Ақ Жайық өңірі әлемге көмірсутек шикізатының ірі экспорттаушысы ретінде белгілі. Қазіргі уақытта облыста шамамен 15 экспорттаушы компания жұмыс істейді. Олардың ішінен трансформаторларын (93,8%) Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Армения және Грузия нарықтарына шығаратын «Орал трансформатор зауыты» ЖШС компаниясын алдымен атап өтуге болады.
Фото: pixabay.com
«Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ ұн, макарон өнімдерін (44%) Ресей Федерациясына, Ауғанстанға және Түрікменстанға өткізеді. «Кублей» ЖШС ет пен ет қалбырларын (50%) Ресей Федерациясына, Қырғызстанға, Түрікменстанға, Тәжікстанға, Иранға экспорттайды. «Стеклосервис» ЖШС екі қабатты терезелерін (31,3%) Ресейге, Татарстанға, Башқұртстанға, «Квант» ЖШС жиһаз өнімдерін (2%) РФ, Тәжікстан, Армения, Қырғызстан және Өзбекстан нарықтарына, «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ындағы полиэтилен құбырларды РФ, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне, «Белес-Агро» ЖШС астықты (35%) Ресей Федерациясына, БАӘ-ге, Түрікменстанға, Ауғанстанға, «Теректі-май-комбинаты» ЖШС күнбағыс майын (45%) Қытайға, Өзбекстанға, Тәжікстанға және басқа елдерге шығаруда.
Өткен жылғы қазан айында «Packaiging systems» ЖШС ұсақ өнімдерді тасымалдайтын биг бэг өндірісі іске қосылған. Жылына 5 млн бірлік биг бэг өндіретін кәсіпорын өнімдерін 100 пайыз экспортқа бағыттаған. Өнімдері Польша, Бельгия, Ұлыбритания, Франция, Египет, Марокко және басқа да елдерге экспортталады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 280,3 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 17%-ға жоғары, оның ішінде технологиялық күрделілігі орташа экспорт көлемі – 69,6 млн АҚШ доллар және жоғары технологиялық күрделі экспорт шамасы 148,1 млн АҚШ (137,8%) болды.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
zhaikpress.kz