Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты бүгін «Ел ырысы» базарында «Қазақстанда жасалған» отандық тауар өндірушілердің жәрмеңкесі басталды.
Оннан астам сауда нүктесінде жергілікті кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер ұн, сүт, макарон өнімдерін, көкөніс, өсімдік майын, қалбырдағы балық етін, шұжық пен кондитерлік өнімдерді саттыққа шығарды. Жәрмеңкені облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен «Орал» ӘКК» АҚ ұйымдастыруда.
– Азық-түлік жәрмеңкесінде тауарлар еш делдалсыз өндірушілердің бағасымен ұсынылуда. Мәселен, тазартылған күріштің келісі 210 теңгеден сатылса, базардағы құны 230 теңгеге қойылған. Картоп, сәбіз, пияз 20-30 теңгеге төмен бағамен сатылуда. Жәрмеңкедегі баға құнын жергілікті әкімдік бақылауға алынған. Тауар өндірушілерге павильондағы сауда орындары ақысыз беріліп отыр, – дейді «Ел ырысы» базарының басшысы Нұрлан Наурызбаев.
«Қазақстанда жасалған» акциясы екі күн бойына «Ұлы дала өнімдері» жәрмеңкесімен жалғасын таппақ. Ертең оған аудандардан келетін шаруа қожалықтары мен мал өсіретін кәсіпорындар қатыспақ. Жәрмеңкеде сиыр еті 1000-1100, жылқы еті 1000-1200 теңге аралығында болмақ. «Ел ырысы» базарындағы шараға 30-дан астам отандық тауар өндіруші қатысады деп күтілуде.
Нұртай Текебаев
www.zhaikpress.kz