Биыл қазақ музыкасының нәзік лиризмін, сыршыл сезім мен жүрекке жылы әуезді қалыптастырған көрнекті композитор, ұлттық өнеріміздің алтын қорына өшпес мұра қалдырған Әбілахат Есбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осы орайда Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония сазгердің мерейтойына арналған музыкалық кеш – «Әбілахаттың әндері» атты концертті көрермен назарына ұсынды.

Айта кету керек, 2 желтоқсаннан бастап Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония академиялық атаққа ие болды. Бұл – өнер ордасының шығармашылық әлеуетінің жаңа белесі.
Әбілахат Есбаев – әр туындысында табиғат пен көңіл күйді суреттей білген, қазақ музыкасының көркемдік кеңістігін кеңейткен дара талант. Кештің алғашқы нөмірлері сазгердің сыршыл болмысын танытқан жұмсақ әуендерімен көрерменді бірден баурап алды. «Парасат» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев орындаған «Кел, сұлуым, су алуға таңертең» әні кешке көркем леп берді. Одан кейін ширақ қалпы мен жастықтың жарқын қуанышын паш еткен «Жастық мерекесі», жүрек тебірентер «Солдат сәлемі», сырлы «Мен сәлем жазамын» әндері орындалды.
Аталмыш филармонияның режиссері Кенесары Болғанбаев композитордың адами болмысы мен шығармашылық ортасы туралы да жылы деректер жеткізді.
– Әбілахат атамыздың әндері – халық жадында сақталған есті мұра, уақыттың тезіне төтеп берген шынайы өнер. Бүгінгі кештің басты мақсаты – сол асыл әндерді ел жадында қайта жаңғырту, көпшілікке ұсыну және Әбілахат Есбаев шығармашылығының Батыс өңірінде де кеңінен орындалатынын көрсету. Жалпы, атамыз Құрманғазы атындағы консерваторияда білім алғанымен, үшінші курстан кейін оқудан шығып қалған. Кәсіби білімі толық болмағандықтан, композитор ретінде кәсіби дәрежеге өте алмай, Композиторлар одағына мүше болу мүмкіндігінен де тыс қалған еді. Соған қарамастан, ол әуесқой композитор деңгейінде жүріп-ақ ұлт мәдениетінде өшпес із қалдырды. Тіпті қазақ музыкасының рухани темірқазығы саналатын Шәмші Қалдаяқовтың өзі «Ән жазса – Әбілахат жазсын, ән жазсаң – Әбілахаттай жаз!» деп ерекше құрмет білдіруі – Есбаев талантын мойындаудың ең биік өлшемі десек, артық емес, – деді ол.
Жас өнерпаздар орындаған «Ақсәулем», «Жайық қызы», сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова бастаған кәсіби әртістер тобы шырқаған «Әлі есімде» әні кештің көркем тұстарына айналды. Әбілахат әндерін нақышына келтіре орындағандардың қатарында ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Қанатқали Қожақов, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Майра Хайдарова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Сағадат Рахметжанов, Айбар Хайырханов, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Дария Бақытова, Еркін Өтегенов және өңірге танымал бірқатар әншілер болды.
Кеш барысында композитордың Қазақ радиосындағы ұзақ жылдық қызметі, мінезіндегі қарапайымдылық пен адамгершілік, әр шығармасына үлкен жауапкершілікпен қарайтын ұқыпты-
лығы туралы деректер де ұсынылды. Осындай қасиеттері оның әрбір әнінен сезіліп тұрғандай.
Кештің соңғы бөлімінде «Өзгеге көңілім тоярсың», «Жылқышы әні», «Сайра, сайра, сандуғашым», «Көктөбе кеші», «Ұстазым», «Қайдасыңдар, достарым?» сияқты халық жадында сақталған әндер шырқалды. Айта кеткен жөн, барлық ән жанды дауыста, концертмейстерлер Галина Андреева мен Гүлмира Тащанованың сүйемелдеуімен орындалды.
Жанерке Ғинаят,
«Орал өңірі»