15.02.2017, 15:22
Оқылды: 62

1126,9 мың гектар жер пайдаланылмаған

Бұл жөнінде облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұқанбетжанова ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.  


Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста ауылшаруашылығы бағытында 6 225 мың гектар жер бар. 2012 жылдан бері құзырлы органдар жер телімдеріне тексеріс жүргізіп, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруда. Сол уақыттан бері  атқарушы органдар тарапынан алынған шаралардың нәтижесінде жер пайдаланушылар 253,8 мың гектар жерді игеруге кірісті.

Өткен жылы әкімшілік шара қолданудың нәтижесінде ҚР Жер қатынастары Кодексінің 92 және 93 баптарына сәйкес 15 жеке және заңды тұлғалардан пайдаланылмай жатқан жер телімдері мәжбүрлеп алынды. Биыл осындай жер аумағы 9,3 мың гектарды құрап отыр. Қазіргі таңда аудандық әкімдіктермен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер пайдалану құқығын беру бойынша конкурстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Осыған орай, биыл аудандармен жалпы көлемі 20,1 мың га құрайтын 39 жер учаскесі бойынша 21 конкурс өткізу көзделуде, -деген Әлия Бегалықызы биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін облыс аудандарында шамамен 3252 жер телімі бөлінетінін айтты.

Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын қадағалау басқармасының басшысы Салауат Нұрғалиев 2016 жылы басқарма тарапынан жер заңдылықтарының сақталуына 304 тексеру жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде 119 заң бұзушылық анықталғанын жеткізді. Оның сөзінше, салынған айыппұл көлемі 11 млн. 789 мың теңгені құрайды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале