15.07.2016, 18:30
Оқылды: 26

«Жұлдызайдың» шапағаты

Жұлдызай   «BI Жұлдызай» қайырымдылық қоры  «Bi-Group» инвестициялық-құрылыс холдингінің басшысы Айдын Рахымбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Қор екі бағытта жұмыс істейді. Оның бірі  шығармашылық бағыттағы дарынды балаларды анықтауға арналған болса, екіншісі  мүмкіндігі шектеулі жетім балаларды емдеу ісін ұйымдастыруға бағытталған.  11 жыл ішінде «BI Жұлдызай» фестивалі арқылы талай шығармашыл жастың жолы ашылғаны белгілі.


    Қордың екінші бағыты – медициналық-әлеуметтік жобасы 2013 жылдан бастап қолға алынды.  Бұл жобаны жүзеге асыру үшін құрамында балалар дәрігер-ортопеді, балалар хирургі, балалар невропатологы және логопед, психолог, дефектолог-маманы бар жеделтоп құрылып, еліміздегі мүмкіндегі шектеулі, кешенді емді қажет ететін балалардың тізімін жасақтай бастады. Нәтижесінде  тек қана Астана қаласының өзінде 2014 жылы 502 бала, 2015 жылы 778 кешенді емді қажет етуші балалар анықталып, өткен жылы осы балалардың 100-ге жуығына ота жасалды, оңалту емін алды. Кешенді ем алған бүлдіршіндердің көбі аяқтарынан тұрып, өз беттерінше жүре алатын халге жетті. Талайларға қуаныш, бақыт сыйлаған бұл жобаның тиімділігі дәлелденген соң мұндай игілікті істі одан әрі жалғастыру мақсатында дәрігерлерден құралған жеделтоп  енді еліміздің түкпір-түкпірін аралап, кешенді емді қажет ететін науқас балаларды анықтауға шешім қабылдаған.  «Астана медициналық университеті» АҚ балалар хирургиясы кафедрасының доценті, профессор ассистенті, «BI Жұлдызай» қайырымдылық қорының үйлестірушісі Роза Қарабекованың айтуынша, осы жылдың аяғына дейін жеделтоп барлық облыс орталықтарын аралап шығуы тиіс.

-Бұл медициналық-әлеуметтік жоба үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – еліміз бойынша кешенді ем алатын балалар санын анықтау. Мұны биыл жыл аяғына дейін аяқтаймыз.  Екіншісі – мамандарды оқыту, үйрету. Биыл қыркүйек айында еліміздің түкпір-түкпіріндегі балалар үйінің дәрігерлерін Астана қаласына шақырып, екі апталық семинар-тренинг өткізуді жоспарлап отырмыз. Әр қаладан екі маманнан келуі керек, оның біреуі міндетті түрде оңалту (реабилитация) дәрігері болуы тиіс. Үшінші кезең – бұл  шет қалаларға мамандарды шығарып, балаларға ота жасату, оңалту емін жүргізу. Бұл жұмысты жаңа жылдан кейін қолға алмақпыз.

Біз биыл жыл аяғына дейін еліміздің 16 қаласына барып, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан мүмкіндігі шектеулі сырқат балалар санын анықтауды жоспарлап отырмыз. Біз негізінен, 14 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларды емдейміз. Соның ішінде жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан ауыр сырқатты балалар осындай емге мұқтаж. Сол себепті біз осы жолы барлық облыс орталықтарындағы балалар үйін аралауды бастадық.  Бұған дейін Қарағанды, Шымкент қалаларында болдық. Қарағандыда екі балалар үйінде болып, 4 науқас баланы анықтадық Шымкент қаласында осындай үш бала тізімге енгізілді. Міне, бүгін Орал қаласындағы Бөбектер үйінен тағы бір науқасы ауыр бүлдіршінді таптық. Кішкентай сәби аяқ-қолын игере алмайды, науқасы түсініксіз. Әзірге арнайы зерттеулерсіз біз бұл балаға ДЦП диагнолын қойдық. Кейін бұл баламен арнайы жұмыстанатын боламыз. Орал қаласында екі күннің ішінде Балалар ауылында, Аналар үйінде, Бөбектер үйінде және облыстық балалар үйінде болып, 100-ден астам баланы дәрігерлік тексеруден өткіздік. Бұдан кейін  осы мақсатпен Тараз, одан әрі Көкшетау қаласына барамыз. Биыл жарты жылдың ішінде төсекке таңылған 100 балаға ота жасалды, осыншама балаға оңалту емі жүргізілді. Кешенді ем алу үшін отадан немесе негізгі емнен кейін науқас міндетті түрде оңалту емін алуы керек, сонда ғана адам сырқатынан толық айығады. Нәтижелі емнің 10 пайызы отадан, қалған 90 пайызы оңалту шараларынан болатыны медицинада әлдеқашан дәлелденген, - деген Роза Ағабекқызы мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу үшін «BI Жұлдызай» қайырымдылық қорының  Астана қаласындағы көптеген денсаулық сақтау орындарымен бірлесіп жұмыс істеу жөнінде меморандумға қол қойғанын айтты.  Оның сөзінше, үш жыл ішінде  медициналық-әлеуметтік жоба аясында барлығы 1122 бала медициналық тексеруден өтіп, 95 науқас балаға ота жасалған және 842 бала медициналық орталықта оңалту емін алған.  Бір айта кететін жәйт, науқас балаларды емдету үшін қор мүшелері өз жалақыларынан ай сайын қаражат аударып тұратын көрінеді. Нағыз қайырымдылық деген осындай-ақ болар...

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале