
Облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген құрамдағы төралқа отырысы өтті. Оған кеңес мүшелерімен қатар, өңірдегі атқарушы құрылымдардың басшылары мен мемлекеттік құрылым өкілдері қатысты. Жиында өңірдің дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыға түсті.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе құқықбұзушылықтың алдын алуға атсалысқан белсенді азаматтарды ынталандыру тетіктері жайында болды. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқан тұрғындарды қолдау қағидалары мен ақшалай сыйақы мөлшерін бекіту жайы айтылды. Талқылау барысында кеңес мүшелері сыйақы алу мақсатында кей азаматтар жалған ақпарат беруі мүмкін екенін айтып, мұндай істер толық тексерілу керектігін жеткізді.
Одан бөлек басқосудың маңызды бағыттарының бірі – ауылдық жерде еңбек ететін маман мәртебесін көтеруге арналды. Осы орайда денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария және орман шаруашылығы салаларының қызметкерлеріне, сондай-ақ жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік ұйым мамандарына лауазымдық айлық ақыларын 25%-ға ұлғайту туралы ұсыныстар сараланды.
Облыстағы тұрғын үй қорын жаңарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Төралқа мүшелері Батыс Қазақстан облысының тұрғын үйді реновациялау бағдарламасын және осы бағыттағы жаңғыртуға жататын нысандардың тізбесін бекіту мәселесін жанжақты талқылады. Бұл қадам ескірген үйлердің орнына заманауи баспаналар салу арқылы қала келбетін жақсартуға септігін тигізбек.
Жиын соңында «Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» жобасы қорытындыланды. Халықтың құқықтық сауатын арттыру бағытындағы атқарылған жұмыстарға баға берілді. Күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданып, мемлекеттік құрылымдарға нақты ұсынымдар жолданды.
Түгелбай Кенжеғалиұлы,
«Жайық Пресс»