6.05.2022, 22:06
Оқылды: 37

171 ауыл сапалы суға мұқтаж

Батыс Қазақстан облысында 171 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. 2025 жылға дейін сапалы сумен толық қамту үшін 44 елді мекен орталықтандырылған су желісіне қосылуы керек, ал 127 шағын ауылға кешенді блок-модуль орнату қажет. Бұл жөнінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев хабарлады. Басқарма басшысы Бәйтерек (84,9%), Казталов (84,6%), Бөкей ордасы (84,5%) аудандарындағы елді мекендерді ауыз сумен қамту көрсеткіші ең төменгі деңгейде екенін айтты.

IMG-20220506-WA0121

Тұрғындарды сапалы сумен қамту мәселесі талқыланған жиналыста облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Миржан Нұртазиев ауыз суды субсидиялау барысы туралы баяндады. Оның дерегі бойынша 9 топтық және 110 жергілікті су құбырлары бойынша субсидия төленеді. Жыл сайын субсидиялау үшін 1,241 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінеді. Облыстағы елді мекендерді сумен жабдықтау тарифі 130 теңгеден 811 теңге шамасында. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халелов гидрогеологиялық зерттеу жұмысы туралы айтты. «Іздестіру-барлау және кен орындарының жер асты су қорын қайта бағалау жұмысы мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізіледі. Алдымен іздестіру-барлау жұмысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, 2 жыл қатарынан жер асты су қорын барлау жұмыстары жүргізіледі. 2004-2021 жылдары аралығында облысымызда 350 елді мекен, 2 жаңа кен орыны мен 20 кен орнының жер асты су қоры барланып, қайта бағаланды. Нәтижесінде елді мекендерді шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға мүмкіндік жасалуда. Бұл мақсатқа жалпы 3,5 млрд теңге жұмсалған», – деді ол. Облыс әкімі Ғали Есқалиев сала басшылары мен мамандарынан, кәсіпорын жетекшілерінен кешенді блок-модуль сапасы, гидрогеологиялық барлау жұмысының нәтижесі, субсидиялау барысы туралы тәптіштеп сұрады. Өңір жетекшісі елді мекендерді сумен қамту бойынша кейбір жұмыс бағыты туралы толыққанды ақпарат жинақтау керектігін айтып, Үкімет басшысының тапсырмасына сай 2025 жылға дейін облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мәселесін жедел шешу үшін нақты іс-шаралар жоспарын жасауды тиісті құрылым басшыларына жүктеді.

Нұртай Алтайұлы, 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале