12.06.2025, 17:30
Оқылды: 135

Нұрсәттің нұрлы сәттері

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Talap» КеАҚ ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №1134 қаулысымен бекітілген «Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының» 61-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық байқау ұйымдастырылды. Байқау үш кезеңнен тұрды: колледжішілік, өңірлік және республикалық. Колледжішілік кезеңіне 17 студент қатысып, ең жоғары бал жинаған бес студент өңірлік кезеңге жолдама алды. Өңірлік кезеңге облысымыздағы 35 колледжден 20 студент қатысты.

WhatsApp Image 2025-06-12 at 18.05.59

Өңірлік кезеңді БҚО білім басқарамсы жанындағы әдістемелік орталық ұйымдастырып, арнайы құралған сарапшылар үміткерлердің құжаттарын саралады және әр қатысушы өз жұмыстарын сарапшылар алдында қорғады. Нәтижесінде 10 студент облыс намысын республика деңгейінде қорғайтын болды. Жалпы, байқаудың ішкі кезеңіне 2600 студент қатысып, республикалық кезеңде үздік студенттерді анықтау үшін 44 сарапшы әр қатысушының жұмысын бағалады. Нәтижесінде «ТОП-100» студент қатарына облысымыздың үш студенті енді, солардың бірі – Нұрсәт Жұмекенұлы Ғазиз туралы бүгін әңгіме қозғаймыз.

Нұрсәт Ғазиз 2008 жылдың 14 сәуірінде Казталов ауданында өмірге келген. Ол Талдыапан жалпы орта білім беретін мектебінде білім алған.  2023 жылы 9-сыныпты аяқтап, Орал қаласындағы Жоғары инженерлік-технологиялық колледждің «ветеринария» мамандығына оқуға түскен. Бұл мамандықты таңдауға Нұрсәттің айтуы бойынша, оның ауылдық жерде өсіп, төрт түлікті жақсы білетіні, оларды емдегісі келетіні және алдағы уақытта мал шаруашылығымен айналысуды қалайтыны себеп болған. Ал бұл колледжді таңдауына осы оқу-білім ошағында оқитын қатарластарының және колледждің әлеуметтік желісіндегі студент жастардың белсенділігі себеп болған.

3 (1)

– Мектеп қабырғасында  жүріп, колледждің әлеуметтік желідегі жұмыстарының шынайылығына көзім жетті, – дейді Нұрсәт.

Нұрсәт бірінші курстың алғашқы күндеріненақ студенттік өзін-өзі басқару ұйымының жұмыстарына белсенді араласа бастады, белді мүшесіне айналды. Ол бертін келе колледж қабырғасында білім ала жүріп, облысымыздың белсенді жастарының біріне айналды.

Табанды еңбегі мен көшбасшылық қабілетінің арқасында түрлі әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болды. Әр ісіне жауапкершілікпен қарап, достары мен курстастарына үлгі-өнеге көрсете білді. Ол өз қатарластарынан белсенділігімен, жаңашылдығымен ерекшеленді. Мәнерлеп оқу өнеріне ерекше қызығушылық танытып, түрлі байқауларға қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды. Соның ішінде облыстық деңгейде  өткен мәнерлеп оқу байқауында жеңімпаз атанып, колледж абыройын асқақтатты. Жас та болса, жетістігі мол Нұрсәттің қоғамдық және мәдени іс-шараларға белсене қатысқан еңбегі еленіп, облыс  және қала әкімдерінің алғысхаттарымен марапатталды. Қоғамдық істерге деген шынайы ықыласы мен ел болашағына деген жауапкершілік сезімі оны өңіріміздегі үлгілі жас көшбасшылардың біріне айналдырды.

Нұрсәтті «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық байқауына қатысуды колледж директоры ұсынған. Ол құжаттарды, материалдарды жинақтап, бейнетүсірілім жасауға қолдау көрсеткен жоғары курс студенттері мен колледж директорының оқу-өндірістік мәселелер бойынша орынбасары Тасболат Серікқалиевқа және жалпы колледж ұжымына дән риза.

Серік Әлімбеков,

Жоғары инженерліктехнологиялық  колледждің  директоры,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале