2.02.2026, 12:45
Оқылды: 8

71 жастағы науқастың аяқ тамырына реконструктивті ота жасалды           

71 жастағы Орал қаласының тұрғыны Петр Никитовичтің айтуынша, аяқтағы қан тамырлары толық бітеліп, біраз қиындық көрген. Ол емхана жолдамасымен облыстық ауруханаға келіп, тегін ота жасатқан. Қазір жағдайы жақсы.

WhatsApp Image 2026-02-02 at 13.43.43

«Бұрын қатты қиналатынмын. Аяғым ауырып, ұзақ жүре алмайтын едім. Емхана жолдамасымен келіп, тегін ота жасаттым. Қазір жағдайым жақсы, дәрігерлерге дән ризамын»,- дейді науқас.

БҚО бас қан тамыр хирургі, жүрек-қан тамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ербол Есеевтің айтуынша, науқас ауруханаға төменгі аяқ-қол тамырларының атеросклерозы диагнозымен түскен.

«Атеросклероз — зат алмасудың бұзылуы салдарынан холестерин деңгейінің жоғарылауынан туындайтын ауру. Соның нәтижесінде қан тамырлары тарылып, тіпті толық бітелуі мүмкін. Бұл науқаста аяқтың негізгі қан тамыры 100 пайызға бітелген. Аурудың асқынуына науқастың 50 жылдан астам уақыт бойы темекіні үздіксіз шеккені әсер еткен», — дейді дәрігер.

Мамандар науқасқа МӘМС жүйесі аясында тегін реконструктивті операция жасаған. Ота барысында бітелген қан тамыры алынып, оның орнына жасанды қан тамыры орнатылған.

Операцияға дейін науқас небәрі 10–15 метр ғана жүріп, аяғы тез шаршап, қатты ауырсыну сезінетін болған. Ал операциядан кейін оның жағдайы айтарлықтай жақсарып, бүгінде 200–500 метр аралығында еш қиындықсыз, өздігінен еркін жүре алады.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай оталар аяқ-қолды сақтап қалуға, науқастың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мамандар тұрғындарды дер кезінде дәрігерге қаралып, зиянды әдеттерден бас тартуға шақырады.

 

Сымбат Қыпшақбай,

әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының

Батыс Қазақстан облыстық филиалының бас сарапшысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале