Өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыру, түрлі салаларда өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылған ІІІ халықаралық инвестициялық «WestKazInvest-2016» форумына Ұлыбритания, Финляндия, Ресей Федерациясы, Иран, Италия, Исландия, Чехия елдерінен, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларынан, еліміздің өзге де аймақтарынан жетекші шетелдік және ұлттық компаниялар, халықаралық қаржы корпорациялары, қаржы орталықтары мен даму институттарының өкілдері, кәсіпкерлер келді. Жалпы алғанда жиынға 100 шақты шетелдік және 500-дей отандық өнеркәсіптің, қаржы институттарының өкілдері қатысты. Ал тауар өндірушілердің көрмесінде жетпіс шақты компания өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Форумның пленарлық отырыстары, секциялық мәжілістер мен кездесулер өтіп, инвесторлар мен жергілікті компаниялар өкілдері пікір алмасты. Нәтижесінде Орал қаласында салымшыларға үй салу жөнінде келісімге облыстық әкімдік, «Орал» ӘКК ҰҚ» АҚ және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, Орал қаласында қалдықтарды реттеу жүйесін оңтайландыру жөнінде Орал қалалық әкімдігі мен «ICMRecycling» консорциумы, «Smart City - Uralsk» жобасын іске асыру жөнінде Орал қалалық әкімдігі, «Орал» ӘКК ҰҚ» АҚ мен «Intelligent Urban Solutions» ЖШС меморандумға қол қойды. Сондай-ақ мемлекеттік-жеке серіктестік аясында тұрғын үй коммуналдық шаруашылықта қызметтер көрсету жөнінде «Kemeo Kazakhstan» ЖШС, «ABB (ЭйБиБи)» ЖШС мен Орал қалалық әкімдігі, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын құру жөнінде келісімге БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен ««Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ЖШС меморандумға қол қойысты.
Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөнінде БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы мен Иранның «Dasht-e Kakhnudj» компаниясы келісімге келді. Аталмыш басқарма облыс ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді отандық гибридті күнбағыс дақылымен қамту жөнінде «Астана-Бизнес» ЖШС-мен меморандумға қол қойды.
БҚО индустриалды аймағында көлік-логистикалық орталығы құрылысын салу жөнінде бірлескен жобаға «Орал» ӘКК ҰҚ» АҚ мен «Мұнайқұрылыссервис ЛТД» ЖШС қол қойды. Ал оралдық «Стекло-Сервис» пен «Элита» кәсіпорындары Финдляндия елінің «Lammin Ikkuna» және «General Finiand» компанияларымен келісімдерге келді. Ал «Ural Electric» ЖШС-ы Швейцарияның «АВВ» компаниясымен жабдықтар жеткізуге келісті. Испанияның «IPAP S.L.» компаниясы «ПОШ Руна» ЖШС-ына мал терісін өңдейтін жабдықтар жеткізіп беретін болды. Форумда барлығы 14 меморандумға қол қойылды.
Бұл халықаралық инвестициялық форум аймақаралық өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу, өнімдерді көпшілікке таныту, бірлескен өндірістер ашу, облысқа инвестиция тарту, мемлекет пен бизнестің әрекеттесуінің алаңы ретінде жалғасын табатын болады.
Нұрлыбек РАХМАНОВ
суретке түсірген автор
www.zhaikpress.kz