Долин ауылында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Отбасы күніне орай «Толағай» отбасылар сайысы оздырылды.
Додаға 6 отбасы қатынысып, 6 айналым бойынша бақтарын сынады. Аталмыш жарыстың ашылу салтанатында Долин ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Серік Жармұханов сөз сөйлеп, қатысушы отбасыларға сәттілік тіледі. Сайыстың бас төрешісі Нұрлан Ерзаков айналымдар ережесін тілге тиек еткен соң, делебелері қозып тұрған отбасылар аянып қалмауға бекінді.
Алдымен қатысушылар өз командаларын таныстырып, берілген әуен аясында бірігіп жаттығулар легін назарға ұсынды. Одан соң «Кім жүйрік?», «Мергендер» сайысы, «Кім епті?», көпірлерден өту, топ капитандары сайысы секілді сындардан өткен отбасылар, керемет ойын өрнегін көрсетті. Жұмылып жүріп жеңіске ұмтылуды көздеген шаңырақтардан мықтыны анықтау оңайға соқпағаны рас. Ата-аналарымен қоса кішкентай бүлдіршіндер де спорттық кезеңдерде тосылып қалмады.
Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысы, аудандық маслихат депутаты Мирхат Ибраев бастаған, «Іске сәт-За дело» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арғын Жұлдызбеков және Чапаев ЖОББМ-нің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ирина Валеева қостаған қазылар алқасы жүзден жүйріктерді нақты анықтай білді. Нәтижесінде, Долин ауылдық округіне қарасты Шөптікөл ауылынан келген Авдеевтар отбасы, Подстепный ауылының атынан додаға түскен Кенжегариндер әулеті және Долин ауылынан Иманғалиевтер отбасы белсене қатысқандары үшін марапатқа ие болды. Ал жарыстың үшінші орын жүлдесін Приречный ауылының Құсайыновтар отбасы еншіледі. Екінші орынды Федоров ауылының намысын қорғаған Қабиевтар отбасы місе тұтты. Көпшіліктің көзайымына айналып, барлық сайыстарда оқ бойы оза шапқан Покатилов ауылының Аманғалиевтар отбасы сөзсіз жеңімпаз танылды. Қатысушылар мен жеңімпаздардың барлығына сайысты ұйымдастырушы «Іске сәт»-За дело» жастар қоғамдық бірлестігінің атынан бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Әділет ОРЫНБАСАРҰЛЫ