Елімізде агробанк құру мәселесі 10 жылдан бері үлкенді-кішілі жиындарда көтеріліп келеді. Жақында Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының ұйытқы болуымен осы тақырыпты қаузаған жиын өтті.
Басқосуға қатысушылардың пікірі бір арнада тоғысты. Мұндай мамандандырылған банк халықаралық тәжірибеде бар. Алысқа бармай-ақ іргедегі Ресейде 2000 жылдан бастап филиалдық желісі құрылған «Россельхозбанк» ауылдағы шағын және орта бизнеске несие, 3-7%-бен ипотека, мемлекеттік бағдарламалар аясында фермерлерге жеңілдетілген несие береді. Қытайда 1953 жылы 320 миллион клиентке қызмет көрсететін The Аgricultural Bank оf China мамандандырылған ауыл шаруашылығы банкі құрылды. Қазір активтері жөнінен бұл банк жүйесінде төртінші және таза пайда бойынша 7-орында. Он шақты жыл бұрын ол жаһандық жүйелі банктердің қатарына кірді. Одан басқа Түркияда, Өзбекстанда, Белоруссияда, Қырғызстанда агробанктер жұмыс істеуде.
– Ауыл шаруашылығының негізгі қолдаушысы – аграрлық банктер. Сондай банктері болғандықтан көрші мемлекеттер 4-5 жыл бұрынғы кездегі жағдаймен салыстырғанда көш ілгері дамып кетті. Агробанк құруды 30 жылға кешіктірдік. Қытайдың үлгісіндегі банкті елімізге қолайлы көреміз. Өйткені ол мемлекеттің банкі шаруаларға жан-жақты жағдай жасайды, мүмкіндіктері көп. Оқу ордасында ауылдың, шаруалардың балалары оқиды. «Ауыл» партиясы – басты қолдаушыларымыздың бірі. Саяси ұйымның өңірдегі филиалымен әрдайым бірлескен дөңгелек үстелдер, кеңестер өткіземіз. Партия мүшелері қатарында ауыл шаруашылығы саласында ысылған кәсіби мамандар баршылық. Олардың қандай модельмен бизнестерін дамытып отырғандары туралы ашық әңгіме, қызықты таныстырылымдарын студенттеріміз тұшына тыңдайды, – деді университеттің ғылым жөніндегі проректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Шәмшіден Әлжан.
«Ауыл» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мына тау биік Әнесовтың айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасында Қазақстанда агробанк құру мәселесі көрсетілген. «Парламент Мәжілісінің кезекті сессиясында партия атынан Жигули Дайрабаев бұл мәселені көтерді. Агробанк құру жөнінде заң жобасы бар. Осы жобаны ел арасында талқылаудамыз. Неге агробанк құруды ұсынып отырмыз? Дамыған мемлекеттердің барлығында мұндай мамандандырылған банктер жұмыс істейді. Агробанктің алдына қойған мақсаты – ауылдағы шағын кәсіпорындарға, шаруашылықтарға қолжетімді несие беру. Шаруа қожалықтарына, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілерге екінші деңгейдегі банктерден несие алу қиынға соғады. Оның үстіне несие пайыздары тым жоғары. Талап етілетін құжат та көп. Қазақстан аграрлы дамыған ел болатын болса, агробанкті құру мәселесі күн тәртібінен түспейді. Бұл – партиямыздың ұстанымы. Жаңа банк құруға қарсы шығушылар аз емес. Қаржы институты 100% мемлекеттің меншігінде болуы тиіс. Агробанктің құрылуы нарықтағы қаржылық құрылым-ұйымдардың табысын азайтатын секілді, сондықтан олар мұны құптай қоймайды», – деді Мынатаубиік Әнесов.
Жиынға қатысушылар «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» сынды квазимемлекеттік қаржы институттары арқылы берілетін несие көлемінің аз, жеке банктердің аграрлық саланы қаржыландыруға құлықсыз екенін айтты. Банктердің кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген несиелерінің негізгі көлемі құрылыс, сауда салаларына бағытталған. Солай бола тұра олар аудандардағы бөлімшелерінде шаруалардың, шаруашылықтардың есепшоттарын жүргізіп, пайда табады.
– Жеке банктерден несиені 6-7 жылға 22%-бен алып жүрміз.
Ауыл шаруашылығы саласында ондай қысқа мерзімде өтелетін жоба жоқ. Сондықтан агробанк құрылып, несиені ұзақ мерзімге, төмен пайызбен беретін болса, нұр үстіне нұр емес пе?! Қазір шаруалар несие алу үшін 30-дан астам құжат жинайды. Бүгінде саланы қаржыландыратын қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттен жылда бөлінетін қаржыны бір жерге топтастыратын, мемлекеттік агробанк ашқан тиімді. Банк шекара бойындағы ауылдарды қаржыландырса дейміз, – деді аталмыш партияның облыстық филиалының төрағасы Темірғали Ескендіров.
Басқосуда агробанк құрудың ауыл-аймақты дамытуға септігін тигізетіні, жұмыссыздықты азайтатыны, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға ықпал ететіні сөз болды. Бәрінен бұрын мұндай банктің елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаруашылықтардың тірлігіне қуат беретіні, урбанды тірлікке тоқтау салатыны сөзсіз.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»