23.09.2016, 18:28
Оқылды: 63

Әуесқой балықшылардың дәстүрлі жарысы өтпек

23-24 қыркүйек күндері Шалқар көліне құйып жатқан Аңқаты өзені жағалауында «Қармақта-алтын балық!» атты әуесқой балық аулаушылар арасында дәстүрлі жарыс өтеді.

 d489b4e8-4782-453d-ada3-310c258b2f6a

Салауатты өмір салтын насихаттау, ішкі туризмді дамыту, қоршаған ортаны қорғау, оны тиімді пайдалану, тұрғындар арасында балық аулау мәдениетін қалыптастыру, оның заңдық- құқықтық талаптары мен негіздерін түсіндіруді мақсат тұтқан жарысты «ЭкоДАР» білім-ресурстар орталығы» қоғамдық бірлестігі мен Теректі ауданының Сарыөмір ауылдық мәдениет үйі бірлесіп ұйымдастыруда. Дәстүрлі турнирге Теректі ауданындағы Шалқар селолық округінің әкімдігі, БҚО аңшылар және балықшылар қоғамы, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы қолдау беруде.

- Жарысқа облыс тұрғындары мен қонақтары қатыса алады. Қатысушы әр команданың атауы, ұраны, бір түсті киімі болуы тиіс. Әр команда төрт адамнан тұруы шарт. Жасы мен жыныс санатына шектеу жоқ. Команданың жарнасы 4 мың теңге. Жарнасы жоқ команда жарысқа қатыса алмайды. Бағалау – командалық ауланған балық салмағымен есептелінеді. Бас жүлдеге - «Алтын кубок». Жүлделі орындар алған командалар медаль, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар, демеушілер тарапынан ынталандыру сыйлықтары қарастырылған,-дейді турнирді ұйымдастырушы «ЭкоДАР» білім-ресурстар орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Манарбек Ажкенов.

Жарысқа қатысатындар балық аулау құрал-саймандарын, саяхат құралдары мен азығын алып баруы керек. Қайық қолдануға рұқсат беріледі.

Шара барысында алкогольді ішімдік ішуге, қамыс арасында темекі шегуге, от жағуға, табиғатты ластауға қатаң тыйым салынады. Қауіпсіздікті ішкі істер және төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, медицина қызметкерлерімен қадағалайды.

Әуесқой балықшылар жарысы Теректі ауданындағы Сарыөмір ауылынан 15 шақырым жерде, Аңқаты өзені жағалауында өтеді. Турнирге қатысушылар 23 қыркүйекте далалық лагерьге қонып, жарысты 24 қыркүйек күні таңғы сағат 6-да бастайды.

Нұрлыбек РАХМАНОВ

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале