Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы — ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, шаруаларға, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында іске қосылғанын атап өткен болатын.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысында ірі жобалар жүзеге асырылуда.
Мәселен, 2023 жылы бағдарламасы аясында ауылдағы шағын бизнесті дамыту үшін 6 млрд 400 млн. теңге қаржы бағытталып, 987 азаматқа несие берілген. Нәтижесінде 900-ден астам жұмыс орны құрылды.
2024 жылы бағдарлама арқылы кәсібін бастаған 116 азаматқа 1,5 млрд несие берілген. Осылайша, 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Ал, биылғы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерде 815 адамға шағын несие беру арқылы 886 жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Жақында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы БҚО, Бәйтерек ауданы Макаров ауылында жаңа құс фермасы іске қосылды. Құс фабрикасы жылына 900 мың дана жұмыртқа өндіруге қауқарлы.
Сондай-ақ, өткен жылы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі және өңіріміздегі ірі мұнай-газ өңдейтін Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. (KPO B.V.) компаниясы арасында облыстағы шаруашылықтардың өнімдерін сату бойынша арнайы меморандум бекітілген болатын.
Қазіргі уақытта осы бағытта ауылшаруашылығы өнімдерін КПО компаниясы сатып алуды жүзеге асыруда.
Бүгінгі күнге дейін ірі кәсіпорындар компанияға 342 млн. теңгенің өнімін сатқан.
«Мемлекет басшысы халыққа жолдауында ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу тұрғысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызды екенін атап өткен болатын. Енді міне, біз тиісті көмекті сезініп жатырмыз. Бағдарламаның қолдауымен құс фабрикасын аштық. Облыстық бюджет арқылы техниканы лизингке алдық. Сондай-ақ, өнімдерімізді облысымыздағы Қарашығанақ компаниясына тікелей сатуға мүмкіндігіміз бар. Бұл біз үшін үлкен қолдау», - деп атап өтті кәсіпкер Әлібек Ғабдулов.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі