Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) су тапшылығы, құрғақшылық пен су тасқыны Африка экономикасы мен экожүйесіне орасан зиян келтіретіні туралы жаңа баяндама жариялады. Мұздықтар жойылып, негізгі көлдердің аудандары қысқаруда, бұл құрлықтағы халықтың жаппай көшуіне әкелуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ Жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
2021 жылғы Африкадағы климаттың жағдайы туралы баяндамада экстремалды ауа райы мен климаттың өзгеруі адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамуына нұқсан келтіретіні айтылған.
Африкаға жаһандық парниктік газдар шығарындыларының шамамен 2-3%-ы әсер етеді, бірақ басқа континенттерге қарағанда пропорционалды түрде көп зардап шегеді.
Құжатта айтылғандай, Африкада шамамен 250 миллион адам су тапшылығына тап болады. 2030 жылға қарай судың жетіспеушілігі шамамен 700 миллион адамның қоныс аударуына әкеледі, Африканың бес елінің төртеуі су ресурстарын тұрақты басқаруды қамтамасыз ете алмайды.
Шығыс Африкадағы мұздықтар толығымен жойыла ма, жоқ па, бұл аймақтағы жауын-шашынның мөлшеріне байланысты. Қазіргі уақытта Африка халқының тек 40%-ы төтенше ауа райының әсерінен және климаттың өзгеруінен қорғану үшін алдын-ала ескерту жүйелеріне қол жеткізе алады.
«Африканың климаттық жағдайы» баяндамасында алдын-ала ескерту жүйелерін нығайту, трансшекаралық ынтымақтастықты кеңейту және метеорологиялық мәліметтермен алмасу бойынша бірқатар ұсыныстар бар.
Бұған дейін Эфиопия, Кения және Сомалидегі құрғақшылықтан зардап шегіп, ауыз суға қол жеткізе алмай отырған адамдардың саны бес айда 9,5-тен 16,2 миллионға дейін өскені хабарланған болатын. Африканың Сахель аймағындағы балалар да су тапшылығына тап болды.
Фото: МОМ/Аманда Неро