21.04.2022, 9:45
Оқылды: 99

4,015 гектарға жаздық дақылдар егіледі

Облыстың шаруаларын тұқыммен қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме –Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы.  

IMG-20220421-WA0009

Биыл аталмыш станса 4,015 гектарға жаздық дақылдар екпек. Соның ішінде арпа – 935 га, жаздық бидай – 712 га, сұлы – 252 га, тары – 220 га, мақсары – 544 га, судан шөбін  – 949 гектар. Ал 163 гектарға көпжылдық шөптер екпек. Сондай-ақ 231 гектарға күздік дақылдар егу жоспарланған.

– Өңір диқандары көбінесе біздің мекемеде өсірілген өнімдерді тұтынады. Ол үшін жергілікті климатқа бейімделген, қуаңшылыққа төзімді сорттарды таңдайды. Жалпы, біздің облыста аудандастырылған сорттар егіледі.

Мәселен, 2003 жылы аудандастырылған «волгоуральская», 2016 жылы пайдалануға берілген «орал», былтыр аудандастырылған «красноуральская» жаздық бидайлары бар. Арпаның көп жылдан бері жақсы өнім беріп келе жатқан «донецкий 8», сұлының «мирный», тарының «уральский 109» сорты егіледі. Өңірде шығарылған көпжылдық еркекшөптің «тайпақ», «батыс» деген сорттары, біржылдық судан шөбі бар.  Егуге қажет тұқым жеткілікті. Сонымен қоса  тұқымды сақтандыру қорында да қалдырамыз, – дейді аталмыш стансаның бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты  Гүлшат  Шектібаева.

Гүлшат Хибатқызының айтуынша, станса ғалымдары ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын шығарып қана қоймайды. Олар тұқымды көбейтумен де айналысады. Тұқымның бір түрін шығару үшін кемінде 10-15 жыл керек. Жаңа сорттың қуаңшылықта, ылғал мол түскен жылда қалай өсетіні зерттеледі. Мәселен, былтыр пайдалануға берілген «красноуральский» сортының өнімділігі, сапасы басқа тұқымдарға қарағанда  жоғары. «Егіншілік – еліміздегі агросектордың ірі саласының бірі. Сондықтан тұқымның жаңа сорттарын шығарудың маңызы зор. Өйткені көптен бері қолданылып келе жатқан  сорттар уақыт өте келе сапалық қасиетін жояды. Соңғы кездері майлы дақылдарға, әсіресе ноқат, жасымық, арпаға сұраныс артып келеді», – дейді бөлім меңгерушісі.

Көктем де келді. Ал көктемгі-далалық  жұмыс  ылғал жабумен басталады. Осы ретте стансаның егін шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Төлеген Бөлеков тұқым себудегі негізгі ұсыныстарға тоқталды. Мәселен, ерте көктемгі дақылдарды, яғни сұлы, арпа, бидай, мақсары, ноқат және күнбағыс тұқымын егетін топырақтың тереңдігі 10-12°С-қа  дейін жылы болуы керек. Ал кеш пісетін жаздық дақылдар үшін топырақтағы жылылық 15°С болғаны жөн. Ылғалды сақтау, топырақтың үс­тіңгі қабатының кебуіне жол бермеу, арамшөптермен күресу үшін кеш пісетін дақылдардың топырағын кешенді дайындау керек. Көпжылдық шөптерді  жартылай жамылғы  әдісімен  себеді.

Біз барғанда стансаның қоймасында  қап-қап тұқым текшеленіп тұр екен. Бас агроном Нұрберген Ақкереевтің айтуынша, қой­маға жиналатын тұқымды алдымен  «ЗАФ-40» техникасымен тазалайды. Ол тұқымды лас жем, таза жем және тұқым ретінде үшке бөліп шығарады. Жемді  мал азығына жаратады. Ал тазартылған тұқымды тағы да «СМ-4» машинасының  «сүзгісінен» өткізеді. Қап-қап бидай – диқанның дархан даладағы дамылсыз еңбегінің нәтижесі. Ендеше, биыл да еселі еңбек еш кетпесе екен.

Айна Имашева ,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале