2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізіледі. Бұл жайында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасованың Мәжіліс депуттарының сауалына берген жауабында айтылды.
«Биыл наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша микрокредиттеу субъектілеріне қатысты қатаң біліктілік талаптары белгіленді. Олардың аясында ломбардтардың, кредиттік серіктестіктердің басшы қызметкерлері мен қатысушыларына қойылатын талаптар күшейтілді», - деді агенттік төрайымы. Оның атап өтуінше, микрокредиттеу субъектілерін есептік тіркеуге алу жеделдетілді. Жарғылық капиталдың ең төмен мөлшеріне, ломбардтардың қызметін ұйымдастыруға, олардың үй-жайларының қауіпсіздігі мен техникалық нығайтылуына қойылатын талаптар арттырылды. «Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізілетін болады. Заңнамалық актілерге тиісті түзетулерге Қазақстан Республикасының Президенті осы жылғы 3 шілдеде қол қойды. Лицензиялауды енгізу микроқаржылық қызмет субъектілерін қаржы ұйымдарына жатқызуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғау қағидаттарына сәйкес келетін қаржылық көрсетілетін қызметтер мен қаржы нарығының бірыңғай заңнамалық анықтамасын құруға мүмкіндік береді. Осылайша, банктерге және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты қарыздар беруге қатысты реттеу мен қадағалауға қойылатын бірыңғай талаптар белгіленеді», - деді Мәдина Әбілқасымова.
zhaikpress.kz