Былтыр облыста атмосфераға 34,4 мың тонна зиянды зат шығарылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
– Ауаға шығарылған зиянды заттың 44 пайызы (15,1 мың тонна) I санатты ірі табиғат пайдаланушылардың үлесіне тиесілі. Олардың қатарында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясы, «Жайықмұнай» және «ICM recycling» ЖШС-лары мен «Конденсат» АҚ бар. Қалған 56 пайызын (19,3 мың тонна) ІІ, ІІІ санатты табиғат пайдаланушылар шығарған, – деді ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев. Мұрат Шыманғалиұлының айтуынша, соңғы 5 жылда зиянды шығарындылардың мөлшері 29 мың тоннаға төмендеген. Былтыр облыста ағынды сулармен төгілген 82,2 мың тонна зиянды заттың 97 пайызы «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» (77 мың тонна) компаниясынан шыққан. Сондай-ақ облыста 45,5 мың тонна қалдық жиналып, 132 мың тоннасы көмілген.
Баяндамашы мәлім еткендей, департамент мамандары 2022 жылы мемлекеттік экологиялық бақылау бағытында өңірдегі 63 кәсіпорын мен ұйымды тексерген. Экологиялық нормалар мен қағида талаптарының бұзылуына байланысты 171 деректі анықтаған. Оларды жою мақсатында 149 ұйғарым беріліп, оның 132-сі немесе 88,6 пайызы орындалыпты. 20 заңды тұлға мен 29 лауазым иесіне 13,3 млн теңгеге 49 әкімшілік айыппұл салынған.
– Былтыр облыста рұқсатсыз орналастырылған қалдықтардың 318 орны анықталды. 2021 жылмен салыстырғанда мұндай үйінділердің саны 35 пайызға өскен. Олардың басым көпшілігі, яғни 117-сі Бәйтерек ауданында болса, Бөрлі ауданында – 87, Оралда – 50, ал Теректі ауданында 46-сы бар.
Сырым, Тасқала және Ақжайық аудандарында да жоқ емес. Жыл соңында заңсыз қоқыс орындарының 178-і немесе 56%-ы жойылды. Бұл көрсеткіштер өңірдегі жергілікті атқарушы құрылымдардың ҚР Президентінің стихиялық қоқыс орындарын жою жөніндегі тапсырмасын нашар орындайтындарын айғақтайды. Бөрлі ауданында заңсыз қоқыс полигондары өте аз (87-нің 19-ы) жойылған. Сол себепті Бөрлі ауданы прокуратурасының ұсынысымен «Бөрлі ауданы әкімінің аппараты» ММ-сі жоспардан тыс тексерілді. Қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Департамент мамандары облыстағы прокуратура құрылымдарының ұсынымдарына сәйкес 10 ауданда стихиялық қоқыс орындарын анықтау үшін жоспардан тыс тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде 27 ауылдың әкімі ҚР ӘҚБтК-ның 344-бабы 3-тармағына сәйкес («Қалдықтарды жинақтау, жинау, тасымалдау, есепке алу, қалпына келтіру, жою және залалсыздандыру бойынша экологиялық талаптарды бұзу») әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Лауазымды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, – деді департамент басшысы.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz