16.06.2021, 12:14
Оқылды: 46

Адасқан өмір

Елімізге, халқымызға жат ағымдардың жолына түсіп кетудің астында діни білімнің таяздығы байқалады. Бұл дегеніміз - бұрыс бағытты ұстанып, дәстүрін мойындамай жүрген азаматтарымыз бен азаматшаларымызға шариғат пен салт-дәстүрді байланыстырып тұрған хадистер мен аяттардың жеткілікті деңгейде жетпегендігі немесе діни білімді беріп отырған адамның толыққанды айтпағандығы. 

666

Жат ағымды ұстанып, діндар болып көрініп, бетперде киіп, айналасындағылардың іші-бауырына кіріп, соңында айтуға ауыз бармас қылмысқа барғандардың іс-әрекеті бүгінгі қоғамға сабақ болуы тиіс.

Біздің бұл жазбамызға түрткі болған қала іргесіндегі ауыл тұрғыны Қ. есімді азаматтың «түсініксіз тірлігі».

Өмір есігін ашқаннан бергі оның өмірі түзу жолға түспеді. Ол дүниеге келген соң алдымен туған әкесі ірілі-ұсақты қылмыс жасап, сан мәрте бас бостандығынан айырылып, өмірінің біразын темір тордың ар жағында өткізді. Ал тоғыз ай, он күн көтерген анасы болса, басқа біреумен бас қосты. Бала тәрбиесін ойламады. Оның тәрбиелі азамат болып қалыптасып кете алмауына алдымен осы жайттар себеп болса керек. Бір сөзбен айтқанда, ол қолайсыз отбасында дүниеге келді. Ата-ана махаббатын сезіне алмады. Отбасы тәрбиесінен мақұрым қалды. Міне, оның дұрыс емес жолға түсуі осы кезден басталды.

Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөз бар. Ата-ана тәрбиесін жеткілікті көрмеген Қ. мектеп қабырғасында жүргенде де сабақ үлгерімінің төмендігімен қатар бұзақылығымен де талай ескертулер алған. Мейірім көрмей өскен ол достары мен ұстаздарының ақыл-кеңесіне де құлақ аспады. Әрлім-берлім жүріп шаққа дегенде мектепті тәмамдады.

Шынын айту керек, мектеп қабырғасында жүріп-ақ нағыз «көшенің басбұзары» боп шықты. Сол кездің өзінде-ақ «көше баласының» жасаған ұрлық-қарлық, өзгені ұрып-соғу, мүлкін тартып алу, шылым шегу сынды жағымсыз қылықтары ортасына оғаш болып көрініп тұратын-ды.

Тепсе темір үзетін еңгезердей жігіт елге қызмет етіп, еңбек етудің орнына жалындаған жастық шағының алғашқы сатысын темір торда қарсы алды. Алғаш абақтыға қылмыс жасап түскен бойда намазға жығылып, дінге бет бұрады. Оның ақ-қарасына жете көңіл бөлмейді. Оның үстіне тап осы темір торда отырып, есірткіге құмартып, анаша шегіп, уытқұмарлық заттарды қолдануды әдетке айналдырады.

Айналасына діндар болып көрінген оның барлық жағымсыз іс-әрекеті жұмбақ күйде өрбіп жатты.

Ұсақ қылмыс жасаумен торға түскен ол медиацияның көмегімен әлсін-әлсін бостандыққа шығып отырған. Бұл жерде заңның да кейбір кемшін тұстарын айтпай кетуге әсте болмас. Өйткені заңда ұсақ қылмыс жасаған жан алғашында бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, он күнге қамалады. Кейін бір жыл ішінде қылмысы қайталанып жасалынса, он бес тәулікке дейін қамалады. Ал үшінші мәрте ұсақ бұзақылық қылмысқа барса, жиырма айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді екен...

Жалынды жастық шағында түрмеде отырып, нашаның дәмін татқан бұзақы темір тордан шыққан соң да нәпсісіне ие бола алмай, наша үшін тағы да ұсақ қылмысқа барады.

Есірткіге тәуелділік оны көзсіз қылмыстарға жетеледі де тұрды. «Анаша шегу керек. Есірткі қабылдау керек» деген түсінік санасын әбден улағаны соншалық, өзін жеңе алмады. Құқық қорғау органдары тарапынан сан рет темір торға тоғытулар нәтиже бермеді. Қылмыс жалғаса берді. Бұзақы адам болуды ойламады.

Ол жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасауды ғана ойлайды. Надандыққа, көрсеқызарлыққа бейімделген оның көзқарасы оны қайта-қайта темір торға бағыттады.

Оғаш қылықтарымен елге әбден танымал болып үлгерген оны не ағайын-туыс, не жора-жолдастары өз қатарына қоспады. Ал дәстүрлі ислам дінін ұстанған жамағат оған бірнеше мәрте ескерту жасап, өзіне оралуға, өзін табуға кеңес берді. Бұдан соң жамағаттан қуылды. Себебі оның бетперде жамылып жүргендігі баршаға мәлім болатын-ды.

Есірткіге тәуелділік, жат діни ағымды қабылдау, өз іс-әрекетіне мойынұсынбау, жат пиғыл, мейірімнен ада қатыгездік ақыры оны жазасыз қалдырмады.

Соңғы босаған кезеңінен кейін де ол жақын бауырымен бір ымыраға келе алмау салдарынан оны өлтіріп, тағы істі болады. Жантүршігерлік айуандықпен адам өлтірген қылмыскердің соңында «барар жер, басар тауы» – абақты болды.

Отбасынан өнеге көрмей өскен ол бірнеше мәрте қылмыс жасады. Онымен қоймай өзін діндар санап, теріс ағымның жетегіне ерді. Ақыры адам өлтіріп, темір торға тоғытылды. Қылмыстың өтемі қашанда жаза болмақ. Сондықтан бұл оқиға көпшілікке сабақ болатыны анық.

Ертай Бимұханов,
Орал қаласы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале