24.04.2025, 11:30
Оқылды: 314

Адамдық борышын кәсіби біліктілігімен ұштастырған тұлға

Мирболат Жақыпов – қырық  жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнаған жан. Ерінбей-жалықпай еңбек етіп, Отанына, туған жеріне пайдасын тигізуге тырысып бақты. Оның өмірлік мақсат-мұраты сол болатын. «Қызмет қыл да, міндет қыл!». Бұл кейіпкеріміздің негізгі ұраны еді.

джакупов мирболат (2)

Мирболат «Халқыңа құл болмасаң, би болмайсың» дегенді бала кезінен естіп өсті. Бұл сөзді оған әкесі, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері Хаби Жақыпов жиі айтатын. Хаби Жақыпов 45 жыл заң саласында еңбек еткен, оның 40 жылында Батыс Қазақстан облыстық сотында, сондай-ақ Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Бөрлі аудандық сотында халық судьясы қызметін атқарған тұлға. Оған алты баланы тәрбиелеп өсірген ардақты ана, кітапхана саласында жұмыс істеген жұбайы Қама Ерғалиева қашанда қолдау көрсеткен. Балаларының бәрі жоғары білім алды, өсті, өркендеді.

Бекет – зоотехник, Бекболат – филолог болды. Төремұраты ҚазҰУ-дың тарих факультетін бітірді. Гүлнар, Бақытгүл өмірлерін сахнаға, театр өнеріне арнады. Өздеріңіз оқып, сезіп отырған шығарсыздар, осы айрандай ұйыған жанұяда шығармашылық атмосфера қалыптасты. Олар кішкентайынан тарихқа, мәдениетке, әдебиетке, өнерге қызығушылық танытып, көп ізденді, өз-өздерін шығармашылық тұрғыда дамытты.

Мақала-материалымыздың кейіпкері Мирболат Жақыпов 1955 жылы 17 сәуірде Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданының орталығында дүниеге келген. 1962-1972 жылдары Казталов ауылында орналасқан Алма Оразбаева атындағы орта мектепте оқыған. 1972-1977 жылдары Мәскеу мемлекеттік тарихи-мұрағат институтын құжаттану және мемлекеттік мекемелерде басқару қызметін ұйымдастыру мамандығы бойынша оқып бітірді.

Мен Мирболат Хабиұлымен 1973 жылы Ленинградта таныстым. Ол өзінің жерлесі, Сауда институтының студенті Серік Жұмағалиевке келген болатын. Студенттердің Цюрупа сарайындағы мерекелік кешіне бірге қатыстық. Мен Серікті жақсы танитын едім. Ал Мирболатпен 24 жылдан кейін, яғни, 1997 жылы 12 қыркүйекте Алматыдағы «Қазжол» мейрамханасында өткен менің үлкен қызым Фариданың тойында жақынырақ таныстым. Кейін мемлекеттік қызметте жолымыз тоғысты. 2004 жылы біздің ұл-қызымыз отау құрып, бір-бірімізге құда болдық.

Мирболат Жақыпов қатардағы қызметкерден басшыға дейінгі жолдың барлық сатысынан өтті. 1977 жылдан 1989 жылға дейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Баспасөзде мемлекеттік құпияларды сақтау жөніндегі Бас басқармасының редакторы, бөлім бастығы, коллегия мүшесі қызметін атқарды. 1989-1990 жылдары Қазақстан Компартиясының Алматы қаласы Фрунзе ауданының аудандық комитетінің жалпы бөлімінің нұсқаушысы, 1990 жылдан 1991 жылға дейін Қазақ КСР-ның Президенті Аппаратының, 1991-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бірінші категориясының маманы, референті, сектор меңгерушісі, Жалпы бөлімнің меңгерушісінің орынбасары, 2002-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі Басшысының бірінші орынбасары болды. 2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі, 2008 жылғы ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, 2008 жылғы қазаннан 2018 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. 2018 жылдан бері «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы орталық комитетінің төрағасы.

Ол әрбір ісін асқан жауапкершілікпен атқарды. Жүйелі түрде жұмыс жүргізудің жаңа технологияларын ойлап тауып, нақты нәтижеге қол жеткізе білді. Бір орында тоқтап қалмай, алға жылжу мақсатында өзінің кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп отырды. Озық елдерде жүргізіліп жатқан жұмысты жиі зерттеп-зерделеді. Ол – өте ұқыпты, әдепті, қарапайым тұлға. Әріптестерін құрметтеді. Оған қоса көмек сұраған жандарға қолғабыс етуге қашанда дайын болатын.

Басқалай болуы мүмкін емес! Өйткені, әкесі Хаби балаларына, соның ішінде Мирболатқа: «Балам, адамның ала жібін аттама, көлденең сөзге сенбе, алдыңда тұрған адамның тағдырына жанашырлықпен қара, ұлық болсаң, кішік бол» деп үнемі айтып отыратын. Ол әке өсиетін орындай алды. Оның жоғары кәсіби біліктілігін, іскерлік және тұлғалық қасиеттерін еліміздің жоғары лауазымды тұлғалары әрқашан жоғары бағалады.

Мемлекеттік мұрағат мәртебесін сақтай отырып, ҚР Президентінің Архивін құру туралы Жарлықты дайындауға тікелей атсалысты. Қазіргі уақытта бұл мұрағатта 1 миллионнан астам құжат бар. Мұрағатшылар жауапты миссияны орындайды, ел тарихын сақтайды. Мирболат Хабиұлы солай есептеді. Өткенсіз болашақтың жоқ екенін түсінді. Әрбір кезең – тұтас тарихтың бір бөлшегі. Байланыс ажыраса, тізбек те үзіледі. Сол себепті ол мұрағатшылармен, жұртшылықпен кездескенде: «Тарих біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Қандай болса да, ол бізге ортақ. Тарихты сынауға болады, бірақ одан бас тартуға болмайды!» деп баса айтты.

Іс жүргізу мен құжаттама мәселесінде кадрлық тәртіпсіздік болмауы керек. Мен оған нық сенімдімін. Азаматтардың өтініштерімен сапалы жұмыс істеп, түрлі құжатты қателіксіз реттеу үшін тәжірибелі, білгір мамандар қажет. Бұл жұмыстың тиімділігін сөзсіз арттырады.

ҚР Президентінің Әкімшілігінде қызмет еткен уақытында Мирболат Жақыпов Мемлекет басшысынан немесе Әкімшілік басшыларынан ешқандай ескерту алған жоқ. Ол кәсіби біліктілігінің, іскерлігінің, еңбекқорлығының арқасында кадр ретінде өз-өзін жан-жақты қалыптастырды. Әркез әділ шешімдерді іздеді. Заңдарды, ережелерді жақсы білетін. Қашанда әділеттілікке, заңға сүйенді. Себебі Мирболат әкесінен естіген «Ханға бағынбаған, заңға да бағынбайды» деген халық даналығын әсте ұмытқан жоқ.

Бір кездері еліміз дағдарысқа ұшырады. Инфляция өршіп тұрды. Өнеркәсіп алпауыттары тығырыққа тіреліп, жұмыссыздық белең алды. Белгілі бір уақыт аралығында зейнетақы, жәрдемақы және жалақы төленбеді. Осы бір кезеңде оң өзгерістердің қажет ететін өмірдің өзі ұқтырды, талап етті.

Сол қиын кезеңнен шығудың жаңа жолдарын қарастыруға талпынатын адамдар көп болған жоқ. Барлығы ескі сүрлеумен жүрудің ендігі жерде түк мәні жоқ екенін түсінді. Бірақ өздерінің нені қалайтындарын, шаруаны неден, қалай бастайтындарын білмеді. Мемлекеттік құрылымдарға қолынан іс келетін, халқына пайдасын тигізуге талпынатын, нәтижелі жұмыстар атқара алатын басшылар қажет еді. Осындай уақытта қара басының қамын емес, қалың жұртшылықтың жағдайына алаңдайтын, көзінде оты бар, өзін құрбан етсе де, халықтың әлеуметтік хәл-ахуалының нашарлауына жол бермейтіндер алға шықты. Сондай тұлғаның бірі – Мирболат Жақыпов еді. Ол өзін де, уақытын да аяған жоқ. Бар қуатын, күш-жігерін елінің өркендеуі жолында сарп етті.

Мирболат Хабиұлына алғашында тәжірибесі мол мемлекет және қоғам қайраткері Махмұд Қасымбеков бағыт-бағдар берді, тәжірибесімен бөлісті. Ол тек Мирболатқа ғана емес, ҚР Президенті Әкімшілігінің басқа да қызметкерлеріне тәлімгер болды.

Мирболат Хабиұлының ұйымдастыруымен ҚР Президентінің Іс басқармасында іс жүргізу бойынша және азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулықтар дайындалып, ҚР Президентінің Жарлықтары мен нормативтік-құқықтық актілерді дайындау тәртібі әзірленіп, басқарманың барлық қызметкерлерінің функционалдық міндеттері айқындалды.

Мемлекет басшысының және ҚР Президенті Әкімшілігінің басқа да лауазымды тұлғаларының қолы қойылатын құжаттарды жедел әрі сапалы дайындауға баса назар аударылды. Өйткені, құжаттар – ақпараттың негізгі тасымалдаушысы, басқару һәм бақылау құралы.

Мирболат Хабиұлы ҚР Президенті Әкімшілігі қызметкерлерінен нормативтік актілердің асқан сауаттылықпен толтырылуын талап етті. Құжат мәтінінің түсініктілігіне баса назар аударылды. Құжат мәтіні кәсіби кадрларға ғана емес, Қазақстанның кез келген тұрғынына түсінікті болуы керек деп санады. Ол нормативтік актілер мәтінінің түсініксіз болмауы тиіс екенін үнемі айтып отырды.

Аталған құжаттарды дайындау барысында дәлдік, сауаттылық, сонымен қатар мұқияттылық керек. Оған қоса лексикалық, синтаксистік және саяси сипаттағы қателіктерге жол берілмеуі тиіс болды. Сондай-ақ бюрократияны, қағазбастылықты жоюға бағытталған жүйе құруға талпыныс жасалды.

Мирболат Жақыпов 2000 жылы «Мемлекеттік аппараттың жұмысын жақсарту, төрешілдікке қарсы күрес және құжат айналымын қысқарту жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасын әзірледі. Бұл жоба республика бойынша құжат айналымын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысына және ҚР Президенті Әкімшілігіне жолданған хаттармен және өтініштермен жұмыс істеу – халықпен үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін қызметтің бір түрі еді. Осы бір қызмет түрі арқылы лауазымды тұлғалар жалпы жұртшылықтың пікірімен жақынырақ танысып, көпшіліктің ұсыныс-пікіріне құлақ асты. Президент Әкімшілігіндегі лауазымды тұлғалардың азаматтарды қабылдау жұмысы да жетілдірілді. Ай сайын алдын ала азаматтарды қабылдау кестесі жасалды. Бұл кесте «Аkorda.kz» сайтында тұрақты түрде жарияланып тұрды.

Мирболат Хабиұлы мамандарға азаматтардың арыз-шағымдарына немқұрайлы қарамау керектігін жеткізді. Олардың өтініш-тілектеріне «Иә» немесе «Жоқ» деп қысқа-нұсқа, атүсті жауап бере салуға болмайтынын да тілге тиек етті. Себебі бұл құжаттарда қазақстандықтардың кеудесіндегі үміт бар. Сол себепті бұл шаруа тереңнен толғап, жедел әрі тиімді шешім қабылдауды қажет етеді. Осы қағаздарда көтерілген мәселелер бойынша ақпараттық-талдау жазбалары дайындалып, Мемлекет басшысының назарына ұсынылатын.

Нормативтік-құқықтық актілерді дайындау кезінде өтініштерде айтылған ұсыныстар пайдаланылды. Аса құнды кеңестер мен ой-пікірлер шұғыл түрде қаралып, күнделікті қызметте ескерілді. Қызметкерлер мәселеге тереңірек үңіліп, зерттеп-зерделеп, жіті қадағалады.

Мирболат Жақыпов қашанда жаңашылдықты жақтады. Алғашында жұмыс электронды есептеуіш машиналардың бірыңғай жүйесі арқылы жүргізілді. Кейін кейіпкеріміздің бастамасымен «President DocFlow» электронды құжат айналымы іске қосылды. Электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесін құрудағы басты мақсат – Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымдары қызметінің тиімділігін арттыру, ресми құжаттар мен азаматтардың өтініштерін жедел және сапалы өңдеу.

Сол уақыттағы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2000 жылғы 22 қарашада электронды  құжат айналымының бірыңғай жүйесін құру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына 2006 жылға дейін сол кездегі ҚР Президентінің Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі Мирболат Жақыпов жетекшілік етті. Ауқымды жұмыстар істелді. Мемлекеттік құрылымдарда электронды құжат айналымын жедел енгізуге бағытталған бірқатар нормативтік акт қабылданды.

Электронды  құжат айналымының бірыңғай жүйесін енгізу нәтижесінде құжаттарды тіркеу, жеткізу мерзімдері қысқарды. Жүздеген тонна жазу қағазы үнемделді. Сонымен қатар осы бір жүйе цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, азаматтар мен мемлекеттік құрылымдар арасында диалог жүргізу механизмін құруға ықпал етті.

Қазақтанның «Электронды үкіметінің» жетістіктері халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. 2008-2014 жылдар аралығында «Электронды үкіметтің» даму деңгейі бойынша Қазақстан БҰҰ рейтингінде 81-орыннан 28-орынға көтеріліп, көптеген ТМД және Шығыс Еуропа елдерін басып озды. Осы тұрғыда Мирболат Хабиұлының сіңірген еңбегі зор екені айдан анық.

Мирболат Жақыпов өз елінің патриоты ретінде мемлекеттің тілдің дамуына, насихатталуына көп көңіл бөлді. Оған дәлел бола алатын түрлі құжат бар. Ол «Қазақ тілі қоғамда өзінің лайықты орнын ала қойған жоқ. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге әрбір азамат үлес қосуы қажет. Біз үйде, жұмыста, басқа да орындарда мемлекеттік тілді қолдануға тиіспіз. Сонда ғана мемлекеттік тілдің мәртебесі артады» деген еді. Бұл пікір 2007 жылы «Делопроизводство в Казахстане» журналының №1 санында жарияланған.

Мирболат Жақыповтың тікелей ұйытқы болуымен мемлекеттік тілді дамыту мақсатында арнайы аппараттық мәжілістер өтті. ҚР Президенті Әкімшілігінде қызмет ететін мамандардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көтеру мақсатында оқыту жұмыстары жүргізілді. «Тіл» журналында «Мемлекеттік тілді құрметтеу – әрбір азаматтың парызы» атты сұхбаты жарияланды. Оның бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сұхбаттары мемлекеттік қызметшілердің ғана емес, филологтардың да назарын аударды. Ол көрнекті ғалымдармен бірлесіп, «Қазақ этнографиясының 6 тілді қысқаша сөздігін» құрастырды. Бұл сөздікте ұлттық бет-бейнемізді танытатын, басқа ешбір елде қайталанбайтын аса бірегей танымдық атаулар жинастырылып, олардың қысқаша түсініктемелері қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай және араб тілдеріне аударылып берілген. Айта кетейін, Мирболат Хабиұлы – латын әліпбиіне көшуді қолдаушылардың бірі.

Ол ҚР Президенті Әкімшілігінің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлерін іс жүргізу мен мұрағат ісі бойынша оқытуға үлкен көңіл бөлді. Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінде, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау курстарында, көптеген семинарда түрлі тақырыпта дәріс оқыды. Сол уақытта білімін жетілдірген жас мамандар қазіргі таңда жоғары мемлекеттік қызметтерді атқарып жүр.

2007 жылы «Қазақстанда іс-қағаздарын жүргізу», 2009 жылы «Құжат айналымы мәселелері» журналдарының жарыққа шығуына қолдау білдірді. Аталған журналдар әлі күнге жарық көріп келеді.

Мирболат Хабиұлы туған жері Батыс Қазақстан облысында жұмыс істеген жоқ. Алайда Ақ Жайық өңірінің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына үнемі назар аударып отырды. 1993-2001 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысын басқарған Қабиболла Жақыповпен кеңесті. Соның нәтижесінде «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б. в.» компаниясымен меморандумға қол қойылды. Аталған кәсіпорын жыл сайын облыстың әлеуметтік-мәдени дамуына 10 млн АҚШ долларын бөлетін болды. 1998-2024 жылдар аралығында осы корпоративтік әлеуметтік серіктестік аясында жалпы құны 834 млн долларды құрайтын 250 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды.

Мирболат Жақыпов кіндік қаны тамған жерінің өсіп-өркендеуі үшін қолынан келгенін жасап, жергілікті кадрларға барынша көмектесті. Оның үстіне ағасы екеуі Хаби Жақыпов атындағы жеке қорды құрып, Казталов ауданындағы мектепті «Алтын белгімен» бітірген барлық түлекке ақшалай гранттар ұсынды. Соның нәтижесінде 2008-2018 жылдар аралығында 90 талапкер жоғары оқу орындарында оқыды.

джакупов мирболат (3)

Мирболат Жақыповтың қажырлы еңбегі өз бағасын алды. Ол Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту, құжаттама және мұрағат ісі мәселелерін шешу, мемлекеттік басқаруды жетілдіру жолында ауыз толтырып айтарлықтай қыруар шаруа тындырды. «Құрмет», «Парасат» және II дәрежелі Достық орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2017 жылы 1-республикалық «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметкері» байқауының жеңімпазы деп танылды. Ол – Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы және Казталов ауданының құрметті азаматы.

Мирболат Хабиұлын аяулы жары Венера Сағынқызы үнемі қолдады. Жұлдыз, Мәди есімді перзенттері жағымды жаңалықтарымен қуантты. Айзере, Акмаль, Әмина, Альтаир секілді немерелері еркелеп, атасының көңіл күйін көтеріп, жанын жадыратып, айналасын нұрландырып, еңбекке жігерлендірді.

Ол – өз отбасында, туған-туыстарының арасында әрқашан сыйлы, абыройлы. Бауырлары, балалары маңызды мәселелерін шешерде Мирболат Жақыповпен міндетті түрде ақылдасады. Кейіпкеріміз жақын адамдарының ой-пікіріне қашанда құлақ асады.

Ол бауырларының, балаларының алдындағы жауапкершілікті ешқашан ұмытпайды. Мәскеуде оқып жүрген кезінде ата-анасының сары уайымға салынатынын сезіп, аптасына бір рет ауыл жаққа хат жолдайтын. Әкесі Хаби оның беталысына ризашылықпен қарап, аянбайталмай жүйелі түрде жұмыс істеу керектігін, «Еңбексіз өмір – сөнген көмір» екенін жазатын. Мирболат Жақыпов әкесінің айтқанын орындады. Бар уақытын халқының игілігіне арнап, талмай тер төкті.

Ол бүгінде ғылыммен, қоғамдық жұмыстармен айналысып, халыққа қызмет етуде. Биыл 70 жасқа толмақ. Мирболат Хабиұлына және оның ет жақындарына амандық-саулық, табыс тілеймін! Оны әрдайым балалары мен немерелері игі істерімен қуанта берсін!

 

Кеңес Махамбетов,

мемлекеттік қызмет  ардагері,

Астана қаласы

 

Материалды орыс тілінен тәржімалаған 

Мәрлен Мәлікұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале