Бүгін кешкісін Орал қаласындағы жаңажылдық басты шыршаның шамдары салтанатты түрде жағылды.
Шаһардың жаңа алаңында өткен аталмыш шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.
- Құрметті батысқазақстандықтар! Сіздерді келе жатқан жаңа 2017 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Биыл ерекше тарихи жыл болды. Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығын жыл бойы атап өттік. 2016 жыл біздің өңіріміз үшін де толағай табыстар мен жетістіктерге толы болды. Қазір біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап салынған алаңда тұрмыз. Оң жағымызға қарасақ, жаңа ғимараттар мен зәулім үйлер, сол жағымызда Салтанат сарайы, Достық үйі, арқа тұсымызда Назарбаев зияткерлік мектебі орналасқан. Күні кеше ғана қалалық көпбейінді аурухананы аштық. Мұның бәрі – Тәуелсіздіктің жемісі.
25 жылдың ішінде өңірдің жалпы ұлттық өнімі 800 миллион теңгеден 1 триллион 700 миллиард теңгеге дейін жеткен екен. Бұл - орасан зор еңбек пен бірліктің нәтижесі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұстанған саясатының жемісі. Биылдың өзінде өңірімізде күрделі жөндеуден өткен және жаңадан салынған жолдың ұзындығы 250 шақырымға жетті. 1500 пәтер тұрғындардың игілігіне берілді. Мұның бәрі - Елбасы қабылдаған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуының көрсеткіші. Жаңа жыл жаңа бақыт, жаңа табыс әкелсін! - деді облыс басшысы құттықтау сөзінде.
Алтай Сейдірұлы «сиқырлы отсепкішті» қолына алып, алаңға жиылған тұрғындармен бірге облыстың басты шыршасының шамдарын салтанатты түрде жақты.
Шара қалалық өнер ұжымдарының мерекелік концертіне ұласты. Басты шыршамен бір мезгілде қаламыздағы Абай алаңы, «Лепесток» тынымбағы, Жайық жағалауы және Зашаған кентіне қойылған шырша шамдары да жарқырай түсті.
Нұртас Набиоллаұлы
www.zhaikpress.kz