Олимпиада туралы қызық деректер
1948 жылдың қаңтар айында Швейцариядағы Санкт-Морицте халықаралық олимпиада комитетінің 48-сессиясы өтті. Дәл сол жиында Халықаралық олимпиада күні бекітілді. Содан бері маусымның 23-і аталмыш мереке болып тойланып келеді. Бұл күннің таңдалуы да тектен-тек емес. Өйткені 1894 жылы 23 маусым күні олимпиада қозғалысын жаңартушы, барон Пьер де Кубертен атлетикалық конгрестің алдында өзінің тарихи баяндамасын жасап, ХОК-тің құрылғанын жариялады. 1896 жылы конгресс алғашқы олимпиада ойындарын Грекияда өткізу шешімін қабылдады. Ал Пьер де Кубертен ХОК-ті басқаруды бастады. Бірінші олимпиадада 13 елден келген 311 атлет спорттың 13 түрінен сынға түсті. Содан бері талай спортшының бағын ашып, әлемге талай мықтыны танытқан олимпиада ойындары өткізіліп келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің спортшылар да төртжылдықтың басты спорт додасынан шет қалмады. Әсіресе, боксшылар олимп шыңын талай бағындырды.
Осы бір айтулы күнге орай оқырман назарына олимпиада туралы қызықты деректерді ұсынғанды жөн Ежелгі Грекияда 776 жылы басталған олимпиада ойындары туралы деректерді оқып отырып, оның жауласқан елдерді татуластыратын ойын болғанын барлығымыз білеміз.
Тіпті олимпиада кезінде соғыс ашқан елдерді спорттық додадан шеттеткені де тарихтан белгілі. Бірақ оның уақыт өлшегіш құрал болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ежелгі Грекияда белгілі бір оқиғаның қай уақытта болғанын ұмытқан жандар «Ол оқиға екі олимпиада бұрын болыпты», – деп әңгімесін бастайды екен. Оны грек мифологиясын оқыған кезде де байқауға болады.
UFS-дің түп тамыры – олимпиада
Ежелгі олимпиадаға келген палуандар «Панкратион» атты күрес түрінен сынға түскен. Ол күрестің тек екі-ақ ережесі болды. Палуан қарсыласын тістемеуі және көзін шұқымауы керек екен. Бұл ережені бұзған атлетке дүре соғылған.
Платон – олимпиада чемпионы!
Ежелгі грек философы Платон панкратионнан олимпиада ойындарының жеңімпазы болған. Ал панкратионнан бақ сынаған Арихон атты палуанға чемпион атағы қайтыс болғаннан кейін берілген. Өйткені ол қарсыласының қылғындыру әдісіне түсіп қалған. Қазіргідей жер соғып, берілгенін мойындау деген жоқ. Қарсыласы қылғындырып жатқан кезде тынысы тарылған Арихон оның башпайын қайырып үлгерген. Аяғы қатты ауырған қарсыласы жеңілгенін мойындап, Арихонды жіберген кезде палуан жан тапсырыпты. Төрешілер жеңісті Арихонға берген.
«Арқан тарту» бағдарламада болған
Қайта жаңғырған Грекиядағы олимпиада ойындарының бағдарламасында тас лақтыру, орнында тұрып, биікке секіру, арқан тарту және кедергілер арқылы жүзу сияқты спорт түрлері кірген. Тағы бір қызық дерек. Алғашқы олимпиада ойындарында алтын медаль тек спортшыларға ғана емес, суретшілерге, архитекторлар мен мүсіншілерге де берілген. Бірақ олар өз шығармаларында олимпиада тақырыбын қаузауы керек болды.
Жақсылық па, әлжан ба?
Қазақ жанкүйерін мазалайтын сауал осы. Кейбіреулер қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы классикалық күрестің (грек-рим) шебері Жақсылық Үшкемпіров десе, енді бірі баскетболшы Әлжан Жармұхамедов дейді. Шын мәнінде, олимп шыңын бағындырған тұңғыш қазақ баскетболшы Әлжан ағамыз. Бірақ қос батырымыз кімнің бірінші дегеніне еш таласқан емес. Оралға келген сапарында Әлжан Жармұхамедов: «Мен – қазақпын. Бірақ жаттығуымды бірде өзбек елінде, енді бірде Мәскеуде өткіздім. Ал Жақсылық – өзінің жолын қазақ топырағында бастап, қазақ топырағында жаттыққан спортшылардың алғашқысы. Екеумізді де алғашқы дей берсеңіздер болады», – деген еді.
Бүгінде олимпиада ежелгі кейпінен әлдеқайда өзгерді.
Алғашында болған кей спорт түрлері өзгерді. Бір кездегідей емес, осы күні қатысушылардың саны да көбейді. Бір жылдан соң Париж төрінде кезекті олимпиада басталады. Қазақ спортшылары биік шыңдарды бағындырады деген үміттеміз.
Алғашқы алау
Қазіргі ойындарды олимпиада алауынсыз елестету мүмкін емес. Бірақ оны біздің заманымызда алғаш рет фашистік Германия іске асырды. 1936 жылы олимпиада ойындарын қабылдаған гитлерлік Германия олимпиада алауының шеруін ұйымдастырды. Содан бері ол ойындардың ажырамас атрибутына айналды. Кей деректерде ежелгі Грекиядағы олимпиада да алау болғаны айтылады. Бірақ оны ойындардан кейін марафон жеңімпазы жақты делінеді.
«Mcdonald’s» құлдырай жаздады
1984 жылы төртжылдықтың басты спорт додасын АҚШ қабылдады. Осыған орай «McDonald’s» ерекше акция ұйымдастырды. «McDonald’s» өз елінің спортшысы жеңіп алған әр қола медалі үшін келушіге тегін кола, күміс медаль жеңген кезде қуырылған картоп, алтын медаль үшін тегін «биг-мак» таратты. Ақыр соңында мұндай акция компанияны банкрот ете жаздады. Өйткені АҚШ-қа КСРО құрамасы бармай қалды. Басты қарсыласы келмегендіктен, АҚШ спортшылары екі есе көп медаль жеңіп алды.
Түгелбай Кенжеғалиұлы,
«Орал өңірі»