28.09.2026, 11:30
Оқылды: 7

Адам өзіне сенсе,қай жұмысты да ұршықша иіріп әкетеді

Бүгіндері өмірді электр қуатынсыз елестету мүмкін емес.  Себебі күнделікті тұтынатын тұрмыстық техникалар токқа тәуелді, өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандардың жұмысы да қуат көзіне байланған.  Ал осы жарықты үздіксіз жеткізіп, ақауларды уақтылы жөндейтін мамандық  иелерінің бірі – электрмонтерлер. 

WhatsApp Image 2026-09-22 at 10.23.49

Кейіпкеріміз Жанысбек Баталов көп сөзге жоқ жан екен. Оның бұл қасие-ті жұмысымен де үндесетін секілді. Өйткені токпен жұмыс істеу ерекше зейінді, сабырлылықты және қателікке бой алдырмайтын үнсіз тәртіпті талап етеді. Ол көп сөйлемесе де, электр жүйесінің «тілін» біледі.

WhatsApp Image 2026-09-22 at 10.23.49 (1)

«БҚО аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС Теректі ауданының Ақжайық электр торабында электрмонтер және көлік жүргізуші Жанысбек Ғарифоллаұлы  бұл  салаға  кездейсоқ  келген.

– Ауылда трактор айдап, шөп шауып жүрген едім. 2013 жылы «Ақжайық электр торабына көлік жүргізушісі керек» дегенді естіп, жұмысқа келдім. Ол кезде көлік те жөндей алмайтынмын. Бірақ осында істен шығып тұрған «УАЗ» аутокөлігін бұзып, механик жігіттермен бірлесіп жөндеп шықтық. Электр бағаналарына да алғаш рет осы жерде шықтым. «Басқа түссе, баспақшыл» дегендей, уақыт өте бұл жұмысты меңгердім. Өмір маған бәрін үйретті. Әрине, адамның ниеті болуы керек шығар. Адам өзіне сенсе, қай жұмысты да ұршықша иіріп әкетеді деген ойдамын. Меніңше, еңбек адамы жұмысты ауыр не жеңіл деп бөлмейді. Мәселен, біз күндіз де, түнде де, жауын-шашында да жұмысқа шыға береміз. Жексенбіге де қарамаймыз. Біздің жұмыс осынысымен зор жауапкершілікті талап  етеді, – деді ол.

Электрмонтер аптап ыстықта да, сақылдаған сары аязда да, нөсер жауын мен дауыл кезінде де бағаналарға шығып, үзілген электр желілерін жалғайды, ақау шыққан трансформаторларды жөндейді. «Біз жұмыста сақтық шараларын әрдайым бірінші орынға қоямыз. Басты қағидамыз – қауіпсіздік. Өйткені бағанаға шығу керек екен деп, шыға салмаймыз. Алдымен бағананың берік-тігін тексеріп, токтың толық өшірілгеніне, яғни кернеудің ажыратылғанына көз жеткіземіз. Өзіме жұмысым ұнайды. Алғашында аз-маз сескенгенмен, кейін үйрендім. Біздің жұмысты қасымызда жүрген адам ғана түсінеді. Ақжайық электр торабына қарасты ауылдардағы электр желілерінде ақау шықса, жөндеуге барамыз. Мұндай іссапарда сым арқалап, бағаналар арасында жүргеннің өзі бір қызық. Электр бағанасына алғаш рет шыққаным әлі есімде. Жұмыста тағылымдамадан өтіп жүрген кезім. Бір әріптесім бағанада орнатылған «Кобра» шамын ағытып қойған екен. Сол құрылғыны жерге алып түстім. Қасымдағы әріптес жігіттер менің ісіме «Бұған дейін бұл жұмысты істеген шығарсың» деп таң қалып, риза да болған еді», – деп есіне алды Жанысбек.

Жанысбек Ғарифоллаұлының айтуынша, қазіргі технологиялар дамыған заманда электрмонтердің де жұмысы жеңілдей бастаған. Мысалы, жүк көлігіне орнатылған гидравликалық көтергіштің (АГП) зор көмегі бар. Бұл техника электр желілерін жөндеуге де, биік ағаштарды кесуге де қолайлы. Бұған дейін мамандар ағаш немесе бетон бағаналарға қауіпсіз өрмелеп шығу үшін когти мен лаз қолданған. Сондай-ақ ол ескі жалаңаш алюминий сымдарды заманауи оқшауланған (СИП) сымдарға ауыстыру энергиямен жабдықтаудың қауіпсіздігі мен тиімділігін айтарлықтай арттырды дейді. Сымдар арнайы оқшаулағыш қабықпен қапталған. Бұл электр желісін күтіп ұстауды да жеңілдетеді.

Жанысбек пен зайыбы Аққудың Дін-мұхамбет, Нұрмұхамбет, Расим және Жантөре есімді ұлдары бар. Екі ұлы мектепте оқиды, екеуі балабақшаға барады. «Біздің жұмыс уақыт, мезгіл таңдамайды. Балаларды көбінесе таңертең және кеште бір көремін. Жұмыстан шаршап келгенде перзенттерімнің алаңсыз ұйқысынан, ойнап-күлгенінен қуат аламын. Ұлдарым менің қайда жұмыс істейтінімді біледі. Жарық сөніп қалса, «Папаға хабарласыңдар, жарық жағады» дейді екен», – деп күлді ол. Кейіпкеріміз біздің «Егер бір күнде әлемдегі барлық электрмонтер жұмысқа шықпай қалса, қоғамда не өзгереді деп ойлайсыз?» деген сауалымызға «Егер сол сәтте жарық сөнсе, жарықсыз әлем болатын шығар?!» деп жауап қатты. Шынында да, бұл жауап осы сала мамандарының, соның ішінде электрмонтерлердің жұмысы қаншалықты маңызды екенін айшықтай түссе керек.

«БҚО аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС Теректі ауданындағы Ақжайық электр торабының бас инженері Қайыржан Ізтілеуов әріптесінің кәсібилігін жоғары бағалайды.

– Жанысбек біздің ұжымға 2013 жылы келді. Көп сөзге жоқ, бірақ еңбекқор жігіт. Ол өз ісіне өте жауапты, күрделі тапсырмаларды сапалы әрі уақтылы орындайды. Жұмысын тиянақты істейді. Соңынан тексеріп, алаңдап жүрмейсің. «Жігітке жеті өнер де аз» деп бекер айтылмаса керек. Жанысбек – жан-жақты жігіт. Электрмонтер әрі жүргізуші. Дәнекерлеу де қолынан келеді. Мұндай маманды үлгі тұтудың жөні бөлек. Бүгіндері бұл салаға жастар келе бермейді. Жалақыны төмен санай ма, әлде қызықпай ма, білмеймін. Бірақ мамандық таңдау және оның құндылығы тек жалақы көлемімен ғана өлшенбеуі керек шығар. Мен осында еңбек етіп келе жатқаныма отыз бес жылдан асты. Бұрын ұжымда 15-20 жыл істеген мамандарды көргенде таңғалатын едік. Қазіргі уақытта бір ұжымда осынша уақыт жұмыс істейтіндер некен-саяқ. Әсіресе жастар  тұрақтамайды.

Біздің жұмысымыз – ұжымдық  жұмыс. Жалғыз маман бір өзі  жұмыс істемейді. Қалай болғанда да, бригада екі адамнан кем болмауы тиіс. Қауіпті болған соң, талап сондай. Қолайсыз ауа райында қосалқы стансада жарық сөніп қалса, кезекші барып қосады. Егер қалпына келтірілмесе, бригада жұмысқа шығады. Олардан басқа электр есептегіш көрсеткіштерін жинайтын контроллерлер, жүргізушілер мен монтерлер секілді басқа да мамандар бар. Бүгіндері электр энергиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Электр желілері жаңарса, сала мамандарының да жұмысы жеңілдейді. Жалпы бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. 2000 жылдары электр жарығы белгілі бір уақытта сөнетін еді. Халық «қазір жарықты сөндіреді» деп дайындалып отыратын. Ал қазіргі уақытта жарық өшсе, телефонға бір сәтке де тыным болмайды. Жарықтың қашан жанатынын дамылсыз сұрап жатады. Бұл қуат көзіне тәуелділікті көрсетіп қана қоймай, сала мамандарының адам өміріндегі маңызын айқындай түседі. Біздің басты мақсатымыз – әрбір шаңырақты қауіпсіз, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету, – деді Қайыржан Хамзаұлы.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале