3.12.2025, 10:15
Оқылды: 46

Оралда теннис орталығының құрылысы басталды

Орал қаласының қарқынды өсіп келе жатқан «Ақжайық» шағын ауданында заманауи үстел теннисі орталығының құрылысы ресми түрде басталды. Бұл бастама тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай туғызып, өңірде дене шынықтыру мәдениетін дамытуға тың серпін бермек.

теннис орталығы (5)

Орталық “Freedom Holding Corp.” компаниясының «Freedom Шапағат» корпоративтік қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асады. Әлеуметтік жауапкершілікті жоғары қоятын аталған компания бұған дейін де өңір инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған бірқатар жобаларды қолға алғаны белгілі. Ендігі кезекте бой көтеретін жаңа спорт орталығы үстел теннисіне қызығатын тұрғындардың шеберлігін шыңдайтын орта қалыптастырып, бұқаралық спорттың дамуына жол ашады.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен “Freedom Holding Corp” бас атқарушы директоры Тимур Турлов құрылыс жұмыстарына ресми түрде бастау берді.
– Freedom Holding Corp. компаниясы өңірде бір емес, бірнеше маңызды әлеуметтік нысан тұрғызды. Енді міне, халық саны жыл санап артып келе жатқан «Ақжайық» шағын ауданында тағы бір спорт орталығының құрылысы басталуда. Үстел теннисі біздің облыста қарқынды дамып келеді. Жуырда ғана өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында жерлесіміз Айдос Кенжеғұловтың жеңіске жетуі соның айғағы. Бой көтеретін орталық келешек чемпиондардың ұстаханасына айналатынына сенім мол, – деді өңір басшысы.

теннис орталығы (2)
Шағын аудандағы инфрақұрылым да кезең-кезеңімен дамуда. Орал қаласының әкімі Мұрат Бәйменовтің айтуынша, мұнда 76 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген, оның сегізі қазірдің өзінде тұрғызылған.
– «Ақжайық» шағын ауданында жалпы 60 әлеуметтік нысан салынады. Олардың қатарында 1500 орындық үш мектеп, перинаталдық орталық, 550 төсек-орындық облыстық аурухана мен поликлиника бар. Қажетті инженерлік коммуникациялар толықтай жеткізілді, жаңа кәріз сорғы жүйесі іске қосылды. Көшелерге асфальт төселуде. Болашақта бұл ауданда 65–70 мың адам тұрады деп жоспарланып отыр, – деді қала әкімі.
Үстел теннисі орталығы салынатын аумаққа да барлық инженерлік желілер тартылған. Сонымен бірге нысанның орналасуы да тиімді: оған жақын жердегі Зашаған кентінде 80 мыңға жуық, ал жолдың арғы бетіндегі Деркөл кентінде 35 мыңнан астам адам тұрады. Демек, жаңа орталық қос кент пен жаңа шағын ауданның тұрғындары үшін ортақ спорт кеңістігіне айналмақ.

теннис орталығы (1)
Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов та бұл жобаның қоғамдық маңыздылығын атап өтті.
– Халық көп шоғырланған аумаққа осындай спорт нысанын салу маңызды қадам. Қалаларымыздың көркейіп, еліміздің дамып келе жатқаны бізді қуантады. Бұл нысан кейінгі ұрпаққа қалдыратын ортақ игілігіміз. Қазақстандағы үстел теннисінің дамуына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айрықша көңіл бөліп келеді. Біздің бастамамызға қолдау көрсеткен Үкіметке, облыс басшылығына және қала әкімдігіне алғыс айтамыз. Жобаны сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруға күш саламыз. Бұл жерден талай чемпиондар шығатынына сенімдімін, – деді ол.
Шара соңында облыс әкімі мен компания басшылығы жаңа орталықтың құрылыс алаңында символдық капсула қойып, нысанның ресми құрылысына бастау берді.

теннис орталығы (3) теннис орталығы (4)

Түгелбай Бисен

Фотоға түсірген: Мәди Салық

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале