Ақсайдан Жымпитыға шығар тасжолдың бойындағы қала сыртындағы шаңғы базасы қыста ғана емес, жазда да бір сәтке босамайды. Қар үстінде қалған іздер мен шелектеп төгілген тер – үміттің, сенімнің, еңбек пен табандылықтың үнсіз куәсіндей. Бұл жерде ауыл балалары суыққа шынығып қана қоймай, өмір жолында да таймай жүруді үйреніп келеді. Оның басында тұрған бапкер Ислам Сағынәлиев.
Қашанда базада жүретін Ислам балалар үшін жай ғана бапкер емес, ертеңге бағыт сілтеген шамшырақ іспетті. Қар үстінде сырғанаған әр бала үлкен арманға бастар алғашқы қадамын жасауда. Мүмкін, олардың бірі болашақта чемпион болар, мүмкін, елге тірек болатын қарапайым азамат болып өсер. Бірақ бір нәрсе анық: осы жерде шаңғының қардағы сықырымен бірге еңбекке, тәртіпке, жеңіске деген құштарлық оянады.
Аппақ қар ерісе де, сол күндері бойға сіңген рух пен сенім ерімейді. Ауыл балаларының жүрегінде тұтанған осы отты жаққан жас бапкердің еңбегі ел ертеңіне қаланған үнсіз, бірақ берік іргетас.

Ақсай балаларын шаңғы спортына баптап жүрген Ислам Сағынәлиевті спортқа қатысы бар, қысқы спортқа құмартқан әр адам таниды. Өз басым оны еңбекқорлығы мен шәкірті үшін отқа да, суға да түсуге дайын жанкештілігі үшін құрметтеймін. Бүгінде оның шәкірттері елішілік жарыстармен шектелмей, халықаралық сайыстарда да көзге түсе бастады. Алайда сыңғырлаған медальдар мен жеңіс тұғырындағы шат күлкінің артында қаншама төгілген тер, түн ұйқысын төрт бөлген еңбек, жеңілістен қажып, қайтадан еңсе тіктеген қайсар рух жатқанын екінің бірі біле бермейді. Бұл көзге көрінбейтін, бірақ әр жеңістің өзегіне айналған төзім мен сенімнің, сабыр мен табандылықтың жемісі. Жеңіс тұғырындағы бір сәттік даңқтың артында жылдарға созылған үнсіз күрес, ішке жұтылған өкініш пен алға жетелеген үміт бар.
Бүгінде еңсесін тіктеп, елге танылған Ислам Сағынәлиев – Қаратөбе ауданының тумасы. Ол Шалғын ауылында дүниеге келген. Жастайынан-ақ спортқа ерекше құмар болды. Әсіресе, қар жамылған кең далада шаңғы тебу бала қиялын баурап, жүрегіндегі жалынды алаулата түсті. Сол жалынды дер кезінде байқаған ауыл мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Мұрат Құлбатыров болашағынан үміт күттірген баланың талабын қамшылай түсті. Қолы қалт етсе, қасына ертіп алып, білгенін үйретіп, шыңдаудан жалықпады.
Алғашқы бапкерін Ислам бүгінде ерекше ілтипатпен еске алады.
– Мұрат ағай – қазіргі Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің түлегі. Өзі де шаңғы спортын жанындай жақсы көретін. Ол кезде аты алысқа кеткен Антонов секілді шаңғышылармен бірге жаттыққан, жасы да солармен қарайлас еді, – дейді ол.
Ұлының спортқа деген ынта-жігерін байқаған анасы бесінші сыныпта оқитын Исламға алғашқы шаңғысын алып береді. Сол сәттен бастап баланың құлшынысы бұрынғыдан да арта түседі. Алайда ауылдың қарбалас тірлігі бар, алаңсыз жаттығуға мүмкіндік қайдан болсын. Мұрат ағаймен бірге шаңғы теуіп, шеберлігін шыңдау үшін Ислам үй шаруасын алдын ала тындырып тастауға тырысатын. Кейде бала көңілмен анасының тапсырмасын ұмытып кететін кездері де болады. Сондай сәттерде анасы:
– Айтқаныма құлақ аспасаң, шаңғыңды сындырып тастаймын! – деп зекитін. Бір қарағанда қатал көрінгенімен, сол шақтарды Ислам бүгінде күле еске алады.
– Анам алып берген «Visu» атты шаңғының бағасы ол кезде 2500 теңге еді. Қысты күні сабаққа да шаңғымен баратынмын. Қазір сол шаңғыны бөлемнің балалары теуіп жүр, – дейді ол.
Ауылда Мұрат ағайдың қасында алаңсыз жүру Исламға ұнағанымен, жұмыссыздық пен нәпақа табу қамы анасын Ақсай қаласының маңындағы Пугачев ауылына көшуге мәжбүр етеді. Ол кезде Ислам 9-сыныпта оқитын. Алайда спортқа берілген бала бұл шешімге көнбей, Жымпиты ауылындағы Ханзада әжесінің (құдағиы) қолына барады.
– Жымпитыда палуан құда балам Артур Халықовтың үйінде тұрдым. Ханзада әжеміз екеумізге қарайласты. Мен 11-сыныпта оқып жүргенде Артур өмірден өтті. Оның күресіп жүрген кезінде киген киімдерін әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Ақсайдан талантты палуан шығып жатса, ырымдап беремін деген ойым бар, – дейді Ислам.
Ол мектеп бітірген соң әскери оқу орнына түсуді жоспарлады. Алайда нағашы әжесі Гүлшат апамыздың өмірден озуы бұл ойына өзгеріс енгізеді.Енді Ислам дәрігер болсам деген ойға ден қояда. ҰБТ-дан жақсы балл жинағанымен, Ақтөбедегі М. Оспанов атындағы медицина академиясының грантына жетпей қалады. Оқуға түсе алмаған соң ақылы оқып, анасына салмақ салмайын деген ниетпен Ақтөбе қаласында қалып, құрылысқа жұмысқа тұрады. Анасының, ең болмаса, Оралдағы оқу орындарының бірін таңда деген ақылына да құлақ аспайды. Соған қарамастан анасы оның құжаттарын сол кездегі гуманитарлық академияға (қазіргі Орал жоғары гуманитарлық-экономикалық колледжі) тапсырып қояды. Аттестатындағы бестік пен төрттіктерді көрген оқу орнының ұстаздары Исламды бірден қабылдайды. Алайда ақша тауып, анама қарайласам деген ойдағы бала екі ай сабаққа келмей қояды. Осылайша бағытынан жаңылып жүрген баланы Ақтөбеге арнайы іздеп келген бөлесі Бақтыгерей бір түнде «артынан теуіп», Оралға алып келеді.Осы бір оқиға оның өміріндегі жаңа жолдың бастауы еді.

Студенттік шақ, жаңа мақсаттар
Бөлесі екі ай бойы сабақтан қол үзіп қалған Исламды Оралға алып келген сәттен бастап оның студенттік өмірі басталады. Ол кезде оқу орны гуманитарлық академия деп аталатын. Бірнеше ай бойы сол жерде білім алады. Алайда тағдыр оның өмір жолын аудиториядан гөрі, мектеп дәлізіне, спорт алаңына қарай бұрып бара жатқан еді.
Бірінші семестр аяқталған соң ЖОО студенттерді бір апталық сараманға жібереді.
– Мектепті өздерің табыңдар, – деген талап қойылады. Сонда Ислам Бөрлі ауданына қарасты қазіргі Достық (бұрынғы Александров) ауылын таңдайды. Себебі бұл ауыл мектебінде оның туған апасы жұмыс істейтін. Сараман кезінде балалармен етене араласып, сабақ беріп көрген соң Ислам өз өмірін мектеппен байланыстыруға біржола бекінеді. Ұстаздық оған ұнап қалады. Оның үстіне Достық ауылында шаңғы спортына деген қызығушылық ерекше еді. Апасы да:
– Оқып жүргеніңді растайтын құжатты алып келсең, ауылға жұмысқа орналастырамыз, – деп жігер береді.
Сараманнан оралған бойда Ислам кураторына барып, ауылда ұстаздық еткісі келетінін айтады. Алайда оқу орны бұған бірден келісе қоймайды. Бірақ алдына мақсат қойса, соған жетпей тынбайтын ол сабаққа еркін қатысуға рұқсат алуға бел буады. Алғашында ұстаздары ол ойын құптай қоймайды. Бала оқытсам деген жас жігіттің талпынысын байқаған кураторы ректордың рұқсатын алып береді. Осылайша ол студенттік шақтың думанды тірлігінен өз еркімен бас тартып, ауылға жұмысқа аттанады.
Классиктерше айтсақ, Ислам жұмысына аш қасқырша кіріседі. Бекнұр Ғаділшеев, Никита Шишкин секілді ауылдың жас балаларын спортқа баули бастады. Бірде футбол ойнатады, бірде күреске салады, енді бірде шаңғы мен спорттық бағдарлауға, тіпті президенттік көпсайысқа дейін үйретеді. Балалар да әр спорт түрінен шет қалмай, бірінен соң бірі нәтиже көрсетеді. Осы кезде Ислам мен оның шәкірттерінің әр спортқа бірдей қатысып жүргенін байқаған ауыл мектебінің тәжірибелі дене шынықтыру пәні мұғалімі Игорь Галенко жас маманды оңаша шақырып алып:-Менің ақылымды тыңдасаң, балаларды шаңғы спортына баулы, – деп кеңес береді.
Аға ұстаздың осы бір сөзі Исламның өмір жолындағы шешуші сәттердің біріне айналғандай. Дәл осы кезден бастап оның шаңғы бапкері ретіндегі жолы басталады. Жас маманның еңбекке деген құштарлығы зейнет жасына таяп қалған Игорь Викторовичтің де бойындағы отты қайта тұтатады.
– Игорь ағай мен келгенде зейнетке шығуға дайындалып жүрген еді. Сабағын беріп, үйіне асығатын. Ал шаңғы үйірмесін ашқан соң мүлде өзгерді. Бізге білгенін үйретуден қашпады. Ауыл сыртынан шаңғы жолын бірге салып, үйінен құрал-жабдығын әкелді. Таңнан кешке дейін бізбен бірге шаңғы тепті, – деп еске алады Ислам.
Осылайша ауылдағы қарапайым мектептен басталған еңбек, екі мұғалімнің ынтасы мен адалдығы талай баланың тағдырына бағыт-бағдар берді. Ал Ислам үшін бұл өмірлік мамандықтың, нағыз бапкерлік жолдың бастауы еді. Бірақ Ислам шаңғы спорты баланы дайындап, жарысқа қосып, жүлде алумен ғана шектелмейтінін толық түсіне қойған жоқ. Аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстарда шәкірттері жүлделі орындарға ілініп, жақсы нәтиже көрсетіп жүргенімен, елішілік бәсекеге келгенде жағдай мүлде бөлек еді. Мұнда қарсыластардың деңгейі де, дайындығы да, мүмкіндігі де басқа болатын. Сондықтан республикалық жарыстарда шәкірттері бірден жүлде ала қоймады. Дегенмен үздік жиырма спортшының қатарына еніп келгенінің өзі жас бапкердің көңілін көкке көтеріп, ерекше қуанышқа бөлейтін. Өйткені ол бұл нәтижелердің артында қаншама еңбек, төгілген тер, төзім мен табандылық жатқанын жақсы білетін.
Сөз басына қайта оралсақ, спортшыны дайындау расымен де бір бөлек дүние. Ал сол дайындықтың нәтижесін көрсету үшін құрал-жабдықтың да мінсіз болуы аса маңызды екеніне Ислам республикалық жарыстарға барғанда көзі жетті. Ауыл мен ауданда «ең мықты» деп саналған шаңғылар үлкен додада өз деңгейін көрсете алмайтынын ұқты. Шаңғының өзі бір бөлек әлем, оның аяқ киімі мен бекіткіші мүлде басқа дүние екен. Ұсақ-түйек болып көрінетін сол бөлшектердің өзі жарыс тағдырын шешіп кетуі мүмкін екенін тәжірибе дәлелдеді. Кейде спортшының бабы келісіп, дайындығы тасып тұрса да, шаңғысының жарысқа жарамай, қапы қалған кездер де аз болмаған. Сол сәттерді Ислам күрсіне еске алады.
– Қарсыластар «Фишер» шаңғысымен жүйткіп жүргенде, біздің ұл-қыздар «Нордвэймен» шығатын. Кей облыстың спортшылары миығынан күліп қарайтын, – дейді ол. Бұл сөздердің астарында намыс та, өкініш те, қайсарлық та бар. Өйткені ауыл балаларының талпынысы мықты болғанымен, техникалық мүмкіндігі шектеулі болатын.
Елішілік жарыстардың бірінде өңір бапкері Килазевтен «Фишер» шаңғысын сатып алу сәті туған. Бұл Ислам бойында үлкен үміттің оты жанған сәт еді. «Енді зулаймыз!» деп қуанып тұрғанда, аяқ киімнің басы бекітілгенімен, табан тұсындағы бекіткіштің жалпақтығы сәйкес келмейтіні белгілі болады. Басқа шаңғы жоқ. Жарысқа шығу керек, уақыт тығыз. Амалсыз аяқ киімнің сәйкес келмей тұрған тұсын пышақпен кеңейтіп, қолдан икемдеуге тура келеді. «Басқа амал болмады. Пышақпен кеңейтіп, шаңғы киіп шықтық», – дейді Ислам сол күнді еске алып.
Тәуекелге бел буып, қолдан икемделген аяқ киіммен жарыс жолына шыққан Никита Шишкин 17-орын иеленді. Бір қарағанда, бұл жүлде емес. Бірақ сол жағдайды, сол қиындықты ескергенде, бұл нәтиже бапкер үшін үлкен жеңіспен тең еді. Өйткені бұл жігердің, табандылықтың, мойымаудың жеңісі болатын.
Исламның еңбегі тек жарыс алаңымен шектеліп қалған жоқ. Ол ауыл балаларын спортқа баулып, Александров ауылын Бөрлі ауданы округтері арасында үздік спортшы ауылдар қатарына қосуға үлес қосты. Уақыт өте келе тұрғындар оның еңбегін бағалап, құрмет көрсете бастады. Сол тұста ауыл әкімі болған Замир Мырзағалиев те жас бапкерге қолдау білдіріп отырды. Ауыл кәсіпкерлерін шаңғышыларға демеуші болуға шақырып, қолдан келген көмегін аямады. Орайы келгенде айта кетейік, жас бапкерге шынайы жанашыр болған ауыл әкімі – өңірге танымал журналист Ақжайық ауданынан шыққан Борис Мырзағалиевтің ұлы.
– Әрине, ауыл әкімі жүз мыңдап ақша бере алмасы анық. Бірақ әр жарыс алдында бір жыртығымызды жамауға жететін қаржы тауып беретін. Сол үшін Замир Борисұлына әлі күнге дейін разымын, – дейді Ислам Сағынәлиев. Шынында, ол – үлкен қаржы емес шығар. Бірақ үлкен жүректің, жанашырлықтың, ауыл спортына деген сенімнің көрінісі еді. Ал сол сенім мен қолдаудың арқасында ауыл балалары биік белестерге ұмтылып, шаңғы жолында арман қуа бастады. Бірақ Александровтағы күндер бұлай жалғаса қоймайтынын Ислам да, шәкірттері де білмеді.

Ақсайға ауысу
Жарыстан жарыс қалдырмай, шеберлігін шыңдаған үстіне шыңдап жүрген Ислам оқуын аяқтап, дипломын қолына алды. Шаңғы маусымын да сәтті түйіндеді. Еңбек демалысын өткізіп, туған ауылындай болып кеткен Александровқа жаңа жоспарлармен, жаңа мақсаттармен оралған. Көңілінде – сенім, жүрегінде – үміт.
Бірнеше жыл бойы маңдай терімен жеңіп алған медальдары, грамоталары мен жарыс көрген шаңғылары әкімдік дәлізіндегі қоймаға шығарылып тасталыпты. Жылуы да, жарығы да жоқ, кіші қызметкерлердің шелегі мен құрал-сайманы тұратын тар қапаста шаң басып жатыр. Ал осы кезге дейін қолдап келген әкім Замир Борисұлы орнында жоқ. Жұмысын ауыстырған.
– Оған дейін де аудан орталығы Ақсай қаласындағы бірнеше мектеп жұмысқа шақырып жүргенде бармай жүрдім. Бірақ әкім орнына келген адамдардың медаль, дипломдарымыз бен шаңғыларымызды қоймаға апарып тастағаны қынжылтты. Бірнеше жыл бойғы еңбегіміз зая кеткендей көрінді. Барып өз кабинетіме отырғым келетінін айтқанымда, үзілді-кесілді қарсы шықты, – дейді Ислам.
Жаңа басшылықтың айтқан сөзі жүрегіне тиді.
– Ауылда жұмыс жасай бергің келсе, біз берген бөлмеде отырып жалғастырасың. Келіспесең, жолыңа кедергі болмаймыз. Оқу жылының басталуына санаулы күн қалған. Алексендровта қалса, бұрынғыдай жағдай жоқ. Бірақ амалсыз шешім қабылдауға тура келді. Осы уақытқа дейін Ақсай қаласындағы №6 және №3 мектеп директорлары бірнеше мәрте хабарласқан еді. «Қадірің жоқ жерде қала бергеннен қадірлі болмайсың» деген ой санасын тіліп өтті. Сөйтіп, №3 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Ольга Соловьеваға хабарласты. Ол да қоңырауды күткендей тезірек жетуін сұрады. Осылайша Исламның Ақсайдағы жаңа өмірі басталды.
Бапкерінің кететінін естіген қос шәкірті Бекнұр Ғаділшеев пен Никита Шишкин бірге баруға бел буды. Екеуі де қарымы мықты спортшы болғанымен, тәртібі жағынан ойландыратын балалар еді. Қос шәкіртін ертіп кеткенін естіген кейбір жанашырлар «абырой алып келмейді» деп те ескерткен. Алайда уақыт үміт ақталатынын көрсетті. Басқаның алдында тентектеу көрінетін Бекнұр мен Никита бапкеріне деген құрметін ісімен дәлелдеді. Ақсайға келген соң тәртібімен де, жаттығуға деген жауапкершілігімен де көпшілікті таңғалдырды. Осы кезде тоғызыншы сыныпты тәмәмдаған Бекнұрды Ислам Орал қаласындағы колледждердің біріне дене шынықтыру бөліміне оқуға түсіреді. Ал Никита ше? Ол шәкіртінің тағы бір сүйікті ісі жылқы баптау еді. Қанша жерден мықты шаңғышы болса да, баланың ат баптауға деген талпынысы оны шаңғы спортынан алыстатты.
Ақсайда жұмысын бастаған кезде Исламның қол астына алғаш болып Елдар Мәліков пен Наил Мәліков келді. Артынша Мәдина Жақсылықова мен Жанерке Тудахунова қосылды. Алдияр Исаев Дамир Жұбаниязов Арын Тәжібаев есімді жасөспірімдер де қатарға тұрды. Осы кезде, дәлірек айтсақ, 2018 жылы Бөрлі аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шаңғы жарысы бөлімі ашылады. Ол істің басы-қасында сол кезде спорт бөлімін басқарған Армат Исанов пен БЖСМ директоры қызметін атқарған Ғұмар Әжіғалиев тұрды. Осы күні аудан орталығындағы №3 мектепте директорлық қызмет атқарып жүрген Ғұмар Сағидоллаұлы әлі күнге дейін Ислам мен оның шәкірттерін қолдап келеді. Еңбек зая кетпеді. Көп ұзамай, республикалық турнирде Жанерке жүлдегер атанды. Артынша Эльдар облыс командасы сапында гимназиада жүлдесіне қол созды. Бұл тек бастамасы еді.
Ислам бапкер ретінде қалыптасып келе жатқанын анық сезінді. Шаңғы спорты техника мен төзімділікті ғана емес, мінез бен тәртіпті де талап ететінін мықтап ұқты. Қолына түскен қаржысын түгелдей дерлік шәкірттерінің қажетіне жұмсады. Жарысқа алып бару, құрал-жабдық алу, киім-кешек, тамақ барлығы да қаражатқа байланысты. Оның үстіне Александровтан еріп келген Бекнұр мен Никитаны да тәрбиелеп, бағып-қағу керек.
– Достарым, жұмыстастарым күні-түні қыдырып, түнгі клуб аралап, жастық шақтың қызығын көріп жатқан шақ. Ал мен ондайға мүлдем бас бұрмаппын. Ол да бір өмірдің қызығы шығар. Бірақ мені шәкірттерімнің болашағы көбірек ойландырды. Олар спортшы болмаса да, өмірден өз орнын таба білген азамат болып қалыптасса дедім. Ол үшін бір өкінген емеспін, – дейді бапкер. Дегенмен шәкірттерінің алаңсыз жаттығып, жарысқа шыққанда ештеңеге алаңдамай жүруі үшін алған несиелері әлі төленбей жатыр. Соған қарамастан, ол арман-мақсатынан бас тартқан емес.
Толыққанды жаттығу өткізу үшін балалардың басын қосатын бір тұрақты орын керек екенін Ислам ерте түсінді. Спорт жүйені сүйеді. Ал жүйе үшін кеңістік, тыныс, тұрақтылық қажет. Бала бүгін бір жерде, ертең бір жерде жаттықса, нәтиже де тұрақсыз болары анық. Алғашында ол Ақсайдың ар жағындағы Березовка ауылының маңынан, кен орнына жақын, көлік көп жүрмейтін, жолы тегіс орын тапты. Роллермен сырғанауға ыңғайлы, айналасы ашық. Балалар да қуанып қалды. Бірақ көп ұзамай мәселе туындады.
Шаңғышылар жаттығып жүрген аумақ Бөрлі ауданы маңында мұнай өндіруші компанияларға қызмет көрсететін серіктестік иелігіндегі жер болып шықты. Фирма қарауылы өз жауапкершілігіндегі аумаққа тым жақын жерде роллер теуіп жүрген балаларды ит қосып қуатын жағдайлар орын ала басталды. Балалар, бір жағынан, жаттығып, бір жағынан, иттен қашады. Қорқыныш пен жылдамдық қатар жүретін күндер еді.
– Шәкірттерімнің ұшқыр болуына сол иттердің де үлесі бар-ау, – деп күледі Ислам бүгінде. Қызығы, сол иттен қашып жаттыққан балалардың арасында әлгі компания басшысының ұлы да бар болатын. Спорт кейде адамдарды күтпеген жерден тоғыстырады деген осы-ау... Бірақ екі күннің бірінде бұлай жаттығу жүйелі жұмыс емес.
– Осындай жағдайда жүре бергенше, жаңа орын табайын деп шештім, – дейді бапкер. Содан Ақсай маңын жаяу да, көлікпен де талай шарлады. Ақыры, Кеңтүбек, Ақсай және Ақбұлақ ауылдық округтерінің шекаралас тұсынан айналасы тоғайлы, ой-қыры бар, табиғаты көркем бір орын тапты. Жер бедері шаңғы тебуге өте қолайлы. Тек бір қиындық айнала қалың тал-терек.
Көп адам мұндайда демеуші іздеп, есік қағар еді. Ал Ислам табиғатынан ешкімнің алдына барып, алақан жайып көрмеген. Бұл жолы да солай болды. Әдетінше несие рәсімдеп, ауыр техника жалдап, тал-теректі тазалатып, өз күшімен шаңғы жолын салуға кірісіп кетеді. Жас бапкердің ауыр іске кіріскенін көрген ақсайлық Мерлан Қосмағамбетов ақшалай қолдау көрсетеді. Ал сол кезде Бөрлі ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметін атқарған Армат Исанов пен Ақсай қаласындағы «Сарыарқа» спорт кешенінің басшысы болған Исатай Қарабаев шаңғы жолын тазалап жүрген тракторға қажетті жанармайын тауып береді.
Бұл жерде де бір шегініс жасаған абзал. Ең алғаш Бөрлі ауданына келген шақта шаңғы үйірмесін ашуға жоғарыда аты аталған, қазіргі кезде Бөрлі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімін басқаратын Исатай Қарабаев көп қолдау көрсетті. Бапкердің өзі де Исатай Тастемірұлының бұл жақсылығын әлі күнге дейін айтып жүреді. Өйткені қолына дипломын әлі алмаған екінші курс студентін жұмысқа алуға екінің бірі бел буа бермейді ғой.
Балалар енді емін-еркін жаттыға бастады. Бірақ тағы бір мәселе алдан шықты. Жаттығу орны жасалғанымен, заңды құжаттары жоқ еді. Оның үстіне аумақ бір емес, үш ауылдық округтің жеріне кіріп тұр. Ертең біреу келіп, «Бұл жерді босатыңдар» десе, бәрі қайтадан далада қалуы мүмкін.
Бапкер бұл мәселені шеше алмасы анық. Жағдайды аудан деңгейіне көтеру керек. Болашағы бар, берері мол жоба туралы сол шақта Бөрлі ауданының әкімі болған Миржан Сатқанов пен аудандық спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов және «BMS» ЖШС басшысы Алибек Сарсембаев естіді. Әкім мен бөлім басшысы, бір жақтан, кәсіпкер бір жақтан кірісіп, ақсайлық шаңғышылардың мәселесін тез шеуге кірісті. Көп ұзамай шаңғы-роллер трассасы заңдастырылды.
–Қазір мәселе тез шешілді деп айтамыз. Бірақ аудан әкімдігі, спорт бөлімі және Алибек Ануарбекұлы бірлесіп, жер телімін заңдастыру үшін табанды жұмыс жүргізді. Құжат жинау, келісім алу, шекарасын бекіту секілді жұмыстарды өзім атқардым. Уақыт пен төзімді талап ететін шаруа. Жоғарыда аты аталған азаматтардың арқасында шаруа оңынан шешілді. Оларға алғысымыз шексіз, – дейді бапкер.
Құжаттық рәсімдер толық аяқталған соң, күтпеген жерден жағымды жаңалық келді. «BMS» компаниясының басшысы Алибек Сарсембаев ақсайлық шаңғышылар жаттығатын аумақта арнайы шаңғы-роллер трассасын салып беруге қолдау көрсетті. Осылайша шаңғы базасында республикалық жарыс өткізуге жарамды қатқыл табанды жол пайда болды.
–Шаңғы жолын салып алған соң жаттығуымызға «BMS» ЖШС басшысы Алибек Сарсембаев келетін болды. Басқа ата-аналар секілді ол да ұлын алып келеді, алып кетеді. Бір күні мені шақырып алып, қандай көмек керек екенін сұрады. Қолдан жасалған жолға қатқыл табанды трасса мен шаңғы қажет екенін айттым. Көп ұзамай қолдау көрсетілді. Алибек Ануарбекұлымен біз осылай таныстық, –дейді Ислам.
Шаңғы базасын салып алған соң ол жерде тек жаттығу өткізіп қана отыру іс емес. Бір кездері өңір спортшыларының алдын орап кеткен өзге облыстағы әріптестерін шақырып, облыс қаншалықты қолдау танытып отырғанын көрсету керек болды. Сол сәтте Бөрлі ауданы шаңғы жарысынан жасөспірімдер арасындағы ел кубогінің бір кезеңін өз жерінде өткізуге ұсыныс жасайды. Содан бері 4-5 жыл өтті. Ел кубогі міндетті түрде Ақсай қаласында өтеді.
Бұл – табандылықтың, адал еңбектің жеңісі еді
Кеше ғана иттен қашып жүрген балалар енді заңдастырылған, арнайы салынған трассада жаттығып жүр. Кеше ғана несие алып, жалғыз өзі техника жалдап жүрген бапкер енді ел көлемінде мойындалған бапкер атанды.
Ислам үшін жай ғана жол емес. Бұл – сенім жолы.Талай рет сүрінсе де тоқтамаған, табандылықтың жолы. Шәкірттері үшін отқа да, суға да түсуге дайын бапкердің жүрек жолы. Ал сол жолмен енді болашақ чемпиондар сырғанап келеді. Уақыт өте келе балалардың жолы әрқалай өрбіді. Бекнұр әскерге барып келді. Қазір ара-тұра бапкерімен бірге жас спортшыларды дайындауға атсалысады. Дамир Жұбаниязов пен Алдияр Исаев студент атанды. Мәдина Жақсылықова спорттан шет қалды. Ал Жанерке Тудахунова, Анастасия Соколова, Андрей Пирог, Амира Жақсылықова, Арын Тәжібаев секілді спортшылар ұстазының қасында. Тіпті кейбірі ата-анасынан гөрі Исламның жанында көбірек уақыт өткізеді.
– Кезінде Бекнұр мен Никита менің үйімде тұрды. Дамир Жұбаниязовтың анасы Астанаға жұмысқа кеткен кезде менің қолымда болды. Әрқайсысының жүріс-тұрысынан бөлек, сабағы, тамағы, киім-кешегіне дейін өзім алып беріп жүрдім, – деп еске алады ол.
Ислам үшін әр шәкірті өз баласындай. Ол олардың тек спорттағы жеңісін емес, өмірдегі орнын ойлайды. Бүгінде еңбектің жемісі көріне бастады. Мәдина Жақсылықова 15 мәрте ел чемпионы атанса, Жанерке Тудахунова 17 мәрте ел біріншілігін жеңіп алды. Анастасия Соколова - 7, Әлішер Мәліков пен Арын Тәжібаев 5 мәрте ел біріншілігінің жеңімпазы атанды. Адрей Пирог пен Ләйлә Мұқатова да өздерін тек жақсы қырынан көрсетіп жүр. Алдияр Исаев әлем кубогінде үздік бестіктен көріне білді. Бір кездері «Бұл шаңғы қазақтардың не теңі?» деп миығынан күлетін өзге облыстың бапкерлері енді онымен санасады. Өйткені олар да адал еңбектің, спортқа шын берілген жанкештіліктің бағасын біледі. Шәкірттері үшін отқа да, суға да түсуге дайын азаматты алыстан таниды.
Қоймада шаң басып қалған медальдар – өткен күннің белгісі ғана. Ал Исламның шын марапаты шәкірттерінің жеңісі, олардың азамат болып қалыптасуы. Нағыз бапкердің өлшемі де, жеңісі де – осы. Қазір кейіпкеріміздің өмірі жаңа бір белеске көтерілді. Спорт залында, шаңғы жолында ғана емес, өмір жолында да Ислам орнын тапты. Шаң басқан трассалар мен боранды жарыстардың арасында жүріп, өз бақытына да жолықты. Шыңғырлаудың шырайлы қызы Гүлжасты қолына қондырды. Бүгінде олар бір шаңырақтың иесі. Өз перзенттері бар, шағын отбасы бақытын кешіп отырған жандар.Бірақ Исламның шаңырағы тек өз балаларына ғана тиесілі емес.
Ақсайдың «Шанхай» аталып кеткен шағынауданынан сатып алынған қарапайым үйдің есігі әлі күнге дейін шәкірттерге ашық. Әрине, барлығы бірдей емес. Бірақ көзіне қарасаң оты көрінетін, мінезінен қайсарлық аңғарылатын, спортта бір белесті бағындырады-ау деген балаларды Ислам мен Гүлжас келін өз қастарында ұстайды. Бұл жай ғана жаттықтырушы мен шәкірттің қарым-қатынасы емес. Бұл әкелік қамқорлық, аналық мейірім. «Тапқанын үйіне емес, қол астындағы шәкірттеріне жұмсайтын күйеуге шыдап жүрген, қандай қиын жағдай алдан шықса да, қолдауын аямаған жолдас тапқаныма қуанамын», – дейді Ислам. Оған келіспеске амал жоқ. Жолдасының туған әке-шешесімен бірге тұрудан қашатын келіндер бар екенін көріп жүрміз. Бірақ Гүлжас келіннің өзгенің балалары демей, жолдасының шәкірттерін бағып-қағып отырғаны үлкен ерлік деуге болады.
Бір кезде аяқ киімі шақ келмей, шаңғысы үйлеспей, бірі сай келсе, екіншісі жетпей қалатын күндер де болды. Шаңғысы тәуір болса, бәтеңкесі тар. Бәтеңкесі дұрыс болса, таяғы қысқа. Сондай сәттерді қазір шәкірттері мен бапкер күліп еске алады. Бірақ дәл сол кезде күлуге емес, шыдауға тура келген еді.
Қиындық олардың алғашқы ұстазы болды
Бір кездері бала жаттықтырған жас бапкерге қол ұшын созған Алибек Сарсембаев – бүгінде аудандық шаңғы және биатлон федерациясының басшысы. Өмірдің өзі кейде адамды өзгертеді, кейде табандылық өзгертеді. Қазір ол да қолынан келгенше Исламды қолдап жүр. Аудан БЖСМ-да алғаш болып шаңғы бөлімін ашқан Ғұмар Әжіғалиев – Ақсайдағы №3 мектеп директоры. Аудан шаңғышыларының көбі сол мектепте оқиды. Ал Армат Исанов болса, Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, Миржан Мұнайдарұлы қазір демалыста. Бапкер өткенге көз шалғанда қанша қиындық кездессе де, соларды жеңуге қол ұшын созған сонша жанашыр адамның болғанына да қуанады. Тіпті Мерлан Қосмағамбетов секілді қарапайым ауыл тұрғынының да сынып кетер шақта шауып келіп, қолдау көрсеткені оған үлкен күш-жігер сыйлағанын айтады. Қазіргі таңда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы да бпкердің еңбегін бағалап жүр.
Өткен жолын еске алған шақта Ислам бапкерлік жолының алғашқы кезеңдерін айта бергенді ұната қоймайды. Ескі-құсқы шаңғы, миығынан күлген өзге өңір бапкерлерінің сөздері оны арландырды. Сол себепті болар, шәкірттерім ешкімнен кем болмасын деп өте үлкен көлемде несие алды. Ақсайда бапкер болып жұмыс істейтін Серік Қалимолланы қасына ертіп алып, Щучинск қаласына барып, ұл-қыздарына қажетті шаңғы мен құрал-жабдық сатып алды. Сол кезде алған несиесін әлі күнге дейін төлеп отыр. Тіпті шәкірттері алаңсыз жаттығу өткізу үшін үйін де кепілдікке қойғанын екінің бірі білмейді. Мұндай жанкештілікке екінің бірі бара қоймайды. Сол үшін де кейіпкеріміз құрметке лайық.
–Алибек Ануарбекұлы бүгіндері шаңғышыларға шәкіртақы тағайындады. Исатай Тастемірұлы бөлім басшысы ретінде қолынан келген көмегін көрсетеді. Ал №3 мектеп директоры қызметіндегі Ғұмар Әжіғалиев алаңсыз бала баптап, уайымсыз жарысқа шығып келуімді толықтай қадағалап отыр. Ең алғаш шаңғы алып берген Армат Амангелдіұлының да жасаған жақсылығын еш ұмытуға болмайды, – дейді кейіпкеріміз.
Спорт қарсылассыз болмайды. Бірақ нағыз қарсылас жау емес. Ол сені шыңдайтын күш. Ислам бапкер – бүгінде тек аудан көлемінде емес, облысқа, республикаға танылған жан. Оның шәкірттері ел чемпионаттарында топ жарып жүр. Бірақ оның арманы мұнымен шектелмейді. Ендігі мақсат – әлемдік деңгейде қазақтың кім екенін дәлелдеу. Бұл жай ғана жүлде алу емес. Бұл – бір ұлттың намысын, табандылығын, еңбекқорлығын көрсету. Қар үстінде сырғанап келе жатқан қазақ баласының әлемдік аренада көк Ту астында тұруы – Исламның көкейіндегі ең биік арман.
Ол биікке жету жолында қандай қиындықтар күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Қаржы тапшылығы ма, бәсекенің күшеюі ме, денсаулық сынағы ма спорт жолы ешқашан тегіс болмаған. Әлі талай боран соғар. Бірақ бір нәрсе анық. Медальдарын қоймаға тастағанда мойымаған, ит қосып қуғанда тоқтамаған, несие алып жүріп трасса салған, шәкірттерін өз үйінде бағып-қаққан бапкердің қайсарлығы жай қайсарлық емес. Ол дегеніне жетпей тынбайтын мінез. Сондықтан біз оның арманына сенеміз.
Өйткені үлкен жеңістер әрдайым шағын, бірақ адал жүректен басталады.
Түгелбай Бисен,
"Жайық Пресс"