
Фото "Жайық Пресс" қорынан
2025 жылы облыс бойынша дала және орман алқаптарында 22 өрт оқиғасы тіркелді. Соның ішінде 15 дерек ормандағы өртке байланысты. Одан бөлек қырда 121 жану оқиғасы есепке алынды. Өрт салдарынан 2,9 млн теңгеден астам материалдық шығын есепке алынды. Бұл жөнінде өңірлік коммунникация алаңында төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Елдос Батталов хабарлады.
Е. Батталовтың дерегі бойынша 2026 жылдың басынан бері 17 рейдтік іс-шара өтті. Қауіпсіздік талабын бұзғаны үшін бес тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Былтыр 606 адамға әкімшілік жаза тағайындалды. Оның қатарында 77 кісі 8,7 млн теңге айыппұл төледі.
– Облыста 46 өрт сөндіру бекеті бар. Олардың 12-сі жыл бойы жұмыс істейді, ал қалған 34-і маусым кезінде мамырдан қарашаға дейін қызмет етеді. Бұл бекеттер 207 елді мекенді және олардың айналасындағы 20 шақырым аумақты өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Табиғи өртті болдырмау және сөндіру үшін бүгінгі күні елді мекендерде 446 өртке қарсы ерікті жасақ құрылды, – деді Елдос Батталов.
Департамент тұрғындар мен жергілікті атқарушы құрылымдарға және басқа да мекемелерге келесі іс-шараларды:
– ауыл шаруашылығы жұмысын жүргізгенде және табиғат аясында демалған кезде өрт қауіпсіздігі ережелері мен талаптарын қатаң сақтауды;
– саяжай серіктестіктерінде, сенбіліктерде, табиғат аясында демалған кезде қоқыс-қалдықтар мен құрғақ шөпті өртемеуді;
– аумақты құрғақ шөптер мен қоқыстардан тазартуды;
– отты қараусыз қалдырмауды;
– өрт қаупі күшейген кезеңде азаматтардың орман алқаптарына баруын және оларға көлік құралдарының кіруін шектеуді ұсынады.
Әбу Әбдрахман