24.02.2015, 4:51
Оқылды: 101

Науқан молда


 (Соңы. Басы газеттің №4 санында)

- Өз өміріңіз жайлы айтыңызшы?


- Мен Каспий теңізінің Ысығымын. Мырза, бай Көбектің ұрпағы екенімді айттым. Әкем бәленбай жыл сардар болған кісі. Сардар - болыс деген сөз. Нағашым Өтесшаншар Дүйсенбаев кешегі заманда қазақ уәлаятында болмаған атақты миллионшы, ірі бай болған. Оны миллионер деп атап жүрді. Москва, Ленинград, Қазанда кеше көп дүниялары кетті. Орынборда да былғары зауыты бар еді. Бәрі де төңкерісте үкіметке кетті. Өтесшаншар дейтін Дүйсенбінің баласы. Бұл өңірдің, осы Кіші жүздің анау Қызылқоға, мына жағы Ойыл, Ойылдың қаласын Көкжар дейді, осы аралардың бәрінде Дүйсенбаевтың дүкені болған. Нағашымның руы Қалқаман Тана. Қалқаман – қыдыр дарыған кісі. Қалқаман көп. Басқа Тананың алтауындай. Олар арғы бетте де, бергі бетте де бар.

- Ысық руын таратып айтып беріңізші?

- Ысық деген Ақсары, Тоғыншы болып екіге бөлінеді. Біздер соның Ақсарысымыз. Ысықтар Каспий теңізінің жағасына барып қыстаған. Ол жақ кілең арал ғой жатқан. Онда қыс болмайды. Ағаш үйде отырады. Анау кешегі май шығып тұрған Доссор, Мақат дегендегі Дос дейтін біздің аталарымыз. Осы күнде де майы бар. Доссор мен Мақаттың арасы қырық шақырым. Мақат та Ысық.

Бұл жақта Әрәуке (Әрөңке әлде Әлеуке? Анық естілмеді) деген қалмақ ханының елі болған. Мынау Аққұмда сол Әрәуке ханның шәрі болулы. Әрәуке біздің қазақтың атақты батырлары Досақ, Қара батыр, Бөкенбай дегендердің қылышынан қорқып, осы арадан кеткен. Досақ біздің аталарымыз. Руы – Ысық. Ол қалмақты көп жаулаған кісі. «Досақ, Досақ десе жосад(ы)». Қандай қалмағың болса да, Досақ келгенде қамал бұзылып, ішіне кіре берген көрінеді.

Осы арада Қара қыпшақ Қобыланды дейтін болулы. Қобыланды батыр. Мына Қобданың бойында қызыл қыштан салынған үлкен тамы бар еді. Осы бес-алты жыл турасында манағы тамды бұзып, сүйегін Москваға  алып кетті дейді. Зерттейміз депті. Қара қыпшақ Қобыланды көп елді жаулаған кісі, белгілі адам.

Менің ар жағым жаңағы қалмақ жаулаған Досақ, бер жағым Бәйтерек. Бұл екеуі де заманында ту ұстап, тұлпар мінгендер.

- Сіз Бәйтеректен тарайсыз ба?

- Алтыншы атам Көбек пен Бәйтерек бір кісінің баласы.

- Жеті атаңызды санап бере аласыз ба?

 - (Науқан молда күледі). Неге санамайын. Өз әкем Есжан, әрі қарай Қуандық, Үшірбек, Табылды, Жолбарыс, Көбек, Жолдыбай. Жолдыбай да қыдыр дарыған, асқан бай болған кісі. Жолдыбайдың әкесі Самай. Самайдың әкесі Мәмбетәлі.

Есен, Көбек, Бәйтерек бір әке, бір анадан үшем. Қазақта үшем болу сирек жағдай. Қыдыр дарыған Жолдыбайдың бұл үш ба-ласының бірі би, бірі мырза, енді бірі батыр. Есені Жайықтың арғы жағы, анау Шолтыр Мақаш бетінде, Волганың бойында би болулы. Көшпелі қонақ тәрбиелеген мырза Көбек пен ту ұстап, тұлпар мінген Бәйтерек батыр осында болулы.

... Біз Алашорда болдық қой. Сондағы Жанша – Қарақұнан Тана, Халел – Ағатай Беріш еді. Мен осылардың жиылысында да болған кісімін.

Осы тұста Науқан молда сұхбат құрып отырған уақыттарының рамазан айы екенін айтып, аталмыш айдың, Құран сөздерінің қадір-қасиетіне тоқталады. ЖаҺанша Досмұхамедовтың Петербордағы төңкеріс кезінде, қызу атыс, зуылдаған оқ астында басын бәйгеге тігіп, Осман Құранын сақтаулы тұрған жерінен алып, Петербор мұсылман мешітіндегі Мұса Бекеев деген ірі оқымысты адамның қолына тапсырдым дегенін баяндайды. Өзінің ешқайда бас сауғалап қашпай-ақ, Құдай сақтап кеңестік қудалаудан аман қалғаны, екі әйелі болғаны жайлы әңгімелеп, арабша діни сөздерді айтып, оларды қазақшалап, жіктеп талдайды.

- Арабшаны ертеректе оқыдыңыз ба?

- Иә. Сол заманда жүзден-жүзден оқитын үлкен медреселер болды ғой. Өлеңті бойында Қалқаман Тана Дәулетияр дейтін кісі болды. Жиырма қос шәкірт оқыды. Данышпан көп болған жер. Анау Мәулімберлі дейтін болды Өлеңтінің аяғында..? (сөз арасындағы жазба сапасына байланысты ұғынықсыз тұстарға көп нүкте, сұрақ белгісі қойылды). Қосыбай дейтін бар Шідертіде..? Сосын Қарабура Мәтнияз дейтін ахун болды. Зор, Бұхардан оқып шыққан кісі. Шәкірті осында болды.

- Құлақшидегі құлаған мешіттің орны ма?

- Ол біздің мешіт, Жарман қазіреттің мешіті. Жармұхамед (Жарман) деген менің тумам. Үлкен оқымысты, ғалым кісі. Мешітін 1928 жылы үкімет адамдары бұзды ғой.

- Ол жерде ел болған ба?

- Үлкен шәр болған. Менің мекенім сонда, Қалдығайтының Құлақши деген жерінде еді.

- Сіз сонда бала оқыттыңыз ба?

- Жоқ. Ұстазымнан оқып келгесін азаншы да болғаным жоқ, бала да оқытпадым. Бес уақыт намазымды оқып, отыз күн оразамды ғана ұстадым. Қазақтағы мүфти болып, қазіретке кіру дегенді жасамаған кісімін (осы жерде Науқан молда «Сопылық Қап тауынан биік» деп келетін Әбубәкір Кердерінің өлеңін сазды мақамға салып жатқа соғады). Міне, осыны жазатын кешегі Кердері Әбубәкір дейтін молда. Сопылық қайда, Қап тауынан биік...

- Осы маңда «Әулие» деп құрметтелетін адамдар бар ма?

- Мәтен дейтін зор әулие болған. Руы – Қожа. Зираты Ойыл бойында. Соның баласы Қылыш қожа дейтіннің зираты осы мына Бұлдырты судың бойында, осы арадан алпыс шақырым жерде. Ол да кісі түнейтін керемет зор әулие.

- Қандай ісімен аты шыққан, ауруды жазған ба?

- Кереметі күшті. Тек ауру жазғанды әулие деп айтпайды. Бізде Дәуқара батырдың басына түнейді. Сосын мына Қоскөлде Темірболат деген әулие болулы, башқұрт. Сол Темірболаттан шыққан Бисеке деген әулие бар. Бисеке де атақты, зор әулие. Зираты осы арадан жиырма шақырым жерде. Ол – Қоскөл Танасы. Тананың Қалқаманы. Үлкен түнек. Оған осы күні де түнейді.

- Түнегендер ауруынан жазыла ма екен?

- Әрине, жазылады. Талай аяқ-қолы байлаулы, секіріп жатқандарды апарып түнеттім мен кешегі замандарда. Соны қойғаныма он жыл болды.

- Талтоғайда Едіге деген әулие бар деп естіп едім?

- Оның зираты осы араға жақын. Едіге көп білген ғалым кісі, үлкен молда. Алымды, шешен. Бұл заманда ондай адам жоқ.

- Исатай, Махамбет батырлар жайлы кітапта жазылғаннан бөлек естігендеріңіз бар ма?

- Неге естімейін?! Исатай Беріш руынан. Беріштің жеті баласы бар. Исатай соның ішінде Ағатай Беріш. Исатайдың әкесі Тайман. Тайманның әкесі Бұқай, Бұқайдың әкесі Бегәлі, жеті атасы Ағатайға дейін, Исатайдың, Махамбеттің жағдайларын бәрін де білемін.

- Кітапқа енбеген өлеңдерін білесіз бе?

- Бұрынғы уақытта білетін едім. Бүгінде көз кетіп, денсаулық кемігесін ұмытыла бастады ғой.  Осы жерде Науқан молда Ығылман Шөрековтың «Исатай-Махамбет» жырынан бес минуттай мақамға салып жырлап береді.

- Бұны қайдан жаттап едіңіз, ата?

-...Кешегі Алашорда Құранын тапсырып, он тоғызыншы жылы Орынборға Алашорданың аттарын, жау құралдарын орынға қойып ..? Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Түсіпқалиев дейтін төре, ..? осы төртеуін ..? деп Ленин шақырып алып, ..? «Алашорда болғаныңа сені кінәламаймын. Өзіңнің Отаныңды қорғау үшін мына жағы Деникиннің, мына жағы Колчактың еліңді шауып бітетін болғасын Алашорда болдың. Алашорданың Құранын сен тапсырдың. Еліңді аман-есен өткіздің. Енді сен қай қызмет жасамақсың?» дейді Жаншаға. Жанша «Менің Азияға ..? кетті». Жаншаның әйелі орыс, студент еді. «Мен енді оған бармай-ақ қояйын. Осы ішкі жерге..?» деп ..? окружной, жоғарғы сот еді. Жанша сонда болды. Халелге «Сен қай аймаққа барасың?» дегенде: «Халқым надан еді. Ташкенге барып, газет-журналға жазайын. Өзімнің қазақ ұлтыма үндеу жазайын. Мен өзім ұлтшыл адаммын», - деп Халел Ташкенге келіп, жаңағы айтқан жыр сөздерді шығарған. Халел «...Ел қамын жеген ерлердің, Сөз білген жанда хақы бар, Жоқтаған күнде арымды» деп, ел қамын жеген Исатай, Махамбеттерді халыққа жариялап отыр ғой, көрмеймісің (Халел Досмұхамедов «Исатай-Махамбет» жырын кітап түрінде бастырып, таратуға ықпал жасаған болса керек). Халел – Беріш, Жаһанша Тана руынан дедік. Тана деген ел балаларын реальная гимназия, Петербордағы жоғары университетке оқыта берген.

Сырым заманынан беріде Байбақтының Әлтекесінен Науша дейтін болулы. Орыс жаулаған атақты батыр. Осы күнде оның тұқымы бар. Ол – Қандық көл, Назарымбет көл дейтін жерлерді, Өлеңті судың терістік бетін мекендеген адам. Назарымбет Наушаның аталары. Қосыбай дейтін жерде Шідерті Өлеңтіге құяды. Сол Қосыбайдың төменгі жағына қонған Әлтеке дейтін ел.

- Одан басқа орыстармен жауласқан кімдер бар?

- Осы ауылдың батыс бетінде, екі шақырымдай жерде жатқан Дәуқара батыр бар. Құлпытасы бар, кішірек. Оның жауласқан жаулары аралас. Бірақ көбі қалмақ. Осы жер қалмақтың жері ғой. Осы батырлардың қылышы мен найзасының ұшынан қорыққаннан кетулі.

- Ханкөл деген жер бар. Ол қай ханға байланысты айтылған?

- Жаңағы айтылған Назарымбет, Наушалардың еліне жақын бір үлкен көлді Ханкөл деп атаған. Ол ханның тұрған жері емес. Шатыр құрып, алқаның болған жері. Онда байлар отырған. Ол көлге су мықты тасыған кезде Өлеңтіден барады. Жаздың май айының ішінде бие байлағасын, елдің бас адамдарының тарту-таралғымен ханға келіп амандасатын жері сол.

- Ол жерде қай ханға амандасқан?

- Әлен дейтін 1869 жылдағы Кіші жүздің соңғы ханы. Оның алдында Баймағамбет деген болулы.

- Баймағамбет Айшуақов сұлтан емес пе еді?

- Үлкен, ірі сұлтан болған кісі.

- Баймағамбет қай жерді мекендеді?

- Елек бойын мекендеді.

- Тананың көбі қайсы?

- Жеті баулы Тананың ішіндегі көбі Қалқаман. Арғы бет пен бергі бетте 17 мың Қалқаман бар. Қараман, Қарақұнан, Бессары, Асан, Ахмет аз. Асан, Ахмет Шідерті дейтін судың бойында болады. Жымпитыдан Қаратөбеге қарай 50-60 шақырымдай жер Қарақұнан Тананың мекені. Қараман Жайықтың төменгі жағында (сұхбаттың осы тұсында әңгіме ауаны тағы да дін тақырыбына ауысып, Ораза айының уақыты, оның құдіреті жайлы айтылады).

Үкімет кешегі 35-36 жылда дінге қиыншылық, қарсылық қылғанмен, қазір кеңшілік қой (сұхбат 1978 жылы алынған).

- Жаңа немерелеріңізге «Құдайдың құлы», «Үммет» дегенді айттыңыз?

- Иә, соны үйретіп жүрмін. Кімнің құлысың? – Құдайдың құлымын. – Кімнің үмметісің? – Мұхаммедтің үмметімін. Бізге шафхат ететін, бізді жұмаққа апаратын сол Мұхаммед. – Кімнің досысың? – Шаһиярлар досымын. Шаһиярлар кім десең, әуелі Әбубәкір, екінші Ғұмар, үшінші Ғұсман, төртінші Ғали. Бәріне Алла Тағала риза болсын! Шаһияр деген уәзір деген. Мұхаммедтің төрт уәзірі. Оны араб тілінде шаһияр (шадияр) дейді. Ал бізше айтқанда ол уәзір. Мұхаммедтің ақылдасатын төрт уәзірі.

- Қалдығайты бойында қандай байлар болған?

- Қалдығайты бойында Ығылман тұқымы үлкен, атақты бай емес пе. Жеті атасынан бері қарай байлығы мен билігі үзілмеген.

- Қалдығайты бойының беріректегі байлары ше?

- Мың сиыры болған Сақау Торғай дейтін Ысық болған. Егіндікөл, біздің осы өңір, мынау Қалдығайты, анау Қаратөбеге қарай жеккен өгіз, сауған сиыры болулы. 5-6 жүз өгізі болулы ма деймін. Оның баласы Жарылғасын деген болған.

- Ол өгіздің барлығын не қылады?

- Сатады ғой.

- Аққұм туралы не айтасыз?

- Не айтайын. Жәшидің талы, Анау жағы Есенаман тауы, ар жағы Қара батыр, Бөкенбай асқан батыр кілең. Ту ұстап, тұлпар мінген.

- Аққұм қала дейді бұрынғы?

- Бұрынғы замандағы Қалмақтың қаласы ғой. Үлкен шәр болған жер дейді. Осы күнде қазсаң шойын, ас құятын шәугім, құмыралар шығады дейді. Бір ханның қала салған жері көрінеді.

- Сейтектердің ішінен батыр шыққан ба?

- Сейтектен әрі батыр, әрі би Жаңабай дейтін шығулы. Жаңабайдың жеті жасында атағы шығулы. Жаңабайға бата бергенде Бөкен: «Екі жақты бір тілді адам баласы сенің алдыңа шықпасын», - деулі ғой. Ысықтың әлділері Майдан, Шырдай, Шорман, Айтқұл?? ...? қорқытып, зорлық жасап ..? деген. Содан не керек, Сейтекке жасаған зәбірдің бәрін Жаңабай алулы ғой. Малын айдап алған, қырған, сойған. Айбас деген ..? ..? Желке дейтін палуанының қысырағын айдап алады. Желке – жауырыны жерге тимеген палуан. Он шақты жігітпен ізге түсіп келе жатады екен. Жаңабай келетінін біледі.  Желкенің әлгі Айбас дегені әлді екенін біледі. ..? – Ассалаумағалайкум! – деп Жаңабайға қолын ұсыныпты. Жаңабай арқадан ..? қылышты суырып алып, «Тарт қолыңды! ..? Осы арадан аттама, кейін қайт! Қысырағыңды мен айдап, сойып алдым. Әкемнің сенен..? және анаңды бәлен қылайын ..? соның қанын аламын, өшін аламын. Сенің ұсынған қолыңды алсам, мені аттан аударып алып, мойнымды бұрап, езгілемек ойың бар ғой?! Оныңа көнетін Жаңабай жоқ. Тұқымыңды қоймай қырамын. Осы арадан кері қайт» деген ғой. Ішінде ақсақалдары бар, «әй, шырағым, енді қайта ғой» дегенде анау аттың басын бұрып, қайта берулі ғой. Жаңабай деген сондай болған адам. Айтатыны жоқ батыр, әрі би.

- Жаңабай қай жерді мекендеген?

- Тап осы Егіндікөл сол Жаңабайдың жері. Егіндікөл жаман жер ме саған?! Анау Әлен шағылы дейді, Жаңабайдың баласы (Әлен Жаңабайдың баласы болса керек), мынау Жәдікбайдың отырған жері, Қаратөбенің мына жағында. Сол Жаңабайдың аталарының алған жері. Қаракөлдің Сейтегі бұлар.

Сұхбат соңына қарай дауыстың жазылу сапасы бұрынғыдан да төмендей түскен. Құрманғазы Қараманұлының Науқан молдадан дәрілік шөптер, олардың қасиеті туралы сұрағаны шала-шарпы ұғылады. Молда «Ондай шөптер көп қой, қайсыбірін айтайын» дей келе, қазақтар көкірек ауруы деп атайтын туберкулезге тамыр дәрі дегеннің шипасы, оны қолданғанда 20-40 күнде аурудан айығуға болатынын, тағы да сұхбат жүргізушінің сұрауымен андыз деген шөптің көптеген пайдасы жайында айтқан. Науқан молданың алтыншы атасы мырза Көбектің және Есен деген бидің Ысық руының ұранына айналған атақты Бәйтерек батырмен бір әке, бір анадан туған, қазақта сирек кездесетін үшем екені жоғарыда жазылды. Ол жайында өңірімізге белгілі тарихшы Жәнібек Исмурзин Ресей мұрағаттары негізіндегі «Ұранға шыққан Бәйтерек» атты ғылыми мақаласын жарияламақ. Оқырманға ескі жазбадағы дауыс сапасына, сондай-ақ жасы ұлғайған адамның сөйлеу мақамындағы кейбір түсініксіз тұстарына байланысты Науқан молда айтқан құнды мәліметтерді сол қалпында, тұтастай жеткізе алмағанымызды да айтқымыз келеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале