7.07.2026, 13:00
Оқылды: 0

300 жас домбырашы күй күмбірлетті

Елімізде шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Осыған орай шаһардағы ҚР тұңғыш Президент алаңында «Домбыра – дәуір үні» деп аталатын домбырашылар марафоны өтті.  Бұл іс-шараны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы  орталығы  ұйымдастырды. 

DSC07777.JPG

2018 жылы шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспабының күні ретіне бекітіліп, тойланып келеді. Бұл – ұлттық  өнерді ұлықтайтын, халқымыздың рухани мұрасын дәріптейтін айтулы мереке. Биыл Ұлттық домбыра күні мен Астана күні еліміз үшін аса маңызды қоғамдық-саяси мереке – Қазақстан Республикасы Конституциясының ресми түрде күшіне енген күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – халқымыздың рухани мұрасы мен тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негіздері сабақтасқан, ұлттық бірегейлік пен егемен еліміздің құндылықтарын ұлықтайтын ерекше тарихи кезең.

Домбыра – ұлттың үні, тарихтың шежіресі, рухтың символы болса, Конституция – тәуелсіз Қазақстанның берік құқықтық іргетасы, ел бірлігі мен тұрақтылығының  кепілі. Осы үш маңызды мерекенің бір мезгілде аталып өтуі ұлттық құндылықтар мен заң үстемдігіне негізделген мемлекет құру қағидаттарының өзара үндестігін айқын көрсетеді.

Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, шаһар басшысы Мұрат Байменов, қала тұрғындары мен ұлттық өнерге жанашыр азаматтар қатысты. Алдымен Нариман Төреғалиұлы жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

– Ұлт рухының асыл қазынасы, халқымыздың төл мұрасы мен мәдени құндылықтарының алтын арқауы саналатын қасиетті қара домбыраның мерекесі – Ұлттық домбыра күні құтты болсын!

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев домбыраны қазақ халқының қасиетті құндылығы әрі ұлттық бірегейлігіміздің айқын символы екенін ерекше атап өтті. Президент: «Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлидің «Нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы тегін емес. Расында, домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз. Домбыра қастерлі құндылығымыз ретінде ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы керек», – деп ұлттық мұрамызды, әсіресе қасиетті домбыраны әлемге таныту – баршамызға ортақ парыз екенін айрықша атап көрсетті. Шынында да, домбыра – қазақтың жаны, ел тарихының шежіресі, ұлттың рухын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген қасиетті аманат. Оның қос ішегінен төгілген әрбір күй – халқымыздың қуанышы мен қайғысын, азаттығы мен арманын, бірлігі мен болашағын бейнелейтін мәңгілік үн.

Биылғы мерекенің мәні тіпті айрықша. Ата заңымыз мемлекетіміздің тұрақтылығы мен бірлігінің мызғымас кепілі болса, қасиетті домбыра – халқымыздың рухани тамыры, ұлттық болмысымыздың мәңгілік белгісі. Қасиетті қара домбыраның қоңыр үні әрдайым ұлт рухын асқақтатып, тәуелсіз Қазақстанның мәңгілік үні болып шарықтай берсін! – деді өңір басшысы.

Мерекелік бағдарлама барысында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынды. Одан кейін Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық акамдемиялық филармония әртістері өнер көрсетті. Іс-шара содан соң домбырашылар марафонына ұласып, облысымыздағы өнер орталықтары мен мектептеріндегі 300-ден аса жас домбырашы бір мезетте Қ. Сағырбайұлының «Балбырауын» күйі мен «TURAN» этнофольклорлық ансамблінің «Ер-Тұран» композициясын орындады. Орал қаласына қарасты Круглоозерный кентіндегі орта мектептің 7-сынып оқушысы Айару Жұбандық осыдан төрт жыл ілгеріде домбыра үйірмесіне қатысып бастаған. Бүгінде 20-ға жуық күйді меңгерген көкөрім қыз облыста өтетін күйшілер байқауында жүлделі болып жүр. Ол осы іс-шарада өзі секілді қатарластарымен бірге түрлі күйлер орындады. Сазды кеште Ақ Жайық өңірінен шыққан Ғ. Құрманғалиев, Д. Нұрпейісова, М. Мерәліұлы секілді тұлғалардың да шығармалары насихатталды. Көрермендерге күй тыңдатылып, олардың атауын дұрыс атаған азаматтар сыйлыққа ие болды.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале