20.03.2026, 17:30
Оқылды: 62

43 отбасы баспаналы болды

Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласындағы «Ақжайық» шағынауданындағы 5 қабатты тұрған үйден 43 пәтердің кілтін иелеріне салтанатты түрде табыстады.

IMG-20260320-WA0091

– Құрметті жерлестер, баршаңызды Рамазан айындағы Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз айы берекелі айы деп айтқым келеді. Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамту – күн тәртібінде тұрған ең бірінші мәселе. Бұған Мемлекет басшысы да баса назар аударып отыр. Облыста жылма-жыл 1500-ге жуық пәтердің кілтін тапсырып келеміз. Соңғы үш жылда ауылдық жерлердің өзінде 1800-ге жуық пәтер берілді. «Жайық жастары» бағдарламасы арқылы жас отбасыларға 200-ге жуық пәтер кілті табысталды. Сондықтан түрлі бағдарламалардың аясында биыл Орал қаласының өзінде 2000-нан астам адам баспаналы болмақ. Жақын арада 500-ге жуық пәтер кілттері беріледі. Үйлері апаттық деп танылып, баспана кезегінде тұрған азаматтардың да мәселесі шешімін таппақ. Қазір 180 үй дайын тұр. Құжаттары реттелген соң, бұл тұрғындар да пәтерлі болмақ,  – деген Нариман Төреғалиұлы баспаналы болған отбасыларды қуанышымен құттықтады.

IMG-20260320-WA0095

Сондай-ақ «Ақжайық» шағынауданына баса назар аударылып, әлеуметтік нысандар салынып жатқанын атап өтті. Бұл шағынауданда  теннис орталығы салынатынын, Орал қаласынан осы шағынауданға Шаған өзені арқылы қатынайтын төрт жолақты жаңа көпірдің құрылысы басталатынын айтты. Болашақта қаланың бұл аумағында 70 мың халық қоныстанып, жаңа шаһар секілді қанат жаймақ. Өңір басшысы айтып өткендей, шағынауданға керек балабақша, аурухана, мәдениет үйі және басқа да әлеуметтік нысандардың бәрі жоспарға енгізілген.

IMG-20260320-WA0094

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев су жаңа баспанаға кірген Оралбек Құбайтовтың шаңырағында болды. Көпбалалы отбасыға шаңырақ шаттығын тілеп, теледидар тарту етті. Үй иесінің айтуынша, баспана кезегінде тұрғандарына 13 жылдай болған. «Үш бөлмелі пәтер көңілімізден шықты. Ораза айтта, Наурыз мейрамы қарсаңында баспаналы болдық. Өңір басшылығына ризашылығымды білдіремін», - деді ол.

IMG-20260320-WA0093

 «Ақжайық» шағынауданындағы бұл 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйді «Болашақ-Т» ЖШС салған. Мұндағы 43 пәтер жергілікті атқарушы органдардың баспана кезегінде тұрған әлеуметтiк жағынан осал топтарға жататын азаматтарға арендалық бағытта берілді.

IMG-20260320-WA0096

Тұрғындар пәтерді жекешелендіріп ала алады. Айта кету керек, 2025 жылы  тұрғын үй кезектілігін жүргізу және пәтерлерді бөлу функциялары  «Отбасы банк» АҚ-ға берілді. 2023 жылдан бері облыста тұрғын үй құрылысына 63 млрд теңге бөлініп, 3698 пәтер пайдалануға берілген.

Айна Имашева,

"Жайық пресс"

IMG-20260320-WA0085 IMG-20260320-WA0087 IMG-20260320-WA0090 IMG-20260320-WA0089

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале