6.05.2025, 11:45
Оқылды: 278

«Абай әлемі – рухтың шамшырағы»

Осындай атаумен Батыс Қазақстан медициналық колледжінде танымды іс-шара өтті. Оған М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың қоғамдық даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев және БҚИТУ-дың оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Сабыр қатысты.

фото ауторы Нұрым Ғұмар

Кездесу кешінде аталмыш колледждің оқытушылары мен білім алушыларына Абай  Құнанбайұлы туралы  ақпараттар айтылды.  Абат Сатыбайұлы өз сөзінде  жастар адами қасиеттерді бойына қалыптастырғысы  келсе,  Абай  шығармашылығымен жете танысу керек екенін айтты.

–  Бүгінде Абай Құнанбайұлының  өмірін,  өлеңдері  мен  қарасөздерін  күллі  әлем  танып  келеді.  Ақынның  мұрасы  адамзат  баласына  рухани  азық  болатыны  айқындалды.

Мәселен, ол «Сегізаяқ» өлеңінде «Ғылымды  іздеп,  дүниені  көздеп,  екі  жаққа  үңілдім.  Құлағын  салмас,  тіліңді  алмас,  көп  наданнан  түңілдім»  деген.  Сіздердің  қазір  оқып  жатқан  мамандықтарыңыз  –  қоғамдағы  елеулі  салалардың  бірегейі.  Тұлға  боламын  десеңіздер,  мықты  маман  иесі  болып  қана  қоймай,  адами  қасиеттерді  де  бойға  сіңіре  біліңіздер.  Рухани  байлықтың  барлығын дерлік  Абай  мұрасынан  таба  аласыздар,  –  деді  Абат  Қыдыршаев.

Қазақ  халық  ауыз  әдебиеті  арқылы  400-ден  аса  эпостық  жырдың  мән-мағынасы  мен  мазмұны  осы  күнге  дейін  жетіп,  қазір  мектептер  мен  оқу  ордаларында  насихатталып  келеді.  Абай  Құнанбайұлы  да  жас  кезінде  халық  ауыз  әдебиетімен  терең  танысқан.  Кейін  ол  медреседе  парсы  тілін  үйреніп,  шығыс  әдебиетіне  деген  қызығушылығы  оянған.  Содан  соң  орыс  әдебиетін  оқу  арқылы  білім  көкжиегін  кеңейткен.  Бірақ  Абай  өзінің  даму  жолында  осы  үш  мектеппен  ғана  шектеліп  қалды  дей    алмаймыз.

–  Абайдың  төртінші  мектебі  бар.  Ол  –  орта  түркілік  жазба  әдеби  дәстүрі.  Осы тақырып аясында он күн ілгеріде  мақала  жаздым.  Атақты  әдебиетші,  филология  ғылымдарының  докторы,  профессор  Серік  Негимов  хабарласып,  менің  бұл  пікірімді  қолдайтынын  жеткізді.  Х-ХV ғасырларды орта түркі дәуірі  деп  атаймыз.  Осы  аталған ғасырларда  Еуразия  жерінде араб,  қыпшақ  тілдерінде  айтулы  шығармалар  жазылған.  Абайдың  кітапханасында  Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік»  (Құтты  білік)  дастаны болғанын  Шәкәрім  Құдайбергенұлы  өз  жазбаларында  қалдырған. Ұлы  ойшылдың ізденіс  арнасы кең,  –  деді Мұрат Сабыр.  Іс-шара соңында  студенттер  келген  қонақтарға  сұрақтарын  қойып, жауап алды.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале