27.07.2016, 18:13
Оқылды: 64

Эпизоотиялық ахуал деңгейі жоғары

ветеренарияЖәңгір хан атындағы БҚАТУ-да өңіріміздегі ветеринария саласы мамандарының қатысуымен облыстық семинар-кеңес өтті.


Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов арнайы қатысты.

- Облыстық Ветеринария басқармасы мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ бірлесіп, өңіріміздегі барлық деңгейдегі ветеринарлық мамандарды шақырып, аталмыш университет базасында тәжірибелік тұрғыда маңызды семинар ұйымдастырудамыз. Бұл жиында жалпы еліміздегі эпизоотиялық ахуалды ескере отырып, жергілікті және орталық атқарушы органдар тарапынан жағдайға байланысты бақылауды күшейту мәселелері көтеріледі. Сондай-ақ, бүгінгі ветеринария саласындағы өзгерістер талқыланып, мал ауруының алдын алу шаралары пысықталады. Облыстағы ветеринарлық ұйымдардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне, мал молаларының санитарлық жағдайларына мән берілмек. Биыл облысымызда өткен жылмен салыстырғанда ірі қара малындағы бруцеллез ауруының көрсеткіші 14 пайызға кеміген. 2015 жылдың алғашқы алты айына қарағанда аса қауіпті аурулар ошақтары да 21 пайызға аз тіркелген. Мұны ветеринарлық ұйымдардың өзара бірлесе атқарған істерінің оң нәтижесі деуге болады. Алайда биыл облысымызда бес мыңға жуық ірі қара, екі мыңға жуық ұсақ малдан бруцеллез ауруы анықталды. Олар ветеринарлық ұйымдардың арнайы көліктерімен мал сою орындарына тасымалданды. 2014-2015 жылдары малдары бруцеллезге шалдыққаны анықталған тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі өзекті болып келген еді. Жуырда өткен облыстық мәслихаттың сессиясында осы мақсатта 514 миллион теңге қарастырылды. Осылайша екі жылғы өтемақы бережағы тұтастай жабылмақ. Сібір жарасы кадастріне сәйкес облыс бойынша аталмыш аурудың 228 көміндісі орналасқан. Бүгінде оның 144-і анықталса, қалған 84-і іздестіру жұмыстарын талап етеді. Бұлар 1938 жылдан бері бар көмінділер. Мұндай орындарды анықтау үшін облыстық мәслихат сессиясында 72 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа анықтау, сынама алу, зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Сөйтіп жыл соңына дейін барлық Сібір жарасы ауруының қоздырғыштары бар мал молаларын тауып, оларды қоршап, тиісті құжаттарды рәсімдемекпіз, - деді облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Қазбек Ташимов шара алдында журналистерге берген сұхбатында.

Қазбек Қазиханұлы жиын барысында облыс көлеміндегі ветеринария саласындағы өзекті мәселелер бойынша баяндама жасады. Ол бірқатар аудандардағы вакцинациялау жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуін сала мамандары жіберген кемшілік ретін де бағалады. Алайда осы мәселеге орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Кәрімұлының «Жоспардың орындалмауына байланысты өз деңгейіңізде ветеринарлық станция басшыларымен қандай жұмыс жүргіздіңіз?» деген сауалына аталмыш басқарма басшысы тарапынан мардымды жауап болмады.

Баяндамашы Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек, Зеленов, Сырым аудандарында бірде-бір бас жылқы таңбаланбағандығын мәлімдеді. Оның айтуынша бұл да жергілікті мамандардың өз жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбегендігін көрсетеді. Жиын барысында Арман Кәрімұлы Қазталов ауданындағы ветеринарлық сала мамандарының мал ауруының алдын алу жұмыстарын тәртіпке сай атқармауына байланысты қатаң ескертпе жасады.

Семинарда облыс көлеміндегі диагностикалық жұмыстардың бағыты, сауықтыру шараларының жүргізілу барысы, аурудың алдын алудағы

ветеринарлық қызмет пен үй жануарлары иелерінің рөлі секілді бірқатар тақырыптарда баяндамалар тыңдалды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ
«Орал өңірі»
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале