23 ақпан күні елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында қар жауып, көктайғақ күтіледі. Республиканың қалған аумағында антициклон жотасының әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Жекелеген өңірлерде тұман, екпінді жел болжанады. ҚазАқпарат бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасап хабарлайды.
Ақмола облысының солтүстік-батысы мен оңтүстігінде тұман, көктайғақ күтіледі, түнде солтүстігінде, шығысында жел 15-20 м/с күшейеді, шығыс жартысында бұрқасын болады.
Түнде және таңертең Алматы облысының солтүстігінде тұман болжанады. Жалаңашкөл ауданында жел 18-23 м/с күшейеді.
Жамбыл облысының солтүстік-шығысында және таулы аудандарында жел 15-20 м/с артады. Түнде және таңертең солтүстігінде және өңірдің таулы аудандарында тұман болады.
Қостанай облысының солтүстік-шығысында жаяу бұрқасын жүріп, желдің күші 15-20 м/с артады. Өңірдің батысы мен оңтүстік-батысында тұман күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде тұман, түнде шығысында, күндіз солтүстігінде жаяу бұрқасын, көктайғақ болады. Күндіз өңірдің солтүстігінде, батысында желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.
Павлодар облысының солтүстігінде, орталығында тұман, көктайғақ күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде бұрқасын болады. Жарма ауданында жел 15-20 м/с күшейеді.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, Атырау облысының батысында, орталығында солтүстігінде, Ақтөбе облысының солтүстігінде, оңтүстік-шығысында, орталығында, түнде және таңертең Маңғыстау облысының орталығында тұман болжанады.
Фотосурет egemen.kz сайтынан алынды