Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте құзырлы мекеме өкілдері биылғы жылыту маусымына дайындық барысын баяндады.
«Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директорының орынбасары Бекболат Камешовтың айтуынша, жылыту маусымына дайындық барысында 832,0 млн теңгені игеру жоспарланған. Кәсіпорынның теңгерімінде ұзындығы 23,189 шақырым іргелес жылу желілері және 23 қазандық бар. Қазандықтар 144 тұрғын үйді, 27 әлеуметтік және 74 өнеркәсіп нысанын жылумен қамтып отыр. Биылғы жылыту маусымына дайындық жоспары бойынша 5,26 млн теңгеге ұзындығы 0,180 шақырым жылу желісін күрделі жөндеу қарастырылған. Бүгінде 5,275 млн теңгеге 180,5 шақырым трасса жөнделген. Өз сөзінде Бекболат Тілегенұлы кәсіпорынның апаттық жағдайға дайындық барысына да тоқталды.
«Кәсіпорында 12 адамнан тұратын апаттық-диспетчерлік қызмет (АДҚ) тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ құрамында 44 адам бар апаттық-техникалық команда және 25 адамнан тұратын ерікті өртке қарсы құралым бар. Олардың барлығы қажетті материалдармен, құралдармен, арнайы киіммен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар жылу электр орталығының аумағында төтенше жағдайлар салдарын жою және апаттық-құтқару жұмысын жүргізу үшін өрт сөндіру бөлімі (депо) орналастырылады.
2023-2024 жылғы күзгі-қысқы кезеңдегі апаттық жұмыстарға тарту үшін 5 вакуум машина, 4 экскаватор, 2 МТЗ-80 тракторы, екі-екіден КамАЗ бен МАЗ самосвалы, 3 автокран, БЛ-220 жылжымалы су сорғы, 5 дизель генераторы және басқа да техникалар мен жанар-жағармай қоры дайындалды», – деді ол.
Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Батыс Қазақстан өндірістік филиалының директоры Берік Омаровтың мәліметінше, жылыту маусымына дайындық барысында 33 050 906 теңгеге ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілген. Мәселен, 44,4 шақырым жер үсті газ құбырлары мен тіректер сырланып, газ қысымын реттегіштер, газ құдықтарының қақпақтары ауыстырылған. Кәсіпорында «Батыс Қазақстан облысының газ тарату құбырларын қайта құру, жаңғырту және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ БҚ ӨФ-ның 2021-2025 жылдарға арналған қолданыстағы активтерін қолдау» инвестициялық жобасы жүзеге асуда. Оның жалпы құны – 2 933 млн теңге. Бұл қаражаттың 90%-дан астамы «Ростоши – Тайпақ» жерасты газ құбырын ауыстыруға бағытталған. Аталмыш кәсіпорынның дебиторлық берешегі – 1 244 542,699 мың теңге. Газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсететін ұйымдар олардың жарамды және қауіпсіз болуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл ретте «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР заңының 19-бабы басшылыққа алынуы тиіс.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Рашид Бляловтың айтуынша, жылу беру маусымын өткізу кезеңінде тұрғын үй секторындағы өрттен және газдан уланатындардың саны күрт артады. Соңғы 4 жылда тұрмыстық газ тұтынушылар нысандарында 3 адам табиғи газдан уланып, қайтыс болған. Ал 39 адам түрлі дәрежеде уланған. Осындай қайғылы жайттың алдын алу үшін департамент қызметкерлері жылына екі рет тұрғын үйлерді аралап, профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеді. Әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға ерекше назар аударуда. Қазіргі уақытта осы санатқа жататын 443 отбасы есепке алынған. Осындай тексеру кезінде 443 үйдің 352-сінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмағаны анықталған. Яғни аутономды жылыту жүйелерімен байланысты 166, электр желілері мен электр жабдықтарын пайдалануға қатысты 219 және басқа 61 бұзушылық белгілі болып отыр. «Былтыр тұрмыстық газ баллондарының жарылуы салдарынан облыста 3 өрт оқиғасы тіркеліп, 1 адам жарақат алды. Биыл мұндай оқиғалар тіркелген жоқ. Ескі және мерзімі өтіп кеткен газ баллондарды қолданатындардың көпшілігі қаланың шетінде немесе ауылдық елді мекендерде тұратындықтан, жағдайды қиындатып отыр. Тұтынушылардың көпшілігі, әдетте, баллондарды жақын маңдағы тұрмыстық баллондарды толтыруға құқығы жоқ автогаз құю стансаларында толтырады. Алайда олардың бұл әрекеттері заңсыз. Біз өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске саламыз. Пештерді, газ қондырғылары мен электр жылыту құралдарын пайдаланғанда қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн. Балаларға пеш жаққызуға болмайды. Оларды үлкендердің қарауынсыз қалдыру да қауіпті», – деді Рашид Бекетұлы.
Айна Имашева