27.12.2022, 10:45
Оқылды: 51

Абыройы асқақ, еңбегі елеулі

Желтоқсанның 23-і күні «Атамекен» өнер ордасында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен «Мәдениет үздігі – 2022» атты сала үздіктерін марапаттау іс-шарасы өтті.

2

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған кештің мақсаты – мамандарды ынталандыру, олардың жетістіктерін ел-жұртқа насихаттау.

– Айналасын думанға бөлей білетін талантты жандарға арналған осындай жұлдызды күндерде жүздесе берейік. «Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі.  Бұл орайда Қазақстанның мүмкіндіктері зор, соның ішінде өзін халықаралық аренада тиімді таныта алады. Дегенмен, бұл мәселеге қатысты саясатымызды қайта қарау қажет», – деп Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шегелеп айтқан болатын. Соған орай бүгінде мемлекет тарапынан бұл салаға ұдайы қолдау көрсетілуде. Кейінгі жылдары облыста 8 мәдениет нысаны салынып, қайта жөнделді. 16 мәдениет ошағы күрделі жөндеуден өтті. Хан ордасы музей қорығының визит-орталығы салынуда. Жыл сайын облыстық бюджеттен тарихи тұлғалардың еңбек жолы мен мәдениет қайраткерлерінің шығармашылығын насихаттау, тарихи-мәдени мұраны сақтау мақсатында қаражат бөлініп, түрлі деңгейдегі байқау-фестивальдер, кештер өткізіліп, ескерткіштер орнатылуда.

Қадірлі сала мамандары, сіздер өңірдің рухани-мәдени өміріне жаңа тыныс беріп, игі істердің ұйытқысы болудан шаршаған емессіздер. Осы бағыттағы шығармашылық ізденістеріңіз алдағы уақытта да жемісті болсын! – дей келе, Нариман Төреғалиұлы бірқатар мәдениет майталманын Құрмет грамотасымен, «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілерімен марапаттады. Сонымен қатар іс-шара барысында «Үздік Ақ Жайықтың дауысы», «Үздік театр кейіпкері», «Үздік мәртебелі мекеме», «Үздік шығармашылық әлем», «Үздік коллаборациялық жұмыс» және басқа да аталымдар (жалпы саны – 25) бойынша кәсіби мамандар, үздік мекемелер марапатқа ие болды. Марапаттарды өз кезегінде өлкетанушы, қоғам қайраткері Жайсаң Ақбай, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген және облыстық  мәслихаттың хатшысы Бибигүл Қонысбаева табыстады.

– Орал мәдени-ағарту училищесін тәмамдаған соң облыстық халық шығармашылығы орталығына 1986 жылы әдіскер ретінде қызметке орналастым. Шымкент қаласындағы мәдениет институтында оқып, жоғары білім алдым. Содан бері өнер-мәдениет саласында еңбек етіп келемін. 2005 жылдан бастап өзіміздің мекемеде директордың шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасарымын. Әр жылдары «ҚР Мәдениет қайраткері», «Тә-уелсіздіктің 30 жылдығы» медальдарымен марапатталдым. Мәдениет қызметкерлері әркез халықтың көз алдында жүреді. Біз тұрғындарға қашанда керемет көңіл күй сыйлауға талпынамыз. Барлық мемлекеттік мерекелер мен ұлттық мейрамдар – біз үшін жауапты жұмыс күндері. Білікті мамандардың ізденімпаздығының, еңбекқорлығының арқасында тың жобалар жүзеге асуда, – деді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Нұргүл Бердашева. Өңірімізде  5030 маман өнермәдениет саласында қызмет істейді. Солардың  2070-і – шығармашылық санаттағы қызметкер. Өнерпаздарымыздың республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып, Ақ Жайықтың атын асқақтатып, алдыңғы қатардан көріне беруіне қашанда тілекшіміз. Облыстың мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өткен бұл іс-шара оларға тың серпін сыйлады деген ойдамыз.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале