28.12.2021, 12:30
Оқылды: 51

27 мыңнан астам қазақстандық ЕАЭО аумағындағы бос жұмыс орындарына қызығушылық танытты

242 мыңнан астам адам биылдың 1 шілдесінде іске қосылған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі бос жұмыс орындарын іздеудің «Шекарасыз жұмыс» порталына кірді, олардың 27,7 мыңы қазақстандықтар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

14

«Бүгінгі таңда сервистің белсенді пайдаланушыларының (қызметкерлер мен жұмыс берушілердің) саны 59,2 мың, оның ішінде 2,8 мың қазақстандық бар. Статистикаға сәйкес, Қазақстан азаматтары Беларусь Республикасындағы бос орындарға 23 жауап және Ресей Федерациясындағы бос орындарға 362 жауап жіберген. Өз кезегінде, қазақстандық жұмыс берушілер ресейліктерден 53 пікір және белорустардан 2 пікір алған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының жұмыс іздеуші азаматтары Ресей Федерациясынан әңгімелесуге 643 шақыру алды», - делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінде.

Естеріңізге сала кетейік, «Шекарасыз жұмыс» порталы 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істейді. Бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту саласындағы ақпараттық жүйелерінде қамтылған бос жұмыс орындары мен бос жұмыс орындарын іздеушілер туралы ақпаратқа қол жеткізуге арналған біріздендірілген іздеу жүйесі.

Жобада бес елдің (Армения, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей) жұмыс іздеудің қолданыстағы ұлттық жүйелері іске қосылған. Жобаны іске асыру аясында жүйе пайдаланушыларына аумақтарында жұмыс іздеуді немесе персоналды іріктеуді жүзеге асыру, ұлттық ақпараттық жүйелерге әмбебап іздестіру сұратуын қалыптастыру, бос жұмыс орындары мен түйіндемелер бойынша ақпаратқа қол жеткізу, сондай-ақ жауап жіберу немесе әңгімелесуге шақыру мүмкіндігі талап етілетін бір немесе бірнеше мүше мемлекетті таңдау мүмкіндігі берілген.

Бұл цифрлық жүйе ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарына жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу үшін (өз елінің аумағында да, ЕАЭО-ға мүше өзге мемлекеттерде де), ал жұмыс берушілерге персонал іздеу үшін жаңа мүмкіндіктер берді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале