ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, 2030 жылға дейін қаладағы қоғамдық көліктер экологиялық таза жанармайға ауыстырылады.
«2018 жылдан бастап Еуро-5 экологиялық стандарқа ауыстырылды. Жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, 2030 жылға дейін барлық қалалық жолаушылар көлігін экологиялық таза жанармайға ауыстыруға қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Автокөлік құралдарының нормативтік техникалық жай-күйін және зиянды заттар шығарындылары нормаларын сақтау үшін техникалық тексеру орталықтарының және көлік иелерінің техникалық тексеруден жалған өткені үшін жауапкершілігін күшейту жұмысы жүріп жатыр», - деді ол Үкімет отырысында.
Вице-министрдің мәліметі бойынша, 2025 жылға дейін барлық техникалық нормативтер халықаралық стандартқа сәйкестендіріліп, қабылданған шаралар 2030 жылға дейін жүк көлігінің кемінде 30% және жеңіл көліктердің шамамен 70% экологиялық таза жанармайға ауыстыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, үкімет отырысында Қайырбек Өскенбаев өнеркәсіп алпауыттарының экологиялық шараларға қанша қаржы жұмсайтынын айтты.
Дереккөз: ҚазАқпарат