттер» командасы жеңіп алды. Жеңімпаздарға 20 000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Командалық ІІ орынға «Түлектер» командасы ие болды. «Түлектер» командасына аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Жастілек Қайрекешов кәсіподақ ұйымының атынан 15 000 теңге табыс етті. Ал, ІІІ орын «Қырандар» командасына бұйырды. Бұл командаға да 10 000 теңге табысталды. Сондай-ақ, турнир барысында ерекше ойын өрнегін көрсете білген, көрермен қошеметіне ие болған «Үздік ойыншы» номинациясы бойынша Тәттімбет Мұқанбетов, «Ардагер ойыншы» Қонысбай Гумаров ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар, ерекше ойын өрнегін көрсете білген ұстаздардан құралған «Мектеп» командасына Сайын ағамыздың бажасы Ілияс Сисенов қолдау көрсетіп, ақшалай сыйлық табыс етті. Волейбол ойынында әділ төрешілік етіп, ойынның жақсы өтуіне үлестерін қосқан төрешілерге де ақшалай сыйлықтар берілді. Шараға қатысқан ойыншыларға естелік сыйлықтар табысталды. Кеш соңында турнирге қатысып, жарысты жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан ойыншыларға, қолдаушыларға Сайын ағамыздың туған-туысқандары алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді.

Азиза СҮЙІНІШҚАЛИЕВА
www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале