9.06.2020, 11:15
Оқылды: 104

1150 батысқазақстандық кәсіпкерлік негіздерін игермек

«Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқимын деушілердің саны облысымызда да артып келеді.

Bastau

Биыл мұндай курстың форматы мен мазмұны өзгерді. Бұл туралы таяуда БҚО іскер әйелдер кеңесінің отырысы кезінде айтылды. Онлайн негізде өткен жиында мәлім болғандай, енді аталмыш жобаға қатысу үшін бұрынғыдай өңірілік кәсіпкерлер палатасына бару шарт емес. Яғни тиісті өтінімді, жеке куәлік көшірмесі мен жұмыспен қамту орталығынан алынған жолдаманы онлайн түрде беруге болады.

-Кәсіпкерлік негізіне оқыту бағдарламасы жұмыссыздарға арналған. Курсқа көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың мүшелері, мүмкіндігі шектеулі жандар қатыса алады. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, яғни құрылғанына үш жыл болмаған жеке кәсіпкерлік иелеріне де оқуға мүмкіндік бар. 21 күндік курс 12 модульге негізделген 50 сабақтан тұрады. Әр модуль соңында тапсырма беріледі. Оларды бизнес-тренерлер тексереді. Артынан жобаға қатысушылар тестілеуден өтіп, ең кемі 70 балл жинауы керек. Егер екі мәрте тестілеуден өте алмаса, онда арнайы сертификат берілмейді. Жобаға қатысушылардан курстың тиянақты дайындықты талап ететінін осыдан-ақ көруге болады, – деді БҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Сәуле Жұбаева.

Оқу барысында қатысушылар бизнес-жоспар дайындайды. Сертификат алғаннан соң олар 200 АЕК көлемінде мемлекеттік грант алуға өтінім бере алады немесе «Еңбек» бағдарламасымен жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алуға құқылы.

Айта кетейік, биыл «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 1150 батысқазақстандық кәсіпкерлік негіздеріне оқиды деп жоспарланып отыр. Облыс, аудан орталықтарында ұйымдастырылатын курстар 10 маусымында басталып, жыл соңына дейін созылады.

Мәди Ықылас

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале