Орал қаласындағы өтіп жатқан ІІІ халықаралық инвестициялық «WestKazInvest-2016» форумының көрмесіне қойылған батысқазақстандық өнімдерге шетелдік, астаналық түрлі компания өкілдері қызығушылық танытты.
Мәселен, Сырым ауданынан келген жеке кәсіпкер Ришат Жылқайдаров көрмеге өздері илеген былғарыдан жасаған өнімдерін шығарды. Олардың ұлттық оюлы ат-әбзелдері мен аяқ киімінің тігу әдісіне италияндықтар қызықты.
-Халықаралық көрме барлығына керек. Әлем осындай көрмелер арқылы технологиясын танытады. Біздің ұлттық технологиямен айналысып келе жатқанымызға қырық жыл таяды. Ұлттық технологияның ерекшелігі – бізге шетелдің малы, шикізаты, технологиясы, мамандары қажет емес. Біздің технология ғылым жетістіктеріне сүйене отырып, адамның экологиялық, экономикалық, әлеуметтік, медициналық, руханы өмір сүру қалпына жауап береді. Бүгінде ең маңыздысы – ұлтты, тектілікті сақтап қалу. Ол үшін ағзаға зиян тағамдарды өндіруді заңмен тоқтату қажет. Біз адамның генетикалық құрамының 94 пайызын ғана білеміз, соның өзі әлі толық зерттелген жоқ. Текті сақтау үшін адамдар тек таза тағаммен өмір сүру керек. Тамақ пайдалы не зиян болады, ал зиян емес дегені болмады,-дейді жылқыны табынмен өсірудің қыр-сырын зерттеп, дәріптеп жүрген елге танымал ғалым, атбегі Алтай Зейнуллин. Алтай Сәбитұлы көрмеге өзі жетекшілік ететін «Ауыл шаруашылығында қалдықсыз технология енгізе отырып органикалық өнім өндіру» жобасын әкеліп, тұтынушыға дайын қымыз, шұбат шығарды. Жоба ұлттың тектілігін сақтау, мал шаруашылығында жұқпалы ауруларды 70 пайызға дейін азайту, отандық тауар өндірушілерді дүниежүзілік жаһанданудан сақтау, әр ауданда 150 жұмыс орнын ашуды мақсат еткен.
Көрмеде ата-ананың баланы бақылап отыруына арналған қол сағаттар да қатысушылардың қызығушылығын туғызды. Бұл сағат арқылы ата-ана баланың сабаққа қатысын, ортасымен әңгімесін тыңдап, жүрген жолын GPS-пен көріп отыра алады. Сондай-ақ сағатта қоңырау шалу, SOS батырмалары да бар.
Оралдық «Q7 qroup» компаниясының дрондар, ұшақтың ұша алатын көшірмелерін жасайтынын көріп таң қалғанымызды жасырмаймыз. Ұшатын аппараттар тапсырыспен ғана жасалады, әрі құны шетелдікінен айтарлықтай арзан.
Көрмеде кемеден бастап зауыт-фабрика жабдықтары, ауылшаруашылық техникалары, құрылыс материалдары, тұрмыстық заттар, тағам да, киім де, қолөнер бұйымы да, балалар ойыншығы да, түрлі технологиялар да бар. Көпшілік назарына ұсынылған жетпіс шақты өндірушінің әр өнімі ерекше, ұлттық болмысымызға жақын сезілді. Себебі оның бәрі – отандық.