Бүгін Зашаған кентінде «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында 90 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қала күні мерекесі қарсаңында пәтерлі болған қала тұрғындарының қуанышына өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары «Нұр Отан» партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Алтай Көлгінов ортақтасты.
Айта кетейік, жыл басталғалы облыс бойынша 250 мың шаршы метрден аса баспана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 415,7 мың шаршы метр, оның ішінде «7-20-25» бағдарламасымен 46 мың шаршы метр баспана салынады деп жоспарлануда.
-Баспана кез келген отбасы үшін болашаққа салынған инвестиция десек те артық болмас. Осы мемлекеттік бағдарламалар арқылы Елбасы барша қазақстандықтардың баспаналы болуына жағдай жасап, ипотекалық несиелердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр. Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымыз осындай жағымды жаңалықпен басталды. Бүгінгі пәтер иелерін баспаналы болуларымен, ал барша оралдықтарды қала күні мерекесімен құттықтаймын,-деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан соң баспаналы болған жаңа үй тұрғындары партия төрағасының бірінші орынбасары мен облыс әкімінің қолынан пәтер кілттерін алды.
Сондай-ақ облысымызға жұмыс сапарымен келген Мәулен Сағатханұлы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да ашылған ІТ-орталықты аралап, қала әкімдігінде іске қосылған «Ашық әкімдіктің» жұмысымен танысты. Партия төрағасының бірінші орынбасары шаһардағы Жастар және оқушылар сарайында ашылған коворкинг орталығында болып, өңірлік жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесті.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
Zhaikpress.kz