Өмір – театр секілді. Әрқайсысымыз өзіміз таңдап алған рөлді қарым-қабілетіміз жеткенше сомдап жүрміз. Бірақ біз бір ғана рөлді сомдасақ, актерлік мамандық иелері бірнеше рөлді сомдайды. Бұл мамандық – сонысымен ерекше, сонысымен қызық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің де сахнада ойнайтын рөлдері өмірдің өзі секілді, көпқырлы әрі терең. Осы сұхбатта біз мәдениет саласының үздігі, актриса Хорлан Аспандиярқызы Шәмелованың шығармашылық әлемін жақынырақ тануға ниеттендік...
– Хорлан Аспандиярқызы, сұхбатымызды дәстүрлі сұрақтардан бастайық. Қай жақтың тумасысыз? Балалық шағыңыз, өскен ортаңыз туралы әңгімелеп берсеңіз...
– Мен 1975 жылы Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында дүниеге келдім. Үйде 4 қызбыз. Өзімнің өнерге келуім кездейсоқтық деп айта алмаймын. Себебі әкем де, шешем де ән мен күйге жақын адамдар. Анамның мамандығы мұғалім болса да, әнші болуды қатты армандаған. Ол арманына молда әкесі қарсы болып, мұғалімдікке бет бұрған. Әдебиетші болғаннан ба екен, ертегілерді оқығанда мақамын келтіріп оқитын. Ал әкем өнер қуып, Алматыға барған. Бірақ консерваторияға түсе алмай, физика-математика бағыты бойынша педагогикалық білім алған. Одан кейін ол кісі милиция болды, сол қызметтен зейнетке шықты. Бірақ ата-анам жүрген орталарында, той-томалақта өнерлерін көрсетіп, ән салатын. Анам Орданың оркестрінде әнші болды, әкем сол оркестрдің құрамында примада, мандолинада ойнады. Екеуінің де мамандығы басқа болса да, өнерден құр алақан жандар емес. Менің көзімді ашқалы көргенім сол. Үйде күнде жыр-думан, ән мен күй еді. Қонақ келсе, өлең-жыр оқылып, ән-күй ойнайтын. Содан да болар оқуға тапсырарда өлең оқып, ән айту маған еш қиындық тудырмады. Жалпы, мен өнер адамы болсам деп армандаған емеспін. Бұл – ата-анамның орындалмаған арманы. Маған бұйырды. 1993 жылы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институты жергілікті жерлерден әртістерді дайындау үшін эксперименталды факультет ашты. Сол институтта «Әуесқой театр режиссері» мамандығы бойынша білім алдым.
Ең алғаш қазіргі Х. Бөкеева атындағы облыстық драма театрының шымылдығы «Қаракөз» драмасымен ашылған кезде біз тобымызбен массовкада жүрдік. Режиссерлері біздің сол кездегі ұстаздарымыз болды. Оның ішінде Мұхтар Әуезов атындағы театрдың актрисасы, халық әртісі Гүлнар Жақыпова бар. 1997 жылы оқуды 21 студент аяқтадық. 5 адамды бірден театрға жұмысқа алды. Соның біреуі мен едім. Әлі күнге дейін осы театрда қызмет істеп келемін. Іргетасын қалаушылардың қатарынанмын деуге болады.
– Сізді осы өнерге баулыған ұстаздарыңыз туралы айтып берсеңіз. Актерлік мамандықтың қиындығы неде?
– Институтта оқып жүргенде біздің кураторымыз Айман Қуатова болды. Ол кісі облыстың мәдениетіне сүбелі үлес қосқан, ҚР еңбек сіңірген мəдениет қызметкері, режиссер болатын. Бірақ оның негізгі мамандығы мерекелерді ұйымдастырушы режиссер еді. Біздің кәсіби мұғалімнен тәлім алғымыз келді. Содан А. Островский атындағы театрдың актер-режиссері Сергей Николаевич Попов деген мұғалім келді. Ол кісі орыстілді еді. Маған ылғи басты рөлдерді беретін. Сонда «Мен орыс тілін білмеймін ғой. Орысша оқыған қыздарға берсеңізші» дейтінмін. Жалпы, мен өзім бұл мамандықты армандамаған едім. Заңгер боламын, прокурор болып, әкемнің жолын қуам деп жүретінмін. Содан ба көп сылтауратып, сабаққа барғым келмейтін. Ал мұнда басты рөлдерді маған беріп қойып, мені күтіп отыратын еді. Сонда ағай маған «Дура, ты же актриса» дейтін. Кейін өзім мұғалім болып, колледжде сабақ беріп жүргенде, ұстазыма жасағанымның бәрі алдыма келді ғой. Қазір сол ұстазыма риза боламын. Сол кезде мұғалімдердің неліктен қатал талап қоятынын түсіндім. Ал мен ылғи диплом үшін оқып жүрмін, 4 жыл оқып шықсам болды деп ойлайтынмын. Себебі әкем «Тек оқып шықшы, сосын милиция болып жұмыс істерсің» деген еді. Бірақ диплом алатын күні Сергей Николаевич әкеме «Тым болмаса бір ай жұмыс істеп көрсін, сосын кеткісі келмей қалады» деп қиыла өтініш айтты. Маған да «Сен милиция болсаң, өмір бойы бір маман болып жүресің. Ал театрда сен қалаған рөліңді сомдайсың. Милиция да, ұстаз да, дәрігер де боласың» дейтін. Содан осылай театрда қалып қойдым (күлді). Бұйыртса, осы жерден зейнетке шығатын шығармын. Алғашқы рөлімде режиссер Мұрат Ахмановтың «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» комедиясындағы Бануды сомдадым.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Өнерден тыс немен айналысасыз?
– Өмірлік ұстанымым – ешқашан өтірік айтпау және шынайы болу. Барды бар, жоқты жоқ деймін. Жасанды бола алмайды екенмін. Ел «Әртістер өмірде де әртіс, құбылады, ойнайды» деп жатады. Бірақ олай емес. Адам табиғатынан бәрібір кете алмайды. Мысалы, өмірде де алдап кететін, аферист адамдар болады. Бірақ оның бәрі сахнада ойнай алмайды ғой. Сол сияқты. Өнерден тыс уақытта қазіргі таңда қызымның тәрбиесіне көңіл бөліп жүрмін. Ән айтқанды, би билегенді, кітап оқығанды жаным сүйеді. Жас күнімде би үйірмелеріне арнайы баратынмын.
– Актерлерге рөл бөлінгеннен кейін, әрі қарай дайындық қалай жүреді? Сахна сыртындағы өмірдің кей сәттерімен бөліссеңіз...
– Қолыма қандай да бір сценарий түскеннен кейін, әуелі оны оқып шығамын. Сосын талдау жасаймын. Бұл кім? Қандай өмір сүреді? Оның бұлай айтуына не себеп болды? Өмірінде қандай кедергілер кездесті? Көзқарасы қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп, оның жан дүниесін зерттеп, соған енуге тырысамын. Жалпы, актер деген – адам жанының зерттеушісі деп тегін айтпайды
ғой. Өзіңнің бойыңдағы бар нәрсені соған икемдейсің. Негізі, адам – сан қырлы. Мықты режиссерге тап болсаң, ол сенің бүкіл қырыңды жонады. Өзің білмей жүрген қырларың ашылып, өзің таңғалып жататын жағдайлар да болады. Менің қолымнан осылай жасау келеді екен ғой деп қаласың. Мысалы, тарихи тұлға болса, ол туралы оқисың, ізденесің. Оның өмірі қандай болды деген сұрақтарға жауап іздейсің. Жақсы қасиеттерін бойыңа жинауға тырысасың. Менің жан дүниеме драма, мелодрама, трагедия жанры жақын. Бірақ комедиялық рөлдерді де сомдаймын. Өзім комедияны мүлде ойнай алмаймын деп ойлаушы едім. Актерлік амплуа деген болады, біреудің жан дүниесі сөзсіз комедияға келіп тұрады. Сондай бола тұра күрделі рөлдер де болады. Кей тұстарын игере алмай жатасың. Көп дайындық керек. Дайындық негізінен үстел басында оқудан (читка) басталады. Рөлдерді бөліп алғаннан кейін, бәріміз кезектесе оқимыз. Сол кезде кейіпкердің қылықтарын, дауысын келтіреміз. Дайындық неғұрлым ұзақ, көп болса, қойылым да соғұрлым жанды шығады. Өзім алдағы уақытта Бопай, Домалақ ана сияқты дана аналардың рөлін сомдағым келеді. Сол кезеңге келдім деп санаймын. Бірақ көп дүние режиссерге байланысты. Театрдың моторы – режиссер. Режиссердің актерден бір саты жоғары тұруы да үлкен рөл ойнайды. Режиссер сені қызықтырса, кішкентай рөлдің өзін сүйсініп ойнайсың. Он жерден басты рөл болса да, режиссеріңмен байланыс болмаса, рөл күлдібалам шығады. Өзім Құдай берген мүмкіндігімнің бәрін қолданып, барлық қырымды ашатын рөлді ойнадым деп әлі айта алмаймын. Томирис, мадам Маривонды ойнадым. Әлімбек Оразбеков деген актер-режиссермен жұмыс істеу маған өте қызықты болды. Сол кісіні ұстаз ретінде құрметтеймін. Танымал театр режиссері Нұрлан Жұманиязовпен жұмыс істеп көрдім. Жалпы, әртүрлі режиссерлермен жұмыс істеу – актерге үлкен тәжірибе. Әрқайсысынан алатының бар. Бір режиссермен жұмыстана берсең, бір орында тұрып қалу қаупі болады. Болашақта Фархад Молдағали, Дина Жұмабаева сынды білікті, өзін мойындатқан режиссерлердің спектакльдерінде ойнағым келеді. Жалпы, жан-жақтан режиссерлер келіп, бірнеше жерден дайындық жүрсе, театрдағы тіршілік қайнап тұрады. Актерге негізі сондай шығармашылық атмосфера қажет.
– Хорлан Аспандиярқызы, кез келген тірі нәрсеге қозғалыс керек. Сол сияқты іссапарларға жиі шығып тұрасыздар ма? Жалпы, іссапарлар театрға не береді?
– Иә, гастрольдерге, фестивальдерге барып тұрамыз. 2005 жылы «Қорқыт» спектаклімен Мысырға, 2015 жылы Қырымға, 2016 жылы Македонияға бардық. Қазақстан бойынша жыл сайын гастрольге шығамыз. Соңғы жылдары сәл саябырсыды. Пандемия, ақша бөлінбеді, әйтеуір сылтау табылды. Қазіргі таңда сол бағытты қайта жандандырып жатырмыз. Өткен күзде Петропавл қаласына барып қайтқанбыз.
Петропавл деген Орал сияқты, тіпті Оралдан да ескілеу, тарихи қала. Халқы – орыстілді, басым бөлігі – орыстар. Бірақ керемет қылып қазақ театрын салып берген. Қаланың қақ ортасында, алты қанатты ақ орда сияқты менмұндалап тұр. Ішін көргенде, ғашық болдым. Театр актерлерінің үлкенінің жасы 40-та, қалғаны – жастар. Жас болып та, кәрі болып та солар ойнайды. Ал бізде, былай қарап тұрсаң, барлық буын бар. Десе де екі жылдан бері біздің театр ұжымы сандалып жүр. Жөндеу жұмыстары әлі бітер емес. Көреременге риза боламыз. А. Островский атындағы театрда, Зенит мәдениет үйінде қойылым қойсақ, сонда келіп жүр. Демек, театр көрерменге керек. Осы уақыт аралығында жаңа театр салып беретін уақыт болған сияқты. Ресеймен шекаралас жатқан өңірміз. Қазақтың өнерін ойлайтын адам болса, театрға көңіл бөліну керек. Біздің арманымыз сол.
– Әңгімеңізге рақмет! Театр төрінде жарқырай беріңіз!
Сұхбаттасқан:
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»