Орал қаласындағы РУ-170/2 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Владислав Погодаевтің өліміне қатысты облыс прокурорының аға көмекшісі Тимурлан Исмаилбаев брифингте осындай мәлімдеме жасады. Оның баяндауынша, 2015 жылы В. Погодаевті Зеленов аудандық соты ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-бабына (зорлау) сәйкес ауыр қылмыс жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен.
Биылғы мамырдың 30-ында РУ-170/2 мекемесінің медициналық-санитарлық бөлімінің бақылауында болған тұтқынның денсаулығы күрт нашарлап, Орал қалалық көпбейінді ауруханаға «жедел жәрдем» көлігімен жеткізілген. Мамырдың 31-і күні науқас ауыр дерттен көз жұмды. Орал қаласының азаматтық актілерді тіркеу бөлімі берген №365 медициналық куәлікте оның өліміне ми ісігі себеп болғаны жайында жазылған.
Бірақ Зеленый ауылының тұрғыны, сотталушының анасы Надежда Погодаева «Орал апталығы» газетінің тілшісіне ұлының өліміне қатысты өзінің күдігін айтып, сұхбат жариялаған. Ол сұхбатында сәуір айында Владиславтың Әнұран сөзін білмегені үшін түрме қызметкерлері оған қол жұмсағанын, содан денсаулығы нашарлап кеткенін айтқанын есіне түсірген.
«Мамырдың 31-інен бастап сотқа дейінгі тергеу амалы басталды, сот-медициналық сараптамасы жүргізілуде. Облыс прокуроры В. Погодаевтің анасының айтқан уәжін қаперге алу, РУ-170/2 мекемесінде көрсетілетін медициналық қызмет сапасын тексеру жөнінде арнайы прокурорға тапсырма берді. Яғни, қылмыстық істің жүргізілу барысы облыстық прокуратураның бақылауында болады. Заң жүзінде екі ай мерзім берілсе де, тексеру амалдарының нәтижесін неғұрлым ерте хабарлауға тырысамыз», – деді Тимурлан Исмаилбаев.
Брифингте «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстанның халықаралық бюросы» филиалының директоры Павел Кочетков аталған жайтты бұқаралық ақпарат құралы арқылы білгенін, соған қатысты жүргізілетін тергеу амалдарының ашықтығын қамтамасыз етуге атсалысатынын мәлімдеді.
Нұртай АЛТАЙҰЛЫ
zhaikpress.kz