19.10.2023, 9:45
Оқылды: 47

24 адам дәстүрлі дінге оралды

Діни қарым-қатынастар саласында  биыл облыста 11  әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов айтып берді. Әкімшілік істерді облыстық полиция департаменті анықтаған.

талгат

– Бәйтерек ауданының 3 тұрғыны ҚР ӘҚБтК-ның 453-бабы 1-бөлігі, 453-бабының 4-бөлігі (әлеуметтік желілерде тыйым салынған экстремистік материалдарды жариялау), 490-бабы 1-бөлігі (дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізу), Терек­ті ауданының бір тұрғыны ҚР ӘҚБтК-ның 453-бабы 1-бөлігі, Орал қаласының бес тұрғыны ҚР ӘҚБтК0-ның 453-ба­бы 1-бөлігін, ҚР ӘҚБтКО-ның 489-бабы 10-бөлігін (тiркелмеген дiни бiрлестiктердiң қызметiне қатысу), 490-бабы 1-бөлігі, 3-тармағын (діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) тарату) бұзу дерегі бойынша сот қаулысымен кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 324 айлық есептік көрсеткіш айыппұл төледі. Сондай-ақ Орал қаласының екі тұрғынының ісі ҚР ӘҚБтК-ның 453-бабы 1-бөлігін бұзу дерегі бойынша сотқа жолданды, – деді Талғат Нығметов.

Спикердің мәлімдеуінше, қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында 8 конфессияны құрайтын 86 діни бірлестік жұмыс істейді. Облыс аумағында 11 миссионер қызмет етуде.

Атап айтсақ, 53 исламдық діни бірлес­тік (ҚМДБ филиалдары), 20 православиелік (Епархиялық православиелік шіркеулер - 18, Ескі нанымды православиелік шіркеуі – 1,  Древле­пра­вославие шіркеуі – 1) және Рим-католик шіркеуі – 2 (Атырау Рим-католик апостол­дық әкімшілігінің филиалы, «Ақсай қаласының «Әулие Жүсіптің Рим-католиктік махалласы» діни бірлестігі), протестанттық ДБ – 9 (Елуіншілер – 3, Інжілдік мәсіхші баптистер – 5, Жетінші күн адвентистері – 1), Ехоба куәгерлері – 1, буддистік ДБ – 1.

Облыс аумағында 83 ғибадат үйі (53 мешіт, 18 православие шіркеуі, 2 католиктік шіркеу, 9 протестанттық ғиба­дат үйі, 1 Ехоба куәгерлерінің патшалық сарайы) тіркелген.

Өңірде діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды таратуға арналған 7 арнайы стационарлық орын белгіленді. Бұдан басқа төрт намазхана және екі православиелік кіші шіркеу (часовня) бар. Облыс аумағында 11 миссионер анықталған. Олардың ішінде бесеуі  Польша, біреуі  Филиппин, біреуі  Қазақстан Республикасы, үшеуі Ресей Федерациясының азаматы және біреуінде азаматтығы жоқ. Тұтастай алғанда облыс аумағында діни ахуал тұрақты және болжамды. Өңірде түрлі этностар мен конфессиялар өкілдері бейбітшілік пен бірлікте өмір сүруде.

БҚО бойынша дін саласында 103 мүшеден тұратын 14 ақпараттық-түсіндіру тобы  жұмыс істейді (бір облыстық  топ, бір қалалық топ, 12 аудандық). АТТ  (ақпараттық түсіндіру топ) мүшелерінің кәсіби дағдыларын ескере отырып, әрқайсысына тиісті тақырыптар бекітілген.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің келісімімен облыс көлеміндегі әртүрлі мақсатты діни топтарға тәуекел дәрежесіне (жоғары, орта, төмен) сәйкес ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

– Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, халықтың діни сауаттылығын арттыру, конфессияаралық келісімді нығайту, адамгершілік рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында БҚО-ның бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет кеңістігінде жалпы 2299 материал жарық көрді. Интернет кеңістіктің мониторингі барысында деструктивті сипаттағы 18 898 материал анықталып, 234 сілтеме бұғатталды.

Азаматтарға теологиялық және психологиялық кеңес беру бағытында есепті кезеңде 977 адаммен 1425 жеке кездесу өткізілді. Аталған бағыттағы жұмыстардың субъектілеріне басқармадан бөлек, қала және барлық аудан әкімдіктері де кіреді. Жыл басынан бері 24 адам дәстүрлі ислам дініне оралып, 68 адам қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді, – деді баспасөз мәслихатын түйіндеген спикер Талғат Рақымұлы.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале